Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Текеметті түрлендірген аналар

Текеметті түрлендірген аналар

Үшінші қала мәртебесін алған мегаполис шаһар ежелден өзінің ұлттық болмысымен, қолөнері мен рухани ерекшелігімен үлгі. Атаның өсиетін, ананың қасиетін жоғалтпай, ғасырлар бойы жеткен құндылықтарымызды құрметтеп қана қоймай, келер ұрпаққа аманаттаушы шеберлерге де кенде емес. Осындай қолөнершілердің бірі – бір әулетте жарасымын тауып,  ынтымағы артқан Күләш Айдарбекова мен келіні Мадина Ахметова. Енелі-келінді шеберлер өткен аптада «Алтын орда» көркемсурет галереясында киіз басудың жасалу жолы мен гобелен тоқудан шеберлік сағатын өткізді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған мазмұнды шараны қаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы өткізді. Шеберлік сағатта киіз басу өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдіс-тәсілдері, түрлері және олардың атауларының маңызы айтылды. Киіз басудың дәстүрлі әдістерінің негізін сақтай отырып, заманауи киіз басу ерекшелігі дәріптелді. Шеберлік сағатқа жастар белсене қатысып, ұлттық қолөнерге қызығушылықтары артып, рухани азық алды.

Отбасының ұйытқысы Күләш Айдарбекова он саусағынан өнер тамған, ұлттық өнердің қыр-сырын жетік меңгерген маман. Шебердің «Күнбағыс», «Әжемнің портреті» атты шығармалары күнгей жұртшылығына кеңінен танымал. Қызы Венера да тоқыма тоқудан алдына жан салмайды. Оның «Үш ару» және «Киелі орынға сапар» атты төл туындысы мамандардың жоғары бағалауына ие болып, көрермен көзайымына айналған бұйым саналады. Күләш апайдың келіні Мадина да кілем мен гобелен тоқудың хас шебері. Қолданбалы өнерді жаңғыртушы отбасы өздерінің шығармашылығына негізінен табиғат пен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды арқау етіп келеді.

Күләш апай мен келіні Мадина белгілі қолөнершілер отбасы Бейсбековтер әулетінің мүшесі болып танылады. Шеберлер әулетінің өз қолымен қалаған «Алтын орда» көркемсурет галереясына енгеннен-ақ ұлттық әлемге енесіз. Қазақы нақыштағы киімдер еріксіз көз тартып, киізден жасалған бұйымдардың түр-түрі менмұндалайды. Күләш Өсерқызының қолынан шыққан текеметтердің ою-өрнегі өзінше бір әлем. Гобелен техникасында қолөнер шебері бес жылдан астам уақыт сурет салып келеді. Бұл өте қиын, төзім мен шығармашылықты талап ететін қолөнер түрі. Бір суретті кілем тоқып шығу үшін суретші жарты жылға дейін бас көтермей, тоқудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, жұмыс істейді.  Ұлттық туындыны заманауи үлгімен қайта жаңғыртқан шеберлердің еңбегі инемен құдық қазғандай. Келешек жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру үшін ұлылығымыздың белгісіндей болған төл өнеріміздің орны ерекше.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика