Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Мінбер » «Мемлекет басшысының тапсырмасы басты назарда»

«Мемлекет басшысының тапсырмасы басты назарда»

Мұрат ҚАДЫРБЕК, Жетісай ауданының әкімі:

Жетісай – Өзбекстанмен шекаралас, шаруашылығы дамыған ауданның бірі. Ауылшаруашылық өнімдері алыс-жақын шетелдерге жиі экспортталуымен ерекшеленеді. Жайылымның аздығына қарамастан, мал шаруашылығында да даму бар. Осындай үлкен ауданға әкім болып тағайындалғанына көп бола қоймаса да Мұрат Қадырбек мырзаның қорадаланған мәселені шешудегі қадамы қуантады. Біз мұны жуырда мақталы өңірге жасаған іссапар кезінде, әкіммен болған әңгіме барысында байқадық.

– Мұрат Болатұлы, еліміздегі жол сапасына қатысты Президент айтқан сын мен тапсырмадан хабардар боларсыз. Осыған байланысты ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы басты назарда. Қасым-Жомарт Кемелұлының сыны тікелей бізге қатысты айтылмаса да, алдағы уақытта ондай кемшілікке жол бермеуіміз керек. Рас, жол мәселесі бүгінгі таңда өзектілігін жоймай отыр. Ауданда республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар көлік жолдарының жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды құрайды. 1179 ішкі көшелердің ұзындығы 899 шақырым. Олардың 227 шақырымына шағал тас төселген болса, 11 шақырымы топырақ күйінде жатыр. Биыл 38 көшеге орта жөндеу, 24 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4 көшеге аяқ жол салу жұмыстары басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

«Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Асықата кенті, Қазыбек би, Өркенді елді мекендеріндегі 62 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісай қаласындағы Ескендіров, С.Қожанов, Т.Дайрашев, Т.Рысқұлов, С.Ерубаев көшелерінде қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбалары мен 11 жерге жаяу жүргінші өткелдері таңбаланды.

Жол қозғалысын реттеу мақсатында былтырдан бері тоғыз көше қиылысына бағдаршамдар орнатылды. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 21 шақырымды құрайтын бір аудандық маңызы бар автомобиль жолы мен 30 көшеге орта жөндеу және 34 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал облыстық бюджет есебінен жалпы ұзындығы 82,2 шақырымды құрайтын 165 нысанға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

– Дарияның жағасында орналасқан ауданда ауыз су мәселесі қалай шешілген?

– Аудандағы бір қала, бір кент және он бір ауылдық округтегі 113 елді мекеннің бүгінгі таңда 103-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оларда ұзындығы 951 шақырым қолданыстағы су құбыры бар. Сондай-ақ, 96 дана ауыз су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш, санитарлық қорғау аймақтары жұмыс істеп тұр.

Тұрғындарды 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2019-2021 жылдарға облыстық және республикалық бюджеттен қаралған қаражатқа бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, былтыр облыстық бюджеттен Мақталы елді мекеніне, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында бір қала мен он алты елді мекенге  ауыз су ұңғымасы қазылып, ауыз су жүйелері мен «Мембрана» су тазартқыш қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жетісай топтасқан су өткізгішіне қосылған Жылы су, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс, Әл-Фараби елді мекендерін сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы нысанына қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Өзбекстан мемлекетіне көрші отырғандықтан, көгілдір отынға қатысты күрмеулі мәселе жоқ шығар?

– Иә, табиғи газға қатысты мәселе ауданда шешімін тапқан деп айта аламыз. Дегенмен, әлі де атқарылар жұмыстар жоқ емес. Биыл 2021 жылға өтпелі болған екі нысанның құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Байқоныс елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жүйесінің және әл-Фараби елді мекеніндегі газ өткізгішінің құрылысына бөлінген қаржы игерілді. Нәтижесінде жыл соңына дейін екі елді мекендегі 4021 тұрғын табиғи газбен қамтылады. Оған қосымша Қызылқұм ауылдық округіндегі 17, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 4, Абай ауылдық округіндегі 2, Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі 1 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Осылайша тағы 21392 тұрғынның көгілдір отын қызығын көретін күні таяу. Сонымен қатар, Мақталы ауылдық округінің 4 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құжат әзірленуде.

– Жарықсыз отырғандар жоқ шығар…

– Аудан аумағында жарықсыз, қараңғы қапаста отырған ауыл жоқ. Ендігі жерде жаңадан түскен көшелерді жарықтандыруымыз керек. Талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Атамекен ауылдық округіндегі 5 елді мекендегі жаңадан түскен көшелерге электр желілерін жүргізу және КТП орнату үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Соның арқасында жыл соңына қарай бұл ауылдардағы 247 отбасы үздіксіз электр көзіне қосылады.

Жылы су ауылдық округіндегі Жылы су, Баққоныс, Байқоныс елді мекендеріндегі жаңа құрылыстарда электрмен жабдықтау желілерін салу және КТП орнату құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін сараптама қорытындысы алынды. Құрылысқа қаржы бөлдірту үшін облыстық салалық басқармаға ұсынылды.

– Өзіңіз білесіз, Жетісай ауылшаруашылығы дамыған аудан. Пандемия дала жұмыстарын ұйымдастыруға кері әсерін тигізіп жатпаған болар?

– Әрине, сақтық шараларына айрықша мән бермей болмайды. Карантин талаптарын толықтай орындай отырып, әр шаруашылық өз жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді. Бізде жыл сайын өнім көлемі ғана емес, сапа да артумен келеді.

Былтыр ауданда 78,5 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 126275 тонна мақта, 28019 тонна дәнді және бұршақты дақыл, 2650 тонна картоп, 72481 тонна көкөніс, 406920 тонна бақша және 46368 тонна мал азықтық дақылдардан өнім алынды.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнімнің көлемі 65 млрд. теңгеден асты. Биыл да көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 43 мың гектардан астам жерге мақта, 22 мың гектарға бақша, 6,8 мың гектарға мал азықтық, 2,5 мың гектарға көкөніс және басқа да дақылдар егілді. Ерте егілген қырыққабат дақылының өнімін жинау да аяқталуда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сай ауданда жыл сайын бір алқаптан 2-3 өнім алу әдісі үрдіс алып келеді. Мәселен, 2019 жылы шаруалар 745, 2020 жылы 959 гектар алқаптан 2 рет өнім алған болса, биыл оның көлемін 1100 гектарға арттыру үшін жұмыс жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рахмет! Табысты жыл болғай!

     

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика