Делдалдар туралы ел ішінде неше түрлі алыпқашпа әңгімелер көп-ақ. Соның бірінде былай дейді. Көпір салған бір бай адам ертеңіне қызметшісінен бұл көпірден ең бірінші болып кім өткенін сұрапты. Таң қараңғысында бір ит өткенін естігенде: «Мейлі, ол да бір Алланың жаратқан мақұлығы ғой. «Ит – жеті қазынаның бірі» дейтініміз тағы бар. Бәрінен бұрын хайуанның арамы доңыз бен адамның арамы делдал өтпегеніне шүкір», – депті деседі. Шамасы, базарға үйірімен мал айдайтын бай апарған малдарын діттеген бағаға өткізе алмай, делдалдарға қатты қапа болып жүрсе керек. Бір отырыста делдалдар туралы әңгіме болып, сөзге Шадымат інім араласты:
– Қайсыбір жылы досым Дастанмен бірге мал алу үшін Төрткүлдің мал базарына барған жайымыз бар. Діттеген малымызды арзанырақ алу үшін, алдымен сол жердегі делдалмен оңашалап «жақсылап сөйлескенбіз». Бізге қандай мал керек екенін тәптіштеп сұрап білген ол көп кешікпей бір бұқалаш сатып тұрған адамға ертіп әкелді де, екеуміздің де қолымыздан ұстап тұрып, көкейіндегі нарықты айтты. Оған мал егесі көнбеген соң, бағаны үстемелеп қайта айтты. Бірақ мал егесі бұған да көнбеді. Ендігі айтылған нарыққа мен көнбедім. Әйтсе де менің қолымнан жібермей тас қылып мықтап ұстаған делдал бағаны үстін-үстін көтерумен болды. Бұл енді мүлде қисынға келмейтіндей нарық болатын. Мені мазақ қылғандай болғанына шыдамаған мен қолымды жұлқып босаттым да теріс бұрылып кеткен едім. Бір кезде артымнан келген әлгі делдал бір тірлікті бітіргендей күліп:
– Сен ештеңені де түсінбедің-ау шамасы. Ол адам барып тұрған қырсық екенін сездім де, мен оны «шәңгекке отырғызып кеттім» емес пе?! Енді базар тарқағанша ол сорлы манағы менің айтқан аспандағы бағамды армандап отыра береді. Ақшаға шынымен зәру болса, базар соңында ғана райдан қайтады. Сондықтан асықпаңдар, қаласаңдар басқа малды көрсетейін, – деген еді. Ойпырмай десеңші, делдалдардың ерекше психолог болатынын кім біліпті. Шынында да базар тарқап жатқанда қасымызға келген алғашқы мал иесі бұқалашын арзан бағаға беретінін қайта-қайта айтумен болды. Алғашқы қарқынынан қайтып, сүмірейіп қалған жанға не дерсің. Бірақ бұл кезде біз алатын малдарымызды алып қойған едік, – деді делдалдар өмірінен сыр шертіп.
Осы кезде менің де есіме 1957 жылы болған бір оқиға оралды. Аулымызға келген құдаларды сол кездің дәстүрі бойынша бүкіл әулет кезекпе-кезек қонаққа шақырып, танысу рәсімі болып жатқан. Бұндай құдалық ең кемі екі-үш күнге созылатын. Ертеңіне, яғни жексенбі күні «өшірет» бойынша құдаларды шақыру кезегі біздің үйге келді. Кешегі келген құдалардың ішінде жүрген бас құда – қыз әкесінің жоқ болғанына түсінбей қалған Ыса көкеме әкем Баймұса сыбырлай сөйлеп:
– Ол құда мал базарындағы танымал делдал ғой. Ондай кісілер үйі өртеніп жатса да базардан қалмайды. Атына мініп кеткен бұл құда да базар тарқаған соң келеді, – деген еді таңқалып тұрған інісіне. Құдалар кеткесін, делдалдар туралы айтқан Айтуған көкеміз:
– Тәшкенттің маңындағы «Шымыр базарына» үйірімен мал, бір отар қой айдаған атамыз 1890-жылдар шамасы болса керек, қасындағы малшыларымен ерте көктемнің салқын жаңбырында үстерінен су өтіп, әбден жаурапты. Бұны көрген сол жердегі қазақ делдал базардағы өз шайханасына апарып, киімдерін ауыстыртып, бауырмалдық танытыпты. Атамыздың ештеңеге аса мұқтаж еместігін біліп, «Ай, айналайын бауырым-ай! Осынша мал сені ештеңеден тарықтыра қоймас еді ғой. Мына төлдеп жатқан малдардан обал болды ғой, ерте көктемнен ентелейтіндей басыңа сонша не күн туды?», – депті ұялтып. Бұл кісінің кеңпейіл, иманды адам екендігін байқаған атамыз бар малының саудасын осы кісіге тапсырып, өзі Тәшкенттен керек-жарағын алуға кетіпті. Бұл делдал малдарды атамыздың ойлағанынан да жоғарыға «дөң саудамен» сатып, алтын теңгелері мен пұлын қолына ұстатыпты. «Сіздің де қолыңыз құры болмасын», – деген атамыз оған қомақты сый жасапты. Содан бері атамыз жыл сайын Тәшкенге мал айдағанда әлгі делдалды іздеп шығады екен. Әдетте қойлары екі-үш отар болған байлар олардың жайылымы мен қысқы жем-шөбін ойлап, Шымкент пен Тәшкеннің базарына отар-отарымен қой, үйірімен жылқы, табынымен сиырын айдаған ғой. Осы жерден мал алуға Тәшкен мен Самарқан, Бұхара, Әндіжан, Хиуа жағынан келген өзбектер сауда жасайды екен. Олардың да өздерімен бірге ертіп жүретін жылмақай делдалдары бар деседі.
Оқырмандарымызды бұл саланың да әрқилы әдіс-тәсілдерінен, қазіргі делдалдар өмірінен хабардар ету үшін базарға арнайы барған жайым бар. Шымкенттегі мал базары батыс аумақтағы орыстар зиратының жоғарғы жағына көшіріліпті. Жылқылар сатылатын жағына барсам, ығы-жығы сығылысқан малдан ішке қарай өту әсте мүмкін емес. Кейбір асау жылқылар кісіней аспанға секіргенде қасындағыларды жазым етер-ау деп қорқасың. Егер әлгі малдардың бірі аяғыңды басып кетсе, сау қалмайтының ақиқат. Әйтсе де сол малдармен иық тіресе сығылысып, пісте сатып жүрген әйелдерді көргенде «Астағфируллаһ» дедім-ау олардың қайсарлығына тәнті болып. Базарға келгендердің барлығы дерлік қонышты етік, қалың шалбар киіп алған. Мен сияқты туфли кигендердің малдың малағына белшеден бататыны ақиқат. Амалсыз шетте тұрып, жылқы саудасының аяқталатынын күтуге тура келді. Базар соңына қарай діттеген малын ойындағы бағаға алып, көңілді келе жатқандарды да, ұнжырғасы түсіп кеткендерді де көріп тұрмын. «Шамасы малын арзан бағаға сатуға мәжбүр болса керек», – дедім ішімнен. Көп ұзамай жылқы малының танымал делдалы болған, Темірланның қасындағы Аманкелді ауылының тұрғыны, базардағылардың ішінде «Ашок» атанып кеткен Құрманбеков Асылханға жолығудың сәті түсті. Менің делдалдар туралы білгім келетінін естіген жас жігіт біраз күліп:
– Ой, көке-ай! Біздің жұмысты көп адамдар түсіне бермейді ғой. Кейбір адамдар делдалдарды «алаяқ, сөзінің тұрағы жоқ жылпос» деп тыржиса, енді біреулері келіп көмек сұрап жатады. Мал танитын болғандықтан, оларға қандай мал керек екенін алдын-ала сұрап аламын. Біреулерге бордақылау үшін арықтау мал керек болса, енді біреулерге соғымға семіз мал керек. Әдетте ақ түсті жылқы мен байталдардың салмағы аз болады. Солтүстік жақтан және Ресейден әкелінген жылқылардың еттерінің дәмі онша тәтті болмайды. Бордақыланған жылқылардың тастаған тезегіне қарап-ақ оның қандай шөп, қандай жем жегенін және қанша елі қазы, қанша келі ет беретінін кесіп айта аламын. Өйткені, сабан мен кебек жеген малдың еті жеңілдеу, әрі онша дәмді бола бермейді. Ал құнарлы шөп пен бидай жеген жылқының еті ауыр да тәтті болады. Байталдар мен тай құнандардың еті жұмсақ болатыны баршаға аян болса керек. Мал танымайтын адамға діттеген малының сырын айтып, базардағы еттің құнына қарай нарық шығарамын. Бар мәліметке қанық болған алымсақ та, мал иесі де мен айтқан осы бәтуаға тоқтайды. Кейбір пысықайлар базарға ерте келіп, асығып тұрған мал иесінен арзаныраққа жылқы алып, оны осы жерде үстеме бағамен қайта сатады. Бір жолы «табан елі қазысы бар» семіз қара айғыр қолдан-қолға өтіп, бір базарда үш рет сатылған жайы бар. Мен ешуақытта арымды сатып, «пайда тауып қалайын» деп өтірік айтқан емеспін. Өйткені, отбасым мен бала-шағамды арам аспен тамақтандырып, олардың келешегіне нұқсан келтіргім келмейді. Алымсақ пен мал иесінің ризалықпен бергенін қанағат етемін. Қазіргі уақытта қой базарында делдалдық етемін. Себебі атам да, әкем де шопан болғандықтан және өзім де кішкентайымнан қой арасында өскендіктен ұсақ малдан ұзап кеткім келмеді. Саулық малдарды бір көргеннен-ақ олардың буаз немесе қысыр екендігін ажырата аламын. Қошқарлардың да жасын бұлжытпай анықтап, қанша келі ет беретінін де тап басып айта аламын. Бір жолы көрші қазықтағы делдал «семіз» деп буаз саулықты сатқанын көріп, қатты қынжылсам болар ма. Ол малды алған жас жігіт, оған сою үшін керек болғанын алдында айтқан. Ал бұл болса онымен тіпті де ісі жоқ. Бұл құрсақтағы қошақанның обалы мал танымайтын жас жігітке ме, әлде біліп тұрса да ләм демей сатқан делдалға ма? Малға жаным ашыса да өзгенің ісіне араласа алмай қиналған жайым бар аға, – деген еді бар сырын айтып. Сөйтті де есіне әлдене түскендей бір күліп алып, әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Менің жеті-сегіз жасар кезімде Мелдехан туысқанымыздың отарына әкем Несіпбекпен бірге барғанымыз бар. Мелдекең үйінде жоқ, совхоз орталығына әлдебір шаруасымен кеткен екен. Ол кісінің бір туысқаны өзінің дәу қошқарын бұлардың отарына әкеліп, қосып тұрған жайы бар екен. Сейсенкүл жеңешеме қарап, «Жеңеше, мына қошқар күзге дейін бес-алты ай сіздердің отарыңыздың ішінде жүре тұрсын. Қолымда малым болмағандықтан бұның жалғыз өзін қайда апармақпын. Сойып алуға кеше ғана бір жілік жылқы етін алған жайымыз бар еді, – дей келе, Мелдекеңнің баласы Ерболға көзінің астымен қулана бір қарап алып: «Жеңеше, бұл қошқар жыл сайын егізден төлдеп жүрген жануар. Сондықтан, оның туған қошақандарына көздеріңді қадаушы болмаңдар», – деді пысықтап. Оның әзілдеп тұрғанын мен қайдан білейін. Ол кісінің сөзіне күле қарап бас изеген Сейсенкүл жеңешеме де түсінбей:
– Қошқарлар тумайды ғой! – дедім шыр-пырым шығып.
– Оттама! Бұл жыл сайын егізден екі рет туып жүрген ерекше қошқар, – десе болар ма әлгі кісі мені аң-таң қалдырып. Сөйтсем, ол кісі барлық ісін әзілмен тындырып жүретін адам екен ғой. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүреді» дегенді осы күндері ғой біліп жүргеніміз, – деген еді мені де күлдіріп.
Шынында да мал ішінде жүрмегеннен кейін, олардың сырын біле бермейтініміз де ақиқат қой. Сондықтан кімнің болмасын базардағы сатушы мен алымсақтың ортасында жүретін делдалдарға жүгінетіні рас. Тек олардың иманды, әділ сөйлейтініне кезіктіргей деп тілейміз баршаңызды.