Туысқа тарта ма, әлде іскерге таңдау жасала ма?
Еліміз Тәуелсіздік алғалы сайлау туралы әңгіме әсте саябырсыған емес. Ауыл әкімдерінен бастап, аудан, облыс басшыларын, тіпті соттарды да халық сайлау керек деген ұстаным көптен бері айтылып келеді. Бірақ, енді ғана жүзеге аса бастады. Биылдан бастап ауыл әкімдерін, 2024 жылдан аудан басшыларын халықтың өзі сайлайтын болады.
Бұйыртса, осы жылдың 25 шілдесінде Қазақстан бойынша ауыл әкімдерін халық сайлайды. Бүгінде үміткерлер іріктелуде. Мұндай кезде жергілікті билік те қарап отырмай, үміткерлер арасынан өздеріне қолайлы адамдарды өткізуге тырысатыны түсінікті. Ал, бірақ бұған халық көне ме? Көпшілік бұрынғыдай жоғарыдағылар ұсынған адамға дауыс бере ме, жоқ елдің қамын ойлайтын азаматқа таңдау жасай ма? Тіпті екеуі де емес, әркім өзінің туысқанына бұра тартады деген жорамал шындыққа айнала ма?
Сайлау жақындаған сайын алыпқашты әңгімелер де көбейе түсуде. Соның ішінде «Ауыл әкімдерін халық сайласа, айрандай ұйып отырған елдің арасына іріткі түседі. Әркім өз туысын өткізбек болып, ауылдағы ағайын арасында дүрдараздық пайда балады», – деген мағынадағы болжамдар жиірек қозғалып жатқаны жайлы жел сөз көп. Ресми дерек бойынша Түркістан облысында 181 ауылдық округ болса, биыл ауыл әкімдерін сайлау 63 ауыл округінің 264 сайлау учаскесінде өткізіледі екен. Осыдан-ақ, науқанға қызу дайындықтың керектігі түсінікті болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет жүзеге асқалы отырған бұл сайлау науқаны қоғамда қызу талқыға түсуіне байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға маңызды мәселеге қатысты былай деді: «Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте бірқатар міндет жүктеді. Ел тарихындағы айтулы белес деп айтуға болатын тарихи маңызы бар саяси науқан – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізгенін білесіздер. Осы тұста өздеріңіздің, яғни ақсақалдардың ролі ерекше. Бұл сайлауда қолынан іс келетін, нағыз абыройлы азаматтар сайланса дейміз. Ауыл әкімі креслода отыратын адам емес. Ол бүкіл халықтың мәселесін жүгіріп жүріп шешетін өте жауапты, жанашыр азамат болу керек».
Биылғы ауыл әкімдерін сайлау науқанының «қызуы» шіліңгір шілденің аптабынан да ыстық болатын секілді. Біз мұны ауыл белсенділерімен болған әңгімеден кейін айтып отырмыз. Мәселен, Жетісай ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Мекенбай Атабаевтан сайлауға қатысты пікірін сұрағанымызда, ол былай деді: – Ауыл әкімдерін халықтың сайлауы әлдеқашан келуі керек еді. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Мен ел арасындағы сөздерді естіп жүрмін. Бірақ одан қорықпауымыз керек. Иә, бірінші сайлауда кей жерлерде қай ру көп болса соның өкілі өтетін шығар, бірақ барлық жерде солай болады деп айта алмаймын. Ондай әрекет дұрыс емес. Саны басым рудың өкілінен сайлануы қажет деп, іскерлік қабілеті төмен, жалқау адамды әкімнің креслосына отырғызуға болмайды. Алғашында мұндай келеңсіздік орын алса да уақытша құбылыс екенін ұмытпау керек. Өйткені, бұл халықтың өзінің ахуалына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер ететіні түсінікті. Сол себепті, келесі сайлауларда халықшыл үміткердің жеңіске жететініне сенімдімін.
Біз жақта «аудан басшылары праймеризден өте алмай қалған біреуді ауыл әкімдігіне ұсынып жатыр» дегенді естідім. Бұл енді қате. Праймеризде халықтың қолдауына ие бола алмаған адам сайлауда қалай қолдау табады деп ойлайды. Мен осы жайтқа байланысты аудан басшысына кіріп, пікірін білмекшімін. Егер рас болса, халыққа пайдасы жоқ, көпшілік қолдамайтын адамды тықпалауды қойыңдар деп ашық айтамын. Біреулерге шәй беретіндер мен жоғарыдағыларды жағалайтындар – өздеріне сенбейтіндер. Өзіне сенімді, ел үшін жұмыс істеймін деген үміткер біреуге бір нәрсе бермейді.
Негізі, көп нәрсе өзімізге тікелей байланысты. Бұрын сайлау басталар кезде шәй бергіштер, азық-түлік пен ақша таратқыштар көбейетін. Аузы майланған кейбір қариялар көпшілікті сол адамға дауыс беруге үндейтін, тіпті міндеттейтін. Сол жағдай биыл да қайталанбайды деп айту қиын. Қазірдің өзінде ауыл ішінде «кім шәйға шақырып, не береді екен» деп алақанын ысқылап жүргендер бар. Депутаттар сайланғаннан кейін өз шаруасымен кететін, оның халықпен жұмысы болмайтын. Бірақ әкім көппен бірге болу керек қой. Мысалы, мен өз руласымды әкімдікке өткізгенмен оның қолынан ештеңе келмесе не болады, елдің бетіне қалай қарамақпын? Сондықтан мен үшін әкімдікке туысқаным емес, халықтың қамын ойлайтын адамның келгені дұрыс.
Тағы бір айта кететін мәселе, біз сайлауды халықтың еркіне беруден қорықпауымыз керек. Демократиялық елде бәріне халық үстемдік етеді, бәрін халық сайлайды. Қажет болса бізде де аудандық деңгейдегі соттарды сайлауды халықтың таңдауына өткізген дұрыс. Сонда судьялар жоғарыға жалтақтамай, әділ шешім қабылдайтын болады».
Сонымен тұрғындар 25 шілде күні ауылына кімнің әкім болатынына таңдау жасайды. Бәлкім туысқанын, бәлкім халықшыл адам сайлауда жеңіске жетер. Бірақ оны қызметінен босату құқы кімде болады деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Халық өзі сайлаған адамын өзі жұмыстан босата ала ма? Бұл сұрақты біз Шардара аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай Бисембиевке қойдық. «Сайланған адам өзінің заңда көрсетілген мерзімін атқарады. Тұрғындардың оны жұмыстан босатуы заңда қарастырылмаған. Бірақ жұмыста жіберген кемшіліктері мен заңсыз әрекеттері үшін жоғары тұрған орган, яғни аудан әкімі оны жұмыстан босата алады. Содан соң бос орынға қайта сайлау белгіленеді», – деді төраға.
Иә, Мекенбай Атабаев айтқандай, әркім туысына дауыс беріп, ертеңіне осы әрекетіне байланысты бармақ тістеп қалмас үшін әзірден іскер адамға таңдау жасауға дайындалу қажет-ау.