Қуаңшылық – экологиялық апаттың басы

Малдан ажырасақ, ауыл қазағы барынан ажырамақ

Биыл жылдағыға қарағанда күн ыстық. Кейбір мәліметтерге сүйенер болсақ, мұндай жағдай соңғы 50 жылда бірінші рет қайталанып отыр екен. Ауа райының қолайсыздығынан талай адамның қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсті. Күннің ыстығынан бөлек, желді дауыл да адамдарды әбігерге салуда.

Табиғаттың бұлайша құбылуының адамдарға әсері қандай? Бұл туралы редакцияға хабарласқан отырарлық Бекбатыр Әйменов (суретте) былай дейді:

«Биыл күннің ерекше ыстық болып жатқаны рас. Адамдар шыдайды, суға түседі, салқынды саялайды, әйтеуір амалын табады. Ал малдарға қиын болғалы тұр. Күн ыстық, жаңбыр жоқ. Әр күні соққан аңызақ жел жерді құрғатқандықтан, шөп қурап кетті. Білмеймін, шаруаның ендігі жайы не болмақ? Адамдар жоңышқаның әр бумасын 1000-1200 теңгеден алқаптың басынан алып кетіп жатыр. Дала шөбі де қымбат. Алдағы уақытта баға бұдан да көтерілуі мүмкін. Себебі мал көп, шөп жоқ. Жоғарыдағылар ертерек бір амалын қарастырмаса, алдағы қыста мал басын күрт төмендетіп алу қаупі бар. Қорадағы малдың құнсызданғанын сол кезде көреміз. 1969 бен 1993 жылдың қысында бір танаға немесе екі қойға бір қалта ұн сатқанды көріп едік. Қазақ малынан айырылса қымбатшылықтың көкесі сол кезде болады.

Біз бұл жағдайға тек қуаңшылық деп қарамауымыз керек. Ғалымдар мұны 50 жылда қайталанатын экологиялық апат дейді. Оған еліміздегі үздіксіз ұшырылып жатқан зымырандардың әсері бар екені айтпаса да түсінікті. Сол зымырандар мен сынақтардың қазаққа пайдасынан гөрі зияны көп болып тұр.

Аға буынның есінде болса, 1969 жылы да осындай жайт орын алған болатын. Ол кезде Үкімет «Ил 82» ұшағымен шөп шашып, шаруаға көмектесті. Сондай қамқорлық жасағанның өзінде сол жылы Отырар ауданындағы 650 мың бас қойдан көктемге 125 мыңы ғана аман шықты. Яғни бес есеге азайып кетті. Қазіргі әкімдер «мал сенікі, қыстан аман алып шығуға өзің қамдан» деп қамсыз отыра берсе таңқалмаймыз. «Сойыл соғылса, сорлыға тиеді» демекші, мұндайда алдымен сорлайтын шаруа болмақ.

Елу жылда қайталанатын мұндай көріністі аталарымыз «Шошқа  шыңғыратын жыл» деп атаған екен. Соған қарағанда тек мал емес, әлі шошқаның да жанұшыра шыңғырғанын еститін шығармыз. «Жұт жеті ағайынды» деп бекер айтылмаған. Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазірден қам жасамасақ, келер жылдары тіпті, тамақ табудың өзі мұңға айналуы ғажап емес. Ол кезде де бірінші қиналатыны – қара халық екенінде дау жоқ.

Мал қазір бағасын ұстап тұр, күзге қарай құлдырауы мүмкін. Өйткені, шөп аз, шаруа үшін мал сатып алғаннан сату тиімді. Естеріңізде болса, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында өзбекстандықтар қорадағы төрт түлігін мәжбүрлі түрде жаппай сатқан болатын. Енді керісінше жағдай орын алмаса игі еді. Малдан ажырасақ, ауыл қазағы барынан ажырайды емес пе?! Қауіптің алдын алу үшін Үкімет дұрыс қадам жасап, қолдауын аямауы тиіс.

Шаруа үшін сәуір жаңбырының маңызы орасан. Бірақ, биылғы сәуір құрғақ болды. Бүгінде жасым жетпістен асса да мұндай құрғақ сәуірді көрмеппін. Жаздағы ыстық та желтоқсан мен қаңтар айларында керісінше жағдайда көрініс беріп, қыс суық болуы мүмкін. Бұл малын күнкөріс көзі етіп отырғандар үшін өте қиын болмақ. Азық-түлік бағасы да күрт көтеріліп кетті. Әйтеуір, қайырын берсін, Жаратушыдан жақсылық, жеңілдік тілейміз».

Б.Әйменов ауылда тұрғанымен көпті көрген, көп оқитын, оқымысты қария. Бірнеше кітаптың авторы. Өзінің халыққа пайда әкелетін тың ойларымен облыс пен қала басшыларының алдында талай болған. Ендеше, көпті көрген қарияның ескертуіне немқұрайлы қарамай, бір нәтиже шығарған дұрыс. Апат айтып келмейді. Бірақ қазіргі жағдай айтып қана қоймай, айқайлап тұрған секілді. Тек соны еститін құйма құлақ болса екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған