Бүгінгі дәуір, қоғам беталысы дәстүрлі журналистиканың болашағына үлкен сұрақ қойып тұр. Ол – мерзімді басылымдар ғана емес, жалпы БАҚ саласының келешегіне қатысты. Журналист мәртебесі қайтсе көтеріледі? Жастардың салаға деген қызығушылығы, оның ішінде газет журналисі болуға құлшынысы неге төмендеді? Олардың жұмыспен және баспанамен қамтылуы, қоғамдық мәртебесінің айқындалуы туралы айтылар әңгіме де осы сұрақ төңірегінде өрбиді. Біраздан бері айтылып жүрген бұл өзекті мәселелер туралы сала мамандарының пікірі қандай?
«Журналистер мәртебесін заңмен бекіту керек»
— Бүгінгі журналистиканы өткен ғасырдың, тіпті осыдан 20 жыл бұрынғы журналистикамен салыстыру қиын. Қазір сала жедел қарқынмен дамып келеді, — дейді А. Ясауи атындағы ХҚТУ «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі. — Ілгеріде журналистердің фельетондарынан, сын мақалаларынан партия дер кезінде қорытынды шығарып, талданып жататын еді. Қазір ақпарат алдыңғы кезекке шығып, көптеген жанрлар қажетсіз болып қалды. Кеңес дәуірінде Киров атындағы ҚазМУ-де және Қарағандыда, яғни іргелі екі жоғары оқу орнында ғана журналистер даярланатын еді. Соның өзінен республикалық басылымдарға жететін мамандар шығатын. Ал, қазір қалай? Жастардың «Бала күнімнен газет-журналға материал жариялап тұрдым» деп келуі өте сирек жағдай. Мұның себебі, газет оқымайды, телеарнаны сирек қарайды, радионы тыңдамайды десек те болады. Осының салдарынан 4 жыл бойы білім алмай-ақ журналист болуға ұмтылушылар, яғни, блогерлер қаптап бара жатыр. Тіпті, оқудың керегі не, былай да жаза беремін дейтін сыңаржақ пікірдегі блогерлер бар. Талапкерлердің тоқсан пайызы тележүргізуші болып, экраннан көрінгісі келетінін айтып келеді. Бұл жақсы тенденция емес. Нағыз журналистер тасада, олар көзге түсе бергісі келмейді. Мысалы, мүйізі қарағайдай басылымдарда жұмыс істейтін белгілі қаламгерлердің аты-жөнін білгенмен, өздерін танымаймыз.
Бір кездері телевизияға құмарлық басым болса, қазір интернет жаулап алып, медиакеңістікте блогерлер патшалық құрып жүр. Жергілікті билік пен басқа да сала өкілдері қолында дипломы бар, оқыған журналистке қарағанда соларға көбірек иек артып, марапаттайды. Бұл да төртінші билік өкілдеріне деген көзқарасты білдіреді. Сол үшін журналистер мәртебесін заңмен бекіту керек сияқты. Бір кезде одаққа мүше болған азаматқа пәтер берілгенде міндетті түрде бір бөлмені шығармашылық жұмыспен айналысу үшін қоса беретін. Қолында куәлігі бар азамат қоғамдық көлікте еркін жүріп, кез-келген мекемеге жұмыс бабымен кедергісіз кіре алатын. Қазір мұның бірі де жоқ. Көпшілік журналистерді сыйлай бермейді, жастар сонда бұл салаға не үшін қызығады? Кәсіптік бағдар саласы бойынша оқу орнында жастардың мамандық таңдауына мониторинг жүргізгенімізде гуманитарлық саланы таңдаушылардың өте кеміп кеткендігін байқаймыз. Барлығы дерлік физика, химия, географияны таңдауда, — дейді Б. Сәрдәлі.
«Ақпараттық саясатты жүзеге асырудың
жаңа формаларын іздеген жөн»
Ал, «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, белгілі журналист Айдар Құлжановтың ойынша, журналистердің жалақысының аздығы, олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалмағаны, ешқандай статусқа ие еместігі жиі айтылғанымен, мемлекет әзірге бұл мәселеге назар аудара қойған жоқ. Мұның салдары журналистиканың абырой-беделін төмендетіп, дарынды жастар бұл салаға келмейтін болып барады.
— Жан-жақты сапалы білім алған, шет тілдерін еркін меңгерген, халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүрген шын дарынды балалар көп. Бірақ, соның қайсысы журналистика мамандығына оқуға түсіп жатыр? Қайсысы осы салаға келуге ынтызар болып жүр? Қайсыбір жылдары «Алаш айнасы» газетінде жұмыс істеп, өткір, сапалы материалдарымен танылған Құбаш Меңдіғалиев дейтін жігіт АҚШ-тағы әлемге әйгілі Джордж Вашингтон университетінің докторантурасын тәмамдап қайтты. Сондай мықты маман елге келген соң жалақының мардымсыздығына байланысты журналистиканы тастап, өзге салаға ауысып кетті.
Ауырлау болса да айтайық, қазір қазақ журналистерінің көбінің кәсіби деңгейі – қазақ футболшыларының кәсіби деңгейімен қарайлас. Тек футболшылардың шеберлігі шамалы екені әр матч сайын көрініп қалады, ал, журналистердің біліксіздігі елеусіз қала береді. Он жылдан астам уақыт осы саланың «отымен кіріп, күлімен шыққан» адам ретінде айтайын, бұл проблема, әсіресе, өңірлерде өте өзекті. Не істеу керек? Біздіңше, үш мәселеге назар аудару керек: біріншісі – сөз бостандығы, ашықтық пен жариялылық, екіншісі – ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырысқа, саяси немесе корпоративтік топтардың демеушілігіне тәуелді болмайтындай қаржылық еркіндік, үшіншісі – журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл үш бағытта да бізде проблема жетеді. Ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы, шындық жоқ жерде оның орнын көзбояушылық, жасандылық пен жағымпаздық басып кетеді. Ал, кез келген ақпарат құралының ең басты капиталы не? Өз аудиториясының сенімі.
Қазір газет-журналдардың таралымы жылдан-жылға азайып барады. Тәуелсіз зерттеулер қазір шындықты шырқыратып айтады, сойып салады дейтін танымал телеарналардың өзіне тұрғындардың небәрі 30 пайызы сенетінін көрсеткен.
Мұның бәрінің түпкі себебі – интернеттің дамып кетуі, адамдардың оқымайтын болып кеткені емес, дәстүрлі БАҚ-тың өз аудиториясының сенімінен айырылып қалғандығы.
Кез-келген сала дамуы үшін оған қаржы дотация емес, инвестиция түрінде құйылуы керек. Қазір Қазақстандағы қай БАҚ-тың 5 немесе 10 жылдық даму жоспары бар? Біз білетін бірде-біреуінде ондай даму жоспары жоқ. Қазіргі ақпарат құралдары алдағы жартыжылдыққа жазылымды ұйымдастырудың, одан қала берсе, тендердің ақшасын игерудің қамымен жүр. Бүйтіп бір күннің, бір жылдың қамымен жүрген жерде даму болмайды. Даму болмаған жерде кері кету басталады. Не істеу керек? Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың жаңа формаларын іздеген жөн. Басқаша айтсақ, мемлекеттік тапсырысты тек имидждік материалдарға ғана бөлуді доғару керек. Осы елдің, қоғамның, белгілі бір өңірдің немесе саланың өзекті проблемаларын ашып көрсеткен, тиісті органдарға орынды сын айтып, мәселені шешудің жолын іздеген сараптамалық мақалалар, терең және сапалы журналистік зерттеулер жариялағаны үшін БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыс аясында қомақты қаржы төленуі тиіс. Және оның бағасы сайттардың бәрі бір-бірінен көшіріп басатын екі абзацтық сүйінші хабарлардан әлдеқайда қымбат болуы тиіс. Яғни, бұл жерде идеологияға жауапты органдар «Дос жылатып айтады» дейтін қисынды басшылыққа алуы тиіс. Тіпті, БАҚ-ты мемлекеттік тапсырысқа таңып қоймай, оны қаржыландырудың басқа бір жолдарын, механизмдерін қарастыратын уақыт жетті.
Ең маңызды мәселенің бірі – журналистердің біліктілігін арттыру. Қазір мемлекет мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Ал, қатардағы журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға мемлекет көңіл бөліп жатыр ма – жоқ, жұмыс берушіміз ше – оған да біздің кәсіби тұрғыда өскенімізге, тіл үйреніп, білімімізді жетілдіргенімізге қарағанда, қазір жұмыс істеп, бүгін әжетіне жарағанымыз маңызды. Сонда қалай, мына ақпарат ғасырында бұл қоғам мен мемлекетке білікті дәрігер мен мұғалім, полицей мен мемлекеттік қызметкер керек те, білікті, шебер журналистер керек емес пе? Олай болса, қазақ журналистерінің біліктілігін арттыру, жалпы ұлттық журналистиканы дамыту ісі де мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Осы бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданса да артықтық етпейді. Міне, саладағы осындай жүйелік проблемалар шешілсе, журналистердің әлеуметтік жағдайы да жақсарады, абырой-беделі мен мәртебесі де артады. Әйтпесе, журналистің жалақысын 20-30 пайызға көбейте салып, артынан оған форсалды түрде статус бергеннен мәселе шешіліп, жағдай оңалып кетпейді, — дейді Айдар Сайлауұлы.
Саланың қайнаған ортасында жүріп, «жілігін шағып, майын ішкен» мамандары осылай дейді. Ал, айтылған пікірлердегі мәселелердің дұрыс шешімін табуы уақыт еншісінде болып тұр.