Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әдебиет — ұлттың рухани ұстыны» атты әдеби басқосу өтті. Іс-шараны кітапхана ұжымымен бірлесе Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды.
Тағылымды шараға ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Бақыт Беделхан, Сатыбалды Дулати, сондай-ақ жергілікті қаламгерлерден Мархабат Байғұт, Момбек Әбдіәкім, Нармахан Бегалыұлы, Шымкент қаласының «Рухани жаңғыру» мекемесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева қатысты. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан іс-шараны ашып, мақсатына тоқталды. Бұдан кейін басқарма төрағасы Жазушылар одағының мүшелігіне Шымкенттен жаңадан қабылданған қаламгерлерге мүшелік куәлікті табыс етті.
Жиынға Жазушылар одағымен әдеби, рухани, мәдени тығыз байланыс, елімізде, оның ішінде Шымкент қаласындағы әдебиеттің даму көкжиегі, руханиятымыздың жаңғыруы, әдебиеттегі бүгінгі жас толқынның аяқ алысы мен әдеби жаңалықтар арқау болды. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелердің ұлттық әдебиетте көрініс табуы туралы сөз қозғалды. Қатысушылар мақалада айтылған жеті қазынаның бірі – жылқының қасиеті туралы қазақ әдебиетінде сөзбен салынған суреттер, шығармалардың тағылымды мазмұны зор екеніне тоқталды. Тәкен Әлімқұловтан бастап қаншама қаламгерлер «ер қанаты — ат» туралы толғанысты шығармаларды дүниеге әкелгенін ортаға салды.
Жиында осы шараны ұйымдастырушы, ҚР Жазушылар одағы Шымкент филиалының төрағасы, әдеби кештен небәрі бір күн бұрын қапияда қаза тапқан журналист-жазушы Жеңіс Баһадүрді қаламгерлер тебірене еске алды. Жазушы өз шығармаларында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған қызғалдақ гүлі туралы көп жазғаны, туған жер топырағы мен тау-тасын әрдайым қаламмен өрнектегені айтылды.