Тойханалар есігі қайта жабылды ма?

Адамзаттың коронавирус инфекциясымен күрес әлегі қашан аяқталады? Бұл сұраққа әлем ғалымдары бірлесіп әлі нақты жауап таба алмай отыр. Аурудың таралмауына бірден бір себепші – жаппай вакцина салдыру екені айтылғанымен, көпшілік бұған әлі бірдей мойынұсынған жоқ. Ал, вирусты инфекцияның белең алуы дүркін-дүркін бой көтеруде.

Өкінішке қарай, ауруды саясатпен байланыстырып, астарынан түрлі себеп іздейтіндер әлі де жетерлік. Ал, қашан да той жасаудан жаңылып көрмеген  қазекем мамыр мен маусым аралығында біраз қуанышты себеп қылып, «шаң қағып» қалды. Тойханалардың сыртында мүлгіген тыныштық орнағанмен, іші ду-думанға бөленгендері аз емес. Қазіргі жағдай қандай? Тойхана егелері мен той жасауға ниет еткен ағайынға шектеу бар ма?

Өткен айдың соңында ұлын үйлендіріп, той жасап алған кейіпкеріміз,  ордабасылық Ғ. есімді апай Темірлан тас жолы бойындағы тойханаларда дер шағында ағайын-жекжаттың басын қосып алғанына қуанады. Былтыр жазда беташар қылған әулет жыл бойы карантин шектеулерінен той жасай алмай,  биылға қалдырыпты. Қонақтарды тойхананың сыртқы есігінен кіргізіп, төрт-бес сағат бойы дүрілдеткен. Айтуынша, қуанышына елге белгілі шымкенттік  эстрада жұлдыздары келіп өнер көрсеткен. Тіпті, тойхананы тексеріп келген  құзырлы орын қызметкерлерін атақты жұлдыздың бірі сөйлесіп, кері қайтарыпты деседі.

Ал, биыл ұлын аяқтандырмақ ниетке мамыр айында бекінген тағы бір әулет мүшелері келін түсіруге арналған «тәтті шайын» ішкенде эпидемиялық ахуалдың қалыпты болғандығын айтады. Бірақ, арада бірер ай өткенде жағдай өзгеруде. Құдалармен уәделесіп қойған олар қазір тойхана іздеп сабылуда. Ал,  мейрамханалар шілде айынан бастап тапсырыс алуды тоқтатып отыр.

— Қала шетіндегі, Темірлан тас жолы бойындағы тойханалар бізге алыс болғандықтан, орталықтан тойхана іздедік. Әр орын 3,5 мыңнан басталып, 10 мыңға дейін бағаланады екен. Егер дайын дастарханға қонақпен бірдей барамын  десеңіз алты мыңнан жоғары, ал екі тамақ, үш немесе төрт салат қойып, қонақтарға қызмет көрсету құны 3,5-5 мың теңге аралығында. Тәуке хан  даңғылы бойындағы думанды орталықтың әкімшісі тапсырыс қабылдауға дайын екендігін, бірақ қонақтарға көлікпен келуге тыйым салатынын ашық айтты. Бұл ұсыныс бізге тиімсіз болғандықтан бас тартқан  едік. Кейін тойхана таппай қалдық. Ленгір қаласындағы тойхана әкімшілері де тексерістің қатаңдағанын айтып, алдын ала төлем алудан бас тартты. Біз осылай сабылып жүргенде құдалар жақтан да хабар келіп жетті. Тамыз айының соңында ұзатамыз деп отырған қыздарын шілденің соңына беретін болып шешкенін, ауылдарында тойхана мәселесі қиын болып тұрғанын айтады. Біз бұған  қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Болашақ келінді ел іші тыныш болып тұрған кезде босағадан аттатып алсақ дейміз. Беташарын өткізсек, тойды жыл соңына дейін  эпидемиологиялық жағдай тұрақталған замат өткізе береміз, — дейді таулы аудан тұрғындарының бірі А. Жұмабайқызы.

Мінекей, қазіргідей жаз мезгілінде тойшыл қауымның бар уайымы шақырылған қонақтардың алдында ұятқа қалмау болып тұр. Ал той жасамайын десе, ұл ержетіп, қыз бойжетіп тұр. Байқағанымыз, соңғы кезде қуанышты бөлісуге келген қонақтар саны барынша ықшамдалып, аз адамға ғана лайықталып жасалып жүр. Бұл той тойлаудан гөрі ой ойлауға көшкен халықтың менталитетінің өзгерейін дегені ме, әлде аз адамға ғана тапсырыс алуды діттеген тойхана әкімшілерінің талабы ма?

Осылайша шілдеден бастап тойханаға алдын-ала төлем жасап, келіскен күннің өзінде уақыты келгенде жағдай өзгеріп сала беруде. Тіпті қонақтарды сыртқы есіктен кіргізу былай тұрсын, көліксіз келсін деген мейрамхана әкімшісінің талабынан кейін той иелері арнайы спринтер автокөлігін жалдап, қонақтарды қоғамдық көлікпен тасымалдау сипатына көшуде.

Былтыр шілде айында белең алып, адамдар аурудан бас көтермеді. Ал,  биылғы шілдеде коронавирустан да қауіпті үнді штамы елімізде бой көрсете бастағаны туралы қауіпті ақпарат желдей есуде. Өткен апта дерегіне сүйенсек, Шымкентте эпидемиологиялық ахуал нашарлаған. Қалада ковид инфекциясын жұқтырған азаматтар саны бір күнде 100-ден асқан. Науқастарға мамандандырылған инфекциялық стационарларда дәрігерлер ем жүргізуде. Егу науқаны басталғалы барлығы 267 798 адам вакцина алған.

Айтпақшы, тойханалар есігі қайта жабылғанын уайымдап жүрген ағайын үшін жақсы бір жаңалығымыз бар. Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қазіргі жағдайда көпшіліктің ахуалын түсіне отырып, қазақ тойларын ұлттық ғұрыпқа сай өткізуді қолға алуда. Ең басты ерекшелік, мұнда карантин талаптары қатаң сақталады.

— «Shymkala» этноауылында думандар ашық аспан астында, шектеулі адам санымен өткізіледі. Ол үшін орталық қызметкерлері ақылы қызмет түрін  ұсынады. Яғни, фото-видео, асаба, лэд-экран қызметі екі жүз бен үш жүз мың теңге аралығында бағаланады. Бұдан бөлек, қонақтарға арналған тағамдарды «Кәусар» мейрамханасы ұсынады. Оны мейрамхана әкімшісімен біз арқылы сөйлесіп, келісуге болады. Бұл бұрын–соңды болмаған, орталық үшін де, қазіргі эпидемиялық жағдайда тұрғындар үшін де тиімді ұсыныс дер едік. Айта кетерлігі, тойға шақырылатын адам саны карантин талаптарына сай біз айтқан шамадан асып кетпеуі қатаң қадағаланады, — дейді орталық қызметкерлері.

Мінекей, тойдың жайы қазір осылай болып тұр. Ең бастысы, көпшілік тәртіпке бағынып, бәрімізге жақсылықта жолығысатын күн ертерек туғай!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған