Шардара ауданы Түркістан облысындағы туризмді дамытуға бірден бір қолайлы аймақ саналады. Туризмге керекті су, орман, құм, тау – бәрі кездесетін шағалалы қаланың бүгінгі тыныс – тіршілігі де өзіне жараса дамып келеді. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы Шардара мен бүгінгі Шардараны салыстыруға мүлде келмейді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы да Шардараның бүгінгі кескін-келбетінен көрініс тапқандай. Қаланың көркіне көрік қосуына аудан мен қала басшыларының іскерлігі де өз септігін тигізіп отырғаны анық. Елбасы өз Жолдауларында еліміздегі моноқалаларды дамытудың түрлі жолдарын ұсынғаны белгілі. Жергілікті тұрғындардың Шардараны болашақтың, жастардың қаласы деп жүргені де соның арқасы болса керек.
Өткен аптада біз аталмыш шаһарға барғанда әкім Ережеп Бекет мырзадан қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беруді сұрадық. «Біздің басты мақсатымыз Шардараны жасыл желекті қалаға айналдыру, – деді Ережеп Құдайбергенұлы. – Ол үшін тынбай жұмыс атқаруға тура келуде. Жыл сайын қаншама көше жөнделіп, аяқ жолдар төселуде. Көшелер абаттандырылып жатыр. Жаңадан үйлер салынып, ескілері жөнделіп жатыр. Биылдың өзінде қаладағы Қазыбек би мен әл-Фараби көшелеріндегі көпқабатты үйлердің шатырларын ауыстырып, сырттарын әспеттеу жұмыстары жүргізілуде. Қаланың құрылғанына 50 жылдан асса да мұндай ауқымды жұмыс ешқашан жүргізілмепті. Қаншама көшеге гүл отырғызылып жатыр. Осының барлығы қаламыздың көрікті болуы, тұрғындардың өздерін еркін сезінуі үшін жасалуда. Өздеріңіз білесіздер Шардараны туризмнің орталығына айналдыру жоспарымызда бар. Алыс-жақыннан саяхатшылар келгенде әдемі қаланы көргені дұрыс емес пе?
Дей тұрғанмен әттеген айлайтын тұстарда жоқ емес. Біздің осындай жұмысымызға қала тұрғындары да көмектессе дейміз. Көмектескенде гүл егіп, ағаш кесіп бер демейміз. Тек сол бар нәрсенің сақталуына кедергі келтірмесе. Малдардың таптап, жеп кетуіне жол бермеуге көмектескені керек.
Рас, қалада мал ұстайтындар көп. Кейде сол сиырлар мен жылқылар көшеге шығып кетіп жатады. Бұл біріншіден жол ережесінің қауіпсіздігіне әсер етеді, содан соң олар жоңышқа ма, басқа ма қарамайды жей береді. Осы жерде тұрғындар өз малдарына иелік етсе деген ұсыныс-тілегімізде жоқ емес.
Қазір заң талабы бойынша қалаға кіріп, шөптерді таптаған малдар уақытша қамау қолға алынып жатыр. Жергілікті полиция қызметкерлері малдарына иелік етпегендерге айыппұлдар салуда. Біз сондай келеңсіздік пен түсініспестік болмауы үшін әркім өз малына иелік етсе дейміз».
Иә, Шардара қаласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алда талай ауқымды жобалар тұр. Бірақ қаланы көріктендіру әкімдердің ғана жұмысы деген жаңсақ ойдан аулақ болған дұрыс. Қай қаланы болса да көрікті етіп, жасыл желекке айналдыру әрбір тұрғынның міндеті екенін есте сақтау керек.