2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел әбігерге түсті. Жағдайды Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тікелей бақылауда ұстап, барлық өңір әкімдіктері, тұтас қазақ елі жұмыла көмектесудің арқасында бұл мекен қысқа уақытта қалпына келді. Бүгінде Арысқа мамыражай тіршілік қайта оралған. Ал, елдің үрейін ұшырып, дүрбелең туғызған оқиғаны тұрғындар бүгінде естелік етіп айта бастады. Екі жыл бұрын болған оқиғаны қаз-қалпында хатқа түсірген оқырман жазбасы бізді бей-жай қалдырмады. Шынайы өмірді боямасыз суреттеген жергілікті тұрғынның естелігін тарихи оқиғаның бөлшегі ретінде өздеріңізбен бөлісіп отырмыз, құрметті оқырман!
Бұл біздің гүрсілдеген дауыс пен жарылыстан пайда болған бұлт торлаған аспан астында оянған алғашқы күніміз емес еді. Шымкентке баруым керек. Диплом алдым, енді жұмысқа тұрғым келеді. Ағам да сол күні анамды қалаға апарып, қыдыртамын деп отырған.
Бір көзім жұмулы, бір көзім ашулы сәкіде ояндым. Жанымда күнге қақталып, пыс-пыс етіп сіңлім жатыр. Боянып жүрмін. Кенет тарс еткен дауыс тыныштықты бұзып, қалғып отырған қалпымнан селт еткізді. Қарасам, ағамның жуынатын бөлмеге жаңадан салған есігі қисайып, құлайын деп тұр. «Дүлей жел соғып кетті ме екен?» деп қиғаштай ашып, сығалап қоямын. Жоқ, тым-тырыс, күн әдеттегідей қайнап тұр. Мұнысы несі? Отырып, бір көзіме енді линзамды таға бергенде анам хабарласты. «Қызым, дереу сейфтегі құжаттарды сөмкеңе жинап, сыртқа шық» деді. Ештеңе ойлап үлгермей, қолым дір-дір етіп, құжаттарды жинап, аяғыма ілінген резеңке шәркейді сұға салып, сыртқа атып шықтым. Тапшанда оянған сіңлім көзі дөңгеленіп аспанға қарап ол отыр…
Сағат 9:33. Жай күндері мұндай уақытта көше өлі күйде болатын. Ал қазір бәрі абыр-сабыр. Бәрі көз алдымда. Аспан көк түтін. Әскери қоймадан тағы бір оқ дәрі жарылғаны айдан анық. Бұрын да мұндайдың бірнешеуін көргенбіз. Қалтамнан ұялы телефонымды алып, бейнежазба түсірдім. Сол кезде әлгі бомбаның екіншісі жарылды. Соққының қаттылығы соншалық, телефоным қолымнан түсе жаздады. Көрші Күлімхан апайдың терезесі қирап түсті. Қорқыныш, үрей…
Сағат 9:37. Апайдың «қашыңдар» деген жан дауысы шықты. Қайда қашарымызды анық білеміз, қырға қарай. Себебі бір жылдары да кешқұрым осындай жарылыс болғанда көршілерімізбен барып қырға түнегенбіз. Сіңлімді жетектеп, қырға қарай беттедік. Көрші үйге қыдырып келген әскери қызметкер күйеубаласы бар. Ол осы әскери қоймада жұмыс істейтін, ол да қашса демек бірнәрсені білгені. Қолында 6 айлық қызы, жанында келіншегі, жанталасып жүгіріп барады. Оның артында иығына асынған сөмкесі, жетектеген баласы, кейбірінің аяқ киімі де жоқ бір көшенің тұрғындары. Жартысында үй киімі, жартысында жұмыс киімі. Қиын-қыстауда адамға отырған ұясы да, жиған-терген аз-кем дүниесі де керек болмай, жан сауғалап жүгіре береді екен. Шыжып тұрған күн де жығылған үстіне жұдырықтай. Арыстың ортасынан көш көрінді, ол жылжыған сайын лек-лек халық қосылып келеді. Жаңа ғана бір көшенің адамдары бес минутта жүз, тағы бес минутта бес жүз болып көбейе бастадық. Арасында сонау, қаланың бас жағындағы вокзалда істейтін қызметкерлер жүр. Олар қашаннан жаяулатып қашқан? Жұмыс киімдерімен, аяқтарындағы биік өкшелі аяқ киімдерімен жүгіріп барады. Ешкім күннің ыстығына шағымданып жатқан жоқ. Әншейінде дүкенге жұмсағанда күн ыстық деп барғысы келмейтін сіңлімнің де үні шықпайды. Алғашында «бомба ғой кәдімгі» деп ойлағанымызбен, аспаннан снарядтар түсіп, адамдар жүгіріп бара жатқан жерге бұршақша борап жатқанын көргенде «соғыс па екен?» деп те ойладым. Қашан, қай жерде снарядтың төбемізден түсерін білмей, арқамызда егіліп жылап келе жатқан әйелдердің даусына да мән бермей, өзімді жанымдағы жақынымның өміріне жауапты екендігімді ойлап, байбаламға жол бермедім. Артымызға қарау мүлде қорқынышты, қаладан түк көрінбейді, қара түтінге оранды. Ішіндегі адамдар тірі ме екен? Қайсысы қайда барып бас сауғалады? Неге вертолеттер жібермейді? Өміріміз осы жерде біткені ме?
Жанның тәттілігінен көшедегі көліктерге жабысып жатырмыз. Тіпті, топырақ жолмен жүгіруге мүмкіндік жоқ. Машиналар зуылдап басып кетердей ызғып барады. Жаяу жүргіншілер жапандағы жалғыз топырақ жолмен қаша алмай, теректей өскен тікен шөптердің арасымен жүгіруге мәжбүр. Аяғымыз тілім-тілім, барлығы жалаңаяқ сүйретпемен шыққан. Үйлердің сақырлап түскен терезелерінің даусы, әр снаряд ракеташа ұшып келіп, жерге түсіп жарылып, жан-жағын өртеп жатқан жантүршіктірер көрініске ешкім сабырлы қарап тұра алмас. Снаряд жерге түскен сайын жұрттың үрейі ұшады. Қарай алмаймын, қарасам да көз жетпейді, бір көзімде ғана линза, басым айналды. Таңертең оразамызды да ашпағанбыз, тамақ кеуіп барады. Бір күрішке су болса, 25 адам болса да бөлісіп ішер едік. Дәл осы сәт сіңлім екеуміздің жанымызға бір снаряд гүрс етіп құлады. Қорыққаннан екі аяғым жүруден қалып, қимылдар емес. Тізем бүгілмейді. Енді жаңағы топырақ жолмен ағылып жатқан көліктерді жанұшыра тоқтата бастадым. «Тым болмаса сіңлімді ала кетіңізші, кіп-кішкентай ғой» деймін. Сіңлім қолымдағы сөмкемді алды, өзі тастай ауыр. Кейіннен білсем, құжаттармен қоса інімнің рефераттарына дейін салып алған екенмін…
Сағат 12-лер шамасы. Әйтеуір бір жанашыр жан тоқтады-ау. Арқасында үш баласы бар екен. Қысылып-қымтырылып отырып алдық. Жай күндері таксиде бір адам артық болса отырмай қоямыз емес пе? Көлікке отырған соң анама, жеңгеме, ағама хабарласа бастадық. Бірі де тұтқаны көтермейді, ішім алай-дүлей. «Олар жоқ болса қалай өмір сүремін?» деп өксіп жылап жібердім. Бір кезде туыстарым хабарласа бастады. Бомбаның жарылып жатқанына бақандай екі жарым сағат болыпты, біздің де жаяу жүгіргенімізге сонша уақыт өтіпті. Біз, жарайды, көлікке отырдық, әлі де көшеде жаяу жүргендер, жасы келген әжей, атайлар қаншама?! Сүйектері сырқырап жүгіре алмай келеді. Ата-анасына сырғатылып ілесе алмай келе жатқан бүлдіршіндер қаншама?
Осы сәт ағам телефонын көтеріп, амандығын білдірді. Анам мен әкем жанында, біз жүгірген қыр-саймен қашып келеді екен. Қала әлі жарылып жатыр екен, түгі қалмаған болар, сірә. Мектебім, мен өмірге келген перзентхана, тірнектеп жиған мүлкіміз, бір аулада өскен итің мен сауын сиырың, мысығыңа дейін ойлап, ішің алай-дүлей болады екенсің. Кішкентайларымыздың үлкенін жеңгеммен бірге «Камазға» тиеп алып кетіпті. Ал, кішкентай бір жасар қызы көршімнің қолында аманатта кетіпті, қайда екені белгісіз. Ал, інім ше? Өзі кішкентай болса да базарға барып, дөнер сатып, еңбектеніп жүретін. Қай бұрышта қалды екен, аман ба екен? Ең қиыны – жақындарыңның тірі, не өлі екенін білмей, жан-жағыңа жәутеңдеп, телмірген екен.
Тас жол Шымкентке алып келді. Кешкі сағат алтылар шамасында жеңгем мен баласы келді. Үсті-басының сау-тамтығы қалмаған – май, топырақ, күл. Көше қаңғыбасы халінде дерсің. Балабақшада таңғы асын ішіп үлгермеген үш жасар інім жол бойы жыламай, бәрін үлкендерше түсініп, жарылған снарядтарды «қызықтап» келіпті. Ақмешіттің алдында еріктілер берген бір бөлке нанның үзімін жегіздік. Біздің тамағымыздан нәр өтпейді. Аналарымыз неге әлі жоқ? Оларды неге алып келмейді?
Сағат 20:30. Анам келді. Шымқаладан жіберілген автобустардың біріне сығылысып мініп келіпті. Түгелміз бе? Жоқ, інімнен хабар болмады. Жарығым, қай дөңкенің үстін паналап отыр екен деп ойладым. Кейін білдім, ол сағат үштер шамасында анама хабарласып, «сіздер әлі Арыстасыздар ма, мен Қазығұрттамын, шәй ішіп отырмын» депті. Кішкентай бір жасар сіңліміз болса көршіміздің қолында – Сарыағашта екен. Үй ішімізбен аман қалғанымызға қуанғанымызбен, бәрібір аядай Арыстың адамдарының бәріне алаңдайды екенсің. Жаныңды түгелдеп болған соң малыңды ойлайды екенсің. Бір кредиттен кейін екіншісін алып жүріп салып бітірген үйіңді қимайсың. Айналамызда қиналғанда шын ниетпен қол ұшын созатын жақсы жандар көп екен. Соған көзіміз әбден жетті…
…28.06.2019 жыл. Үйге кіріп, шамшырағымызды жаққан сәтте ғана ары қарай өмір сүруге деген үміт пайда болды. Үйіміздің шатыры орнында, қабырғасы қалпында. Тек, есік алдындағы тапшанда мен жуып, кептіруге қойған жайтабан аяқ киімнің орнында бөтен біз өкшелі сұр туфли тұр. Рақмет!
Үйге келген кездегі естіген жаға ұстатар жаңалық – көршіміз Бахытқан ағай жойқын жарылыс болса да үйінен кетпей, қорасындағы сиырларына жем-суын беріп жүріпті. Адамдар қандай, ә?
Саба Лақ.