Созақтық шаруа Нұр-Сұлтанға өз аяғымен бармақ
«Қазақта «мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Ұлан байтақ даламызды мекен еткен ата-бабаларымыздың бар тыныс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланыста өткен. Мұны мен айтпасам да көрнекті қаламгердің ұлы, Мемлекет басшысы ретінде өзіңіз жақсы білесіз. Біз мекен еткен Созақ өңірі қашаннан мал өсіруге дағдыланған аймақ саналады. Сондықтан болар, Теріскей төрі қысы-жазы малдан арылып көрген емес еді. Бірақ соңғы кездері аудан басшысы Салыхан Полатовтың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білмеуінің салдарынан бұл өңірде өлген малдың сұрауы болмай тұр…»
Бұл табиғаттың тосын мінезінің салдарынан қаңтар айында орын алған төтенше жағдайда қорадағы бар малынан айырылған Ізжан Өміровтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған арызынан үзінді. Аудан әкімінің көмегінен күдер үзген ол облыс басшысының атына да бірнеше қайтара арыз жөнелткен екен. Алайда, жауап хат облыс әкімі емес, оның орынбасары Арман Жетпісбаевтың атынан келген. Бірақ, ол жауапқа көңілі толмаған шаруа ендігі зарын кімге жеткізерін білмей, амалсыз Президенттен көмек сұрауды жөн деп тауыпты. Арызы Президенттің қолына тимей, «Ақ үйдегілер» де сырғытпа жауап берумен шектелген жағдайда, астанаға апаратын жолға өз аяғымызбен шығамыз деп бекініп отыр.
«Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауыңызда «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады», – деген болатынсыз, – деп жалғайды І.Өміров арызын. – Мен өзіңіздің ауылдарды дамыту туралы осындай тапсырмаңыздан кейін отбасымды және жақын туысқандарымды жұмыспен қамтып, жағдайын жақсарту үшін мал басын көбейтуге шешім қабылдадым. Шағын бизнесімнің өркендеуіне Президенттің Жолдаудағы тапсырмасы кепіл болады деп сендім. Бірақ олай емес секілді. Сіздің тапсырмаларыңыздың Түркістан облысының Созақ ауданында орындалмай жатқанына биылғы жылғы 23-24-қаңтардағы қарлы бораннан кейінгі жағдай дәлел бола алады деп ойлаймын. Сол боранның салдарынан көршім Күмісай Жағыпарова екеуміз ғана 30-дан аса жылқы, 20-дан аса сиыр және 500-ге жуық ұсақ малымыздан айырылдық. Ең өкініштісі – боранда малшы қар астында қалып, қаза болды. Содан бері де алты айдан асып барады. Біз өлген малымызға қатысты ешқандай көмек ала алмай отырмыз.
Қазақстан Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі анық көрсетілген. Ал оның кепілі ҚР Президенті, яғни өзіңізсіз. Сол себепті, Құрметті Президент мырза, Сізден Қазақстан азаматы ретінде біздің тапталған конституциялық құқымызды қорғауыңызды сұраймыз. Бүгінде аудан әкімі Салыхан Полатов өлген малдарға өтемақы төлеуге ешқандай негіз жоқ екенін алға тартуда. Неге қарлы боран соғып, ауылдағы мал қардың астында қалып, қырылғанда төтенше жағдай жарияланбады? «Қазгидромет» сол күні желдің секундына 30-35 метр жылдамдықпен соққаны туралы мәлімет берді. Созақ ауданы ТЖБ басшысы, азаматтық қорғау капитаны Б.Мұханов тиісті орындарға: «…Оқиға салдарынан барлық бағыттағы автокөлік жолдары жабылып, ауданның 7887 абонентінде жарық өшіп, төтенше жағдай тіркелді…», – деп көрсеткен. Осылайша, тиісті орган басшылығы ауданда Төтенше жағдайдың тіркелгенін ресми мәлімдеп отыр. Бірақ Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов мұны мойындамай, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауының салдарынан біз секілді шаруалар зардап шекті.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті орындарға адам шығыны мен малдардың қар астында қалып жатқаны туралы хабарланбаған. Жауапкершіліктен басын алып қашу болса керек, С.Полатов «Төтенше жағдай жариялау менің құзырыма кірмейді, оны облыс әкімі жариялау керек еді», – деп ақталғысы келеді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Жетпісбаев маған 2021 жылғы 28 мамырдағы ЖТ-У-572,1 шығыс хатымен берген жауабында «ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңының 48 бабына сәйкес жергілікті ауқымдағы табиғи және техногендік төтенше жағдай жариялауды әкімшілік аумақтағы бірліктің әкімдері, яғни Созақ ауданының әкімі жүзеге асырады» дейді. Сонда біз кімге сенеміз? Менің ойымша, өз құзіретін білмеген С.Полатов жауапкершілікті өзгеге артып отыр. Ол адамда Президенттің тапсырмаларын жергілікті жерде қажетті деңгейде жүзеге асыратындай ұйымдастырушылық қабілет жоқ немесе өзінің атқаруы тиіс қызметтік функияларын білмейді. Ондай адамға қалайша сенім артып, жүз мыңға жуық халқы бар үлкен ауданды басқаруды аманаттауға болады? Халықтың жағдайына алаңдап, ыстығына күйіп, суығына тоңудың орнына қиындыққа тап болған шаруаның ахуалын онан сайын шиеленістірген адамды әрі қарай да қызметте ұстап отыру қаншалықты ақылға қонымды? Біздің Сізден өтінереміз, Созақ ауданында орын алған осы жағдайға байланысты шаруаларға көмектесуді Үкіметке тапсыруыңызды сұраймыз. Бұл мәселені «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдырмаңыз».
Несиеге алған малынан айырылып, тығырыққа тірелген шаруалар қазір ашулы. Ал ашулы адам кез-келген қадамға баруға әзір болады. Арыз-шағымдары жергілікті жерде дұрыс қаралып, оңды нәтиже шығарылмаса, Нұр-Сұлтанға баруға белді бекем буып отыр. Бұл Созақ ауданының ғана емес, облыс басшыларының да атына үлкен сын болуы ғажап емес. Сол себепті, әрі мәселенің алдын алып, әрі шаруалардың көңілін тыныштандыруға көңіл бөлу қажет. Аудан басшысының көмегінен күдер үзген шаруалардың сенімін облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев ақтай алады ма? Әлде ол да әрбір арыздың артында адам тағдыры тұрғанын ұмытып, немқұрайдылық танытар ма екен? Ал Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов жалған сөйлейді ма, әлде шынымен өзінің функционалдық міндеттерін толық білмейді ме?