Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Мінбер » Басшыларды «Приораға» отырғызса…

Басшыларды «Приораға» отырғызса…

Осыдан бір ғасыр бұрын, яғни Кеңес үкіметі құрылғанда, тіпті Ұлы Отан соғысынан кейін де ауданды, облысты басқарған аталарымыздың ауылдарды атпен аралағанын білеміз. Ол кезде қазіргідей шалғай ауылдардан мәліметті жылдам алатын мүмкіндік те болмады. Солай болса да көштен қалған жоқпыз. Бірде бір адам жұмыссыз болмайтын. Жалақы уақтылы беріледі. Жолдың, тұрғын үйлердің сапасы өте жоғары еді. Бір ғана және ең басты мәселе – орталыққа тәуелді болдық. Енді, міне, Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл. Өзіміз таңдаған нарықтық экономика халықты бай мен кедей етіп екі топқа бөлді. Өкініштісі, жыл өткен сайын бұл екі топтың арасы алшақтап барады. Біреулер кекірік атып, қызыл мен қара уылдырықты да таңдап жейтін дәрежеде болса, енді бірі қара нан мен қара шайды қанағат тұтуға мәжбүр.

Алғашқы ойымызға қайта оралайық. Ат мінген немесе ескі көлікті де місе тұтқан басшы аталарымыздың кезінде жол, тұрғын үй секілді маңызды құрылыстардың сапасы қандай еді? Кеңес Одағының «көзін көргендер» сапа жайын әліге дейін аузының суы құрып айтады. Ал шетелдің қымбат көлігін тізгіндеген қазіргі шенеуніктердің кезіндегі құрылыс, жалпы, жұмыс сапасы қандай? Екеуінің арасы аспан мен жердей? Неге? Осы сауал соңғы кезде көп адамды ойландырып жүргені анық. Соның бірі Созақ ауданының тумасы Абай Нұғманов өзін толғандырып жүрген мәселе бойынша былай дейді: «Кезінде әжептеуір қызметтер атқардық. Ағаларымыз секілді ат мінгенім жоқ, бірақ алпысыншы жылдары ат мінгеннің шетін көрдік. Өзімнің мінгенім Газ-469 машинасынан әріге аспапты. Ол кездері директорлардың мінетіні сол еді ғой. Ауылдарды «Зилмен» де араладық. Ауданның бірінші басшысы әрі кетсе ескі «Волга» мінетін. Сонымен де талай жұмысты тындырдық.

Қазіргінің әрбір ауыл әкімі жаңа Ниваны тізгіндеп алған. Оны үйі мен жұмысының арасына, аудан әкімдігіне жиналысқа барғанда ғана мінеді. Ал енді аудандағылар анау-мынау көлікті місе тұтпайды. Құдды бір құны 15 миллион теңгеден кем болмайтын көлік мінуді басты мақсаты етіп алған секілді. Қымбат көліктерді күтіп ұстау да қымбатқа түсетіні түсінікті. Мәселен, аудан басшыларының мінетін көліктерінің көпшілігінің қозғалтқышының күші 3-3,5 кубтан кем емес. Бұл, біріншіден, жанар майды көп шығындаса, екіншіден, салығы да жоғары болады. Қосалқы бөлшектері де арзан тұрмайтынын айтудың өзі артық. Мұның барлығына жеке қалтадан емес, мемлекеттің қазынасынан төленеді. Осынша шығын шығарып, қымбат көлік мінбей, арзанын алса болмайды ма? Мәселен, Ресейдің «Приора» секілді арзандау көлік пайдаланса неге болмасқа?

Тағы бір қынжылтатыны, басшылардың көпшілігі ол көлікті жұмысына ғана емес, үй шаруасына, отбасының, бала-шағасының мұқтаждығы үшін пайдаланатындар жоқ емес. Мұның барлығы мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашу емес пе? Сондықтан менің айтарым, аудан мен облыс деңгейіндегі басшылардан бастап барлық халық қызметкерлерін «Приораға» отырғызу керек. Жанар-жағармайды аз шығындайды, салығы да төмен. Қосалқы бөлшектері арзан. Алда-жалда шенеуніктердің арасынан «Джиппен» жүргілері келгендер болса, өз қаржысына сатып алсын да пайдалана берсін. Жанар-жағар май шығынын да өзі төлесін. Сол кезде халықтың жағдайын түсінетін, ойлайтын болар».

Абай мырзаның пікіріне қосып-аларымыз жоқ. Қарапайымдылық – адамгершілікті ұмыттырмайтын асыл қасиет қой. Ал, қымбат дүниелер адамның тәкаппарлығын оятады. Ал, тәкаппарлық өте жаман қасиет. Сондықтан, оқырманның бұл ұсынысын да ой елегінен өткізген артық болмаса керек.

Ұ.ҮМБЕТ.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика