Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Құйрық майының қасиеті қандай?

Құйрық майының қасиеті қандай?

Былтыр шілдеде елімізде жаппай пандемиялық жағдай орын алып, ел әбігерге түсті. Емге дәрі таппай, сабылған жұрт өзін-өзі дәстүрлі тағамдармен  де емдеп жазды. Соның ішінде қойдың құйрық майының қасиеті туралы аз айтылған  жоқ. Бірақ, өз денасулығымызға салғырт қарайтындығымыздың әсерінен бе, дүркін көтеріліп қайта басылған осы тақырып кейін еш жерде естілмейтін болды. Ал, биыл шілдеде қайта белең алған дерттің шипасы қой етінде екеніне жақында тағы көзім жеткендей болды.

Жеке тапсырыстармен жұмыс істейтін болғандықтан, күн сайын  танымайтын неше түрлі адаммен жолығып, қызмет көрсетуге тура келеді. Бұл өзімді көпшіліктен оқшаулап, үйде жатуыма мүмкіндік бермейді. Соның әсері ме, бір түнде қалшылдап жаурап, тісім-тісіме тимей сақылдап ояндым. Ал, таңертеңнен бастап аяқ-қолым тырнағымның ұшына дейін қақсап ауырды. Қапелімде не істерімді білмей састым. Дереу таныс дәрігерге телефон шалдым. Ол екі дәрінің тізімін беріп, терлеу керектігімді айтты. Айтқан дәрісімен қоса қойдың ыстық сорпасын ішіп, келесі түнде шылқып терледім. Азанда тұрсам аурудың ізі де қалмаған. Мен бұны тек дәрінің ғана емес, қой етінің шипасына жорыдым. Өйткені, ауылдағы үйде үнемі қойдың құйрық майы дастарқаннан үзілген емес. Қайнаған, қақталған, бұрышталған  түрін нанмен қосып жеп жүреміз. Соның әсері болар, былтыр ел жаппай ауырғанда ауылдағы қарт әке-шешем дерттің не екенін білмеді, шүкір. Биыл да ауырмай-сырқамай аман-есен жүргеніне қуанамыз.

Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында төрт түліксіз күні кем болған. Көшпелі өмірге ыңғайлы қойдың құйрық майының қасиеті туралы ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Құйрық май баланың терісін жұмсартып, қан айналымын реттейді. Онымен бөбектің денесін сылағанда стеарин қышқылы теріні жұмсартып, ауа өткізгіштігін тездетсе, палмит қышқылы теріні қайта қалпына келтіріп, тез түлеуіне әсер етеді. Ал денеге сіңген олейн қышқылы жоғары қуат береді екен. Балалар мен ересектерге салқын тигенде құйрық майды ыстық күйінде қасықтап ішкізсе, ағзаға шипасын тигізеді.

Халқымыз қыстың аязды күндерінде бет үсімес үшін қойдың құйрық майын жаққан. Қол мен аяқтың тілінген жеріне майды таңып қойған. Қан аздықты емдеуге пайдаланып, ас қорытуға белгілі мөлшерде пайдаланған. Сондықтан дәріханадағы қаптаған химиялық майлардан гөрі осы қарапайым тәсілдің емдік қасиетін пайдаланғанымыз жөн екенін ұмытпайық. Дастарқаннан қойдың құйрық майы үзілмесін!

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика