Ерман БЕКМҰРАТОВ,
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
«Әуелі экономика, содан кейін саясат» ұстанымын басты бағыт етіп алған еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеді. Осы мақсатта талай мемлекетік бағдарламалар мен жобалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Оның ішінде әсіресе, Елбасы, Тұңғыш Президент Н. Назарбаев пен Президент Қ. Тоқаев әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлу керектігі бойынша Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында міндетті тапсырманы әрдайым жаңғыртып келеді. Нәтижесінде жергілікті өңірлерде әлеуметтік сала бойынша ілгерілеушілік байқалады. Тұрғындар саны милионнан асқан Шымкент қаласында да аталмыш бағыт бойынша жұмысты үйлестіру соңғы жылдары жүйеленген. Нақты ұстаным мен мемлекеттік саясаттың бағдары арқасында мегаполис әлеуметінің де әлеуеті айтарлықтай жоғарылап келеді. Осыған орай Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратовпен арада болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— Ерман Нұрланұлы, әлеуметтік сала дегенде алдымен осал топтағы азаматтар ойға оралатыны белгілі. Бүгінде қалада мұндай азаматтар 150 мыңнан астам екен. Оларға көрсетіліп жатқан көмек қай деңгейде?
— Аталған санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау және оңалту шаралары көрсетіліп келеді. Оның ішінде ардагерлер мен осал топтағы азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша тиісті шаралар легі толастаған емес. Қаланы қазір 82 124 зейнеткер мекендесе, оның 21-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 3384-і тыл еңбеккерлері. Оңтүстіктің өзге аймақтардан ерекшелігі, бала санының көптігінде екенін ескерсек, қалада көп балалы аналар саны 46 333-ке жетті. Оның 10 261-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 794 және мүгедектігі бар 576 бала, сондай-ақ, Үкімет қаулысымен бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын 490 бала бар. Оларға мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы тиісті көмектер көрсетілуде. «Халықаралық әйелдер күніне» орай көпбалалы аналардың әрқайсысына 14 585 теңгеден әлеуметтік көмек төленді. Ұлыстың ұлы күнінде әскери қызметшілердің отбасыларына, ал, жетім балаларға қаржылай әлеуметтік көмек төленді. Сондай-ақ, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік төлем төленіп, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден табысталды. Тыл еңбеккерлеріне 119,6 млн. теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді. «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне» мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiн құрбандарына, саяси қуғын-сүргiннен зардап шеккен 1326 адамға әлеуметтік көмек берілді. «1 маусым – Балаларды қорғау күнінде» он сегiз жасқа дейiнгi мүгедектігі бар 5 671 балаға 14 585 теңгеден әлеуметтік көмек төленді.
— Мұқтаж жандарды, оның ішінде мүгедектер мен ардагерлерді қаржылай әлеуметтік қолдаудан бөлек, сауықтыру шараларын ұйымдастыру да маңызды. Бұл жағы қалай жүзеге асырылуда?
— Бұл мақсатта 3 санаторийлық-курорттық мекен жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «Денсаулық», Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы», Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайларына 6174 ардагер мен зейнеткерді орналастыру қарастырылған. Аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсарту мақсатында қаламызда «Асыл жүрек» орталығы қызмет көрсетуде. Орталық тарапынан жыл басынан бері 182 зейнеткерге 1 ай көлемінде денсаулықтарын сауықтыру, спортпен шұғылдану, шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетілуде. Осы топтағы азаматтарды толығымен жоғарыда аталған қызметтермен қамтамасыз ету үшін алдағы жоспарымызда Абай, Еңбекші, Қаратау аудандарында ұқсас орталықтар ашу көзделіп, келер жылға бюджеттік өтінім дайындалуда.
— Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар да халық санының тығыздығына байланысты аз емес екендігі белгілі. Олардың әлеуметтік сұранысы қалай қанағаттандырылуда?
— Жыл басынан бері түскен өтінімдерге сәйкес 36 969 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 7,3 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында 12 888 көп балалы аналар, 2460 барлық топтағы мүгедектер, 264 зейнеткер мен 1205 мүгедек балалар бар. Халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында жыл басында «Халықты жұмыспен қамту орталығы» 4 ауданға бөлініп, қызмет көрсетуде. Әрбір орталықтарда «Өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ, аталған қызметті электронды үкімет порталы арқылы да көрсету мүмкіндігі бар. Осы көмекті алушылардың ішінде 1-6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету көзделген. Есепті кезеңге «Грамад» сауда орталығы арқылы 125 688 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды.
— «Аш адамға балық емес, қармақ бер» демекші, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік төлемнен өзге жүзеге асырылып жатқан арнайы жобалар бар ма?
— Әлбетте. Бүгінде мұқтаждардың тұрмысын жақсарту үшін тек қаржылай қолдау жеткіліксіз. Саладағы жағдайды жақсарту мақсатында басқарма тарапынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 59 759 еңбекке қабілеттілер, жүгіну мезетінде жұмысы барлар, жұмыссыздар, бала күтімімен айналысатындар және басқалар да бар. Бүгінде 875 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде 493 адам мемлекеттік грантқа ие болып, 310 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, 61 адам қоғамдық жұмыспен, 10 адам жастар практикасымен және 1 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылды.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы жол картасы шеңберінде өткен жылдың маусым айынан «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау» орталығы қызмет көрсетіп жатқанын да айта кету керек. Орталықтың негізгі функциясы мен міндеті – отбасыларды қолдау мақсатында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік саладағы кешенді бағдарламаларды жүзеге асырады. Бүгінгі таңда қаланың 2 аймағында орталық филиалдары бар. Яғни Абай және Әл-Фараби ауданы тұрғындары үшін бір орталық, Еңбекші және Қаратау ауданы тұрғындары үшін екінші орталық ашылып, техникалық базамен толығымен жабдықталып, жұмыс жүргізіп келеді. Орталықта аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, түрлі деңгейдегі азаматқа қызмет көрсетіліп, ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, «Еqov.kz» порталынан қызметтер алу мәселелері бойынша көмек көрсетілді. Топтық бизнес-тренингтер өткізіліп, көпбалалы аналарға өз кәсібін игеруге барынша қолдау көрсетілуде.
— Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету қалай жүргізілуде?
— Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 36 928 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Мемлекеттік қолдау ретінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардан протездік-ортопедиялық көмекке және техникалық көмекші құралдарға 2238 өтініш қабылданып, 439 адам қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 3329 өтініш қабылданып, 2908 адам қол жеткізді. Мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 258 өтініш қабылданып, 161 адам қамтылды. Бұдан бөлек, жеке көмекші, ымдау тілі мамандары 1865 азаматқа қызмет көрсетсе, 3882 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 1480 азамат бұл мүмкіндікке ие болды.
Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көмегі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін арналған «Әлеуметтік такси» қызметі де көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жолдамалар берілуде. Әлеуметтік портал мен электронды санды кілтпен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғимараттарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған және басқарма қызметкерлері әр адамға жеке көмек беруде. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Нәтижесінде 13 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолданып, 2 адамға мемлекеттік грант берілсе, 11 адам жастар практикасына, 154адам қоғамдық жұмыс орындарына, 78 адам тұрақты жұмыс орындарына, 6 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды.
— Әңгімеңізге рақмет! Мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтарға деген қамқорлықтарыңыз жалғасын таба берсін!
Сұхбаттасқан, Л. Қалшабекқызы.