Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Қазығұрт бұлақтары – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Қазығұрт бұлақтары

Қазығұрт тауы екі өркештеніп созыла келіп Алатаумен қолтықтасып  жатыр. Қысы-жазы оның жылға-жылғасы, шатқал-шатқалы қаптаған мал болады. Бауыры жанға жайлы, малға сайлы. Қыс боранға тосқауыл болып, суық желдің өтінен қорғаса, жаз көлеңкелі сая болып, аңызақтан сақтайды. Әр жерден шоқпар тастардың жігінен аспанға шапшып атқан сұп-суық  мөлдір бұлақтар сылдырап ағып жатыр.

Не көрмеген бұл өңір? Ия, ол бір естен кетпес күндер еді ғой. Ел аузында аңыз боп қалған атақты мешін жұты көшпенді ауылдарға да ауыртпалық әкелді. Әр сайда қар басып жермен-жексен болған қыстаулар, атырабы қараң-құраңнан ада моладай мүлгіп тұр. Кәрі-жас күрең қабақ.  Бұрынғыдай біріне-бірі емен-жарқын тіл қатпайды. Ит екеш ит те абалаудан  қалған. Жан бағу қамымен жұрт біткен тұс-тұсқа жер ауып кеткен. Осы өңірдегі қалың елді бір тарының қауызына сыйғызған сол бір сұрапыл жылдар жөнінде көнекөздер айтқан тағылымды әңгіме бүгінгі жасқа ертегідегідей де әсер етпейді. Әлімнің келгенінше сол ата-бабаларымыздың жылдар перделеп тастаған алыс, ыстық бейнесіне аздап сәуле түсіруді мақсат еттім.

Қазығұртта сол аталарымыздың бейнесіндей Аманқұл бұлағы, Құлымбет бұлағы, Қотанбұлақ, Өмірбай бұлағы, Жылқыбай бұлағы деп аталатын су аттары көп-ақ. Қотанбұлақ Қазығұрт тауы жоталарының сілемейлерінде жайғасқан. Жан-жағында ағын су жоқ, шөлейт жерде. Шөл аймағында қандай шөп өссе, бұл жерде сол шөптердің барлық түрі бар. Қотанбұлақ жайлаудағы елдің жақсы бір қонысы болатын. Жауған қар ерте кетіп, жотадағы қарды боран ұшырып, жалаңаштанып қалады. Қыста мал қолға қарай бермейді, жонда өзі жайылады.

Бұлақтың екі жағын биік жүндес қара адырлар тау бесігі болып, қоршай біткен. Кейде тұтасып ұзын жол болып, кейде шошақ қара биік  болып кетеді. Айналасын жоталар қоршап тұрғаннан сай-салалары жылы қора сияқты. Сондықтан табиғи «қой қораның» Қотанбұлақ аталуы тегін емес. Ол қазақтың қасиетті сөзі сүтті, суы мол деген мағынаны білдіреді. Бұлақ бойының әр жерінде шоқталып өскен шілік тал, ұшқат пен мойыл ұшырасады. Беткейді ала қызыл күрең тобылғы, долана, бесқат сияқты бұталар мен сирек кездесетін адамға, малға, аңға өте пайдалы, кейде тікелей дәрі болатын неше түрлі өсімдіктер мен жабайы жемістер көп.

 

Төлеби ауданының Қаратөбе, Ақсу, Қара алма, Қара арша деген  жоталарында мәңгілік өмір нәрі, ерекше қасиеті бар арша өседі. Ол орман  іспеттес тұнып тұр.

Ел аузында осы қасиетті арша жөнінде мынадай аңыз бар. Лұқман хакім өмір бойы іздеп жүріп ақыры алып бір өлкеден адамға мәңгілік ғұмыр беретін зәмзәм суын тапқан екен. Хакім әлгі бұлақтан бір торсық су құйып алып, елге қайтады. Алыс жолдан аты болдырып, өзі әбден шаршап,  Қазығұртта бір бұтаның саясына келіп демалады. Торсықты ағаштың бұтағына іліп қойып, көлеңкеде басы жерге тиісімен қатты ұйықтап кетеді.  Сол мезетте қарағайдың басына бір құзғын келіп қонып, торсықты тұмсығымен шоқып,  тесіп тастайды. Хакім оянса, зәмзәм суы ағып кетіп,  сарқыны қарағайдың түбіндегі бір түп аршаға тамшылап тұр екен. Ел қамын  ойлаған жарықтық не де болса халқыммен бірге ішейін деп әлгі судан өзі де татып алмапты. Сөйтіп мәңгілік ғұмырдан адамзат мақұрым қалыпты. Бұл күнде құзғынның мың жасайтыны, аршаның мәңгі қурамай жап-жасыл болып тұратыны сол зәмзәм суының шарапаты деседі.

Иә, біздің Қотанбұлақтың суы да осы зәмзәм суынан кем емес қой. Суы тұнық, мұздай әрі дәмді. Ішсең шөліңді қандырады. Қайран уақыт, бір кезде осы Қотанбұлақта менің ата-бабаларымның құтты қонысы болған дегенге кім сенеді?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған