Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

Жаңа ғасырдың жетегінде өткен дәуірден қалған біраз құндылықтарымызды жоғалттық. Соның ішінде ұлттық ойындардың орны ерекше. Әсіресе, қазіргідей жазғы мезгілде балалар дала ойындарына қарағанда үйде смартфон ойнағанды тәуір көреді. Ал, оның денсаулыққа зияны орасан екені талай айтылып та, жазылып та жүр.

Салтымызға үңілсек, ұлттық ойын ішінде асықпен ғана ойналатын  бірнеше ойын түрі болғанын білеміз. Алайда, бүгінгінің баласы асық ойнай ма? Омпа, асықты тігіп ойнау, алшы, тас қала, ханталапай, хан ойындарын келер ұрпақ тіпті кітаптан оқып білмейтін болды ма деп алаңдайсыз. Бұрын келінінің аяғы ауырлап, босануға тақағанда енесі, не атасы ырымдап асық жинап жүрген. Бүгінде асық жинайтын үлкені жоқ үйде баланың оны іздемейтіні де заңдылық. Үйдегі үлкендердің келінге білдірмей асық жинауы құдай ұл берсе деп тілегені  болған екен.

— Біз малды ауылда тұрғандықтан жиі қой соямыз. Келін түсіргеннен асық жинауды әдетке айналдырдым. Алғашқы немерем қыз болғандықтан,  асық жинауды жалғастыра бердім. Құдайға шүкір, екінші немерем ұл болды. Қарасам, жинаған асықтарым бір дорбаға жақындап қалған. Қазір немерем екінші сыныпта оқиды. Балабақша жасында қызығып, асықтарды қолына алатын. Достарының көбісі асық ойнай алмайды, күнделікті қолынан тастамаса да, оның не екенін біліп өсіп келе жатқанына қуанамын. Қазір қалаға көшіп келгенбіз. Асықтың өзі тұрмақ, атын да естімейміз. Өзі пәтер жалдап жүрген жас отбасылар күнделікті ет жей ме, жемей ме? Тауық етін талғажау қылып  жүрген қанша отбасы бар. Асық жинамады деп кімге өкпелеуге болады? Бұл да бір мәселе, — дейді шымкенттік Жұпар Ботбай апа.

Ал, аңға шығуға жасынан әуес, Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылында тұратын  М. Жұмабайұлы асықтың қазақ халқының ырымында қадірлі сүйектің бірі екендігін айтады. «Құлжа — арқардың аталығының асығы, сақа — арқардың асығы, жабайт — еліктің асығы, асық  — қой мен ешкінің асық жілігі,  шүкімайт — қозы мен лақтың асығы. Бұл ойын баланың ермегі, ойыншығы сүйікті ойыны ғана емес, денасулыққа да пайдасы зор деп білемін. Өйткені баланың күнұзақ ойын барысында жүргіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату, тағы басқа көптеген іс-қимылдар бар», – дейді М.Жұмабайұлы.

Расында, асықпен ойналатын ойындардың пайдасы туралы айта берсек ұшан-теңіз. Мысалы, «ханталапайдың» баланың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіруге пайдасы зор. Ал, «хан» ойыны қатысушыларға байыптылық, ұстамдылық, ептілік қасиеттерді сіңіреді. Бұл қасиеттер келе-келе ойыншының әдетіне айналып, жақсы дәстүрге тәрбиеленуге, өзін-өзі басқара білуіне машықтандырады. Сондықтан балабақшадан бастап мектептегі денешынықтыру пәнінде асық ойнатылса. Балаларға арналған жазғы лагерьлерді ұлттық бағытта жандандырып, асық ойнау үйретілсе.

Ал, сіз немереңізге асық жинайсыз ба? Сіздің балаңыз асық ойнайды ма?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика