Ақсу өзені Тянь-Шань тауынан арнасын алып, Түлкібас, Төлеби аудандары аумақтарын басып өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне — Арыс өзеніне барып құяды. Оның жағасын мекендейтін төлебиліктер мен түлкібастықтар жағы құз, жартасты болғандықтан қолайлы жерлерінен ғана мал суарып, ауыз су алады. Ал өзен Сайрам ауданына барып, жазық далаға шығады. Сайрамдықтар тоған, бөгет жасап, арық, каналдар тартып, өз қажетіне мейлінше пайдаланады. Егін, бау-бақша, көкөніс өсіреді.
Өздерінің тұстарынан ағатын Ақсу өзеніне жергілікті халық түрліше ат қойған. Қошқарсыймас, Көкқия, Арқансалды, Жарықтас, Қырғызұшқан, Секіртпе, тағы басқа деп кете береді. Олардың аталу тарихы да өзінше бір қызық.
Соғыс жылдары, онан кейінгі 50-60 жылдары халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жүдеу кезінде жергілікті тұрғындар өздерінің отындығын Ақсу өзені бойынан дайындаушы еді. Өзен жағасы сыңсыған орман-тоғай болатын. Арғы беті жадағай құз, жартасты болып келеді де, онда ағаш сирек өседі. Ал бергі бетінде ағаш, бұта қалың болады.
Ақсу көктемгі жауында, жазғы шілдеде қатты тасып, жолындағы ағаш, бұталарды түп-тамырымен қопарып, жол-жөнекей көлденең жақпар тастарға соғып, ағызып әкетеді. Су тартылған кезде қабығы сыдырылған, бұтағы сынған ақ сөңке салындылар өзен жағасында үйіліп қалады. Жергілікті халық соларды кесіп, арқалауға ыңғайлы етіп бөліп, арқанмен буып, арқалап үйлеріне таситын. Әсіресе жұрт Арқансалдыдағы осындай отынға қарық болып қалушы еді. Өйткені осындағы өзен табанында көлденең жатқан жартастарға ағып келген ағаштар кептеліп, тіреліп, жағаға шығып қалатын. Отыншылар осында отынды әзірлеп, арқалап, қиялай өрмелеп, қырға жақындағанда алдарынан биіктігі 5-6 метр көлденең жылтыр құзға кезігеді. Одан өтсе арғы жағы жазық дала, қиналмай ылди-төмен ауылға әп-сәтте жетіп қалады. Отыншылар бұл жерден де шығудың амалын тапқан. Адамның аяғы әрең жететін жерге аяқ тірейтін темір, қатты ағаштан қазық қағып тастаған. Осында жеткен соң біраз аялдап, демалып алады да, отындарын шешіп, екі-үшке бөліп, әрқайсысын жеке-жеке қаттап, қайта буады. Қарулы деген бір адамды төбеге шығарады. Ол төбеден төменге қарай арқан тастап, буылған отындарды қырға біртіндеп тартып алады. Ең соңында еңістегі адамды жоғары шығарып алады. Осылайша отындарын қайта жинап, арқалап, қаз-тырнаша тізіліп, ауылға қайтады. Арқансалдыға кемінде екі-үш адам баруы керек. Әйтпесе бір адамға отын алып шығу қиын-ақ. Арқансалды деп аталуының мәнісі осыда. Пысық әйелдер жаз бойы осылай отынханасын, сарайын отынға толтырып, қыстай маздатып жағып шығушы еді. Кейінгі жылдары ауылдарға көмір, электр қуаты, газ келіп жетті. Жұрт есігінің алдына, үйіргелік жеріне ағаш, тал-терек отырғыза бастады. Арқансалдыны енді пайдаланбайтын болды. Тек тамашалауға барады.