Әлеуметтік желіге жүктелген мәліметтерге назар салар болсақ, соңғы кездері елімізде эпидемиологиялық жағдайдың шиеленесіп тұрғанына көз жеткіземіз. Дүйсенбі күнгі дерек бойынша республикалық маңызы бар Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен бірге Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары қызыл аймаққа енген. Сары аймақта тек Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары ғана тұр. Осының өзі пандемияға қарсы күресті әсте босаңсытуға болмайтынын дәлелі болса керек. Осыған байланысты облыстар мен қалаларда асқынған дерттің қалай алдын алуға болатыны туралы жиындар өтуде. Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуал мен карантиндік шаралар туралы отырыстың бірі жуырда қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өткізді.
Шыңғыс Жұмабекұлы қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шараларының күшейтілгенін мәлімдеді. Себебі, Шымкентте Сovid-19 инфекциясын жұқтырғандар көптеп тіркелуде. Ем қабылдаушы 2564 адамның 1346-сы стационарда, 1218-і үйлерінде карантин режимінде. Соңғы 14 күнде коронавирус індетін жұқтырған науқастармен қатынаста болған 6379 азамат амбулаторлық бақылауға алынған.
«Қазіргі таңда қалада эпидемиологиялық ахуал күрделі, бұл жағдай әкімдіктің тұрақты бақылауында. Шаһарда коронавируспен күрестің үш сценариі әзірленген. Бұл ретте бүгінде қалада мамандандырылған инфекциялық 2196 төсек-орын бар. Дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ) жеткілікті. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – коронавирусқа қарсы вакцинацияны қабылдау. Шымкент қаласы бойынша қазірге дейін I компонентпен 330305 адамға, ІІ компонентпен 202020 адамға екпе егілді. Жалпы, вакциналанған тұрғындардың саны қала бойынша 60 пайыздан асып отыр. Тұрғындарды вакцинациялауды ұйымдастыру үшін 43 егу бекеті және 25 жылжымалы егу бекеті бар. Ең маңыздысы – халықтың денсаулығы, адамдардың амандығы. Алдағы екі аптада эпидемиологиялық ахуалды бақылап, зерделейміз. Егер жағдай тұрақталса, карантин шаралары жеңілдейді. Сондықтан, санитарлық талаптарды мейлінше қатаң сақтауға шақырамын», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Брифинг барысында сөз алған Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов инфекцияның тіркелуінің жоғарылауына байланысты бірқатар шектеу шарасын айтып өтті. Оның сөзінше, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа Қаулысына сәйкес сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Ал базарлардың жұмысы демалыс күндері шектеледі, тек жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін істейді. Оған қоса, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа да кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.
Сайып келгенде, әрбір азамат вакцина салғызбайынша қауіп сейілмейтін секілді.