Ауылдастарына шөп беріп көмектесуде

Биылғы қуаңшылықтың алдын алуды ойлаған Созақ ауданы, Қаратау ауылының тұрғындары алдағы қысқа қарқынды қаракетпен дайындық жасап, жаз ортасынан тынымсыз еңбекке көшкен. Мехнизатор Мұрат Амалбеков биыл да жылдағы кәсібіне шөп пісе салысымен кірісті. Ұлдары Олжас пен Серікті жанына серік етіп, шөп науқанының бел ортасы қос басында таң алакеуімнен тынымсыз тірліктің тынысын ашады. Ұлдары тіркемелі орақты, тракторды, шөп престеу, шөпті тайлау жұмыстарын атқара біледі.

Жастайынан әкелерінен көргенін істеген екі ұлан еңбекке әбден төселген. Дастархандағы нанның оңайлықпен келмейтінін білетін олар еңбектен қашқан емес. Алғашқыда жұрт жапатармағай кіріп жатқан өндіріс орындарына орналастыруға әрекет етіп көрмек болған. Алайда, еңбек етемін деген ынта, талабы бар адамға жұмыстың артық-кемі болмайтынын түсіне білген қос ұлан туған жер танабындағы тынымсыз тірліктен де береке табарын ұғына білді. Бұл бригаданың ауылдан 2 шақырым жердегі «Жайылма» жайлауының сазды шалғынды алқабына орақ салғандарына бірнеше күннің жүзі болды. Олар дер кезінде күйдірмей-жандырмай шөп қорын жасақтап алуды мақсат тұтып, уақытты ұтымды пайдаланып, білек сыбана еңбектенуде.

М.Амалбеков жетекшілік ететін бригада құрамында екі ұлынан бөлек механизаторлар Қалман Жорабеков, Өркен Жоламанов, Абзал Исмайылов шөп тасымалдап, артушылар Нұрхат Қошқарбаев, Думан Рысдәулетов, Асылжан Өзбековтер, қарауылдар Қуанышбек Мырзакерімов, Диас Төлегенов, Мұхаммедәлі Мұхаттар бірлесе, өндіре жұмыс істеуде. Бір-біріне ағайын-жекжат, бауыр-бажа болып келетін шағын ауылдың ынтымағын арттырып, бірлігін бекемдеп тұрған ырысты еңбектің арқасы. Бұл ауыл әкімдігі төңірегіндегі шөп оруға бейімделіп жасақталған  бригада ауыл әкімі Оразхан Ермахановтың ұйымдастыруымен қолға алынған игі бастама. Олар өздері дайындаған дала шөбінің бір данасын бар болғаны 250 теңге шамасында алдымен жергілікті халыққа, қала берді көршілес ауылдарға  сатуда. Бригаданың құрамында еңбекқор жұмыскерлермен қоса төрт трактор, екі ГАЗ-53 автокөлік, 1 пресс орайтын, 2 шөп оратын, 1 тырма сияқты ауылшаруашылығы техникалары жұмыс істеуде. Санамалап отырсақ, жаздың үш айы көлемінде оннан аса адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, өздері осы еңбектен отбасыларын толықтай асырап отыр.

Бүгінгі таңда тонналап жиналған мал азығы шашау шықпай жиналу үстінде. Біз егіс басында қас қарайғанша қарбаласта жүрген дала еңбеккерлерінің істеріне толайым табыстар мен мол ризық тіледік. Халқымызда «Көкше байлық үш айлық, үш айдан соң шошайдық» деген тәмсіл керемет айтылған. Осы үш айда жалғанды жалпағынан басып, аузына келген бағасын айтып, былайғы жағдайда халықтың қамқоршысы болып көрінгісі келетін, қолында билігі мен бишігі қатар жүретін кейбір көзқамандарға Мұраттың бұл қайырлы ісі өнеге болары анық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған