Өткен аптада Шардара-Арыс тас жолында ауыр жол көлік апаты орын алды. Қызылқұм ауылының тұсында болған қайғылы жағдайдан үш жас жігіт оқиға орнында мерт болып, біреуі жансақтау бөлімінде жеткізілді. Бесіншісі аурухана көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Үш үйдің азамат тұтып отырған балалары бір сәтте бақилық болды. Кінәлі адам ауылға келіп жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматы болып шықты. Ол қатты масаң күйде күлік жүргізген. Осындай келеңсіздікке жол берген полиция қызметкерлері қайда қарайды, олар мас жүргізушілермен қалай күреседі деген сұрақ туындайды?
Ел аузында полицияға қатысты «олардың көздегені мас жүргізушіні ұстап, шара көру, тәртіпке шақыру емес, қалтасындағы ақшасын сыпырып алу» деген сыпсың сөз желдей еседі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп жалпы айта салғанымызбен, өз көзімізбен көрмегеннен кейін мұндай сөздерге аса мән бере қоймаушы едім. Жақында болған оқиға жағамды ұстатты. Әлгі жел сөздің шынында да босқа айтылмайтынына көзім жеткендей болды.
13 шілде күні түн ортасында ауламызға көлігімен үлкен жылдамдықпен кіріп кеткен жүргізуші отбасымның шырт ұйқыда жатқан төрт адамының өміріне қауіп төндірді. Полиция қызметкерлерінен қашқан жүргізуші біз жатқан жерге небәрі 1 метр қалғанда көлікті бұрып үлгерген. Үлгермеген жағдайда төрт адамды бірдей таптап өтуі ғажап емес еді. Соңдарынан келген шымкенттік полицейлер жүргізуші мен мемлекеттік белгісі 931 «Tоyоtо камри» көлігін алып кетті. Арада үш сағаттай уақыт өткенде әлгі жүргізуші көлігімен үйге қайтып келіп тұр. Ол полицейлердің 500 мың теңге сұрағанын, бірақ таныстарын араластырудың арқасында 100 мың теңгемен құтылғанын мақтанышпен айтуға келсе керек. Тым болмағанда көлігін де айып тұрағына қоймаған. Сол күні әлеуметтік желіге «Шымкенттің полицейлеріне көлік мас жүргізушіні қуып жетіп, ақша жасауға берілген бе?» деген жазба қалдырдым. Оған Шымкент полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовтың өзі немесе орынбасарлары, тіпті, қызметкерлерінің біреуі де хабарласып, не болғанын сұрамады. Соған қарағанда полицияда халыққа жаны ашитын, өз жұмысына шын ниетімен берілген қызметкерлер қалмаған ба деген ой келді. Әлде олар үшін қызметкерлерінің немесе әріптестерінің кемшілігіне қатысты «көрмес түйені де көрмес» деген принципті ұстанған тиімді ме?
Міне Шардарадағы көлік апатына да сондай оқиғаның орын алмағандығы, яғни мас жүргізушіні ұстаған полиция қызметкерлерінің одан ақшасын алып, өзін жібере салмағанына кім кепіл? Осы оқиға туралы аудандық полиция бөлімінің басшысы Аппаз Тұрғынбаевтан сұрамақ болғанымызда, ол телефон тұтқасын көтермеді. Ал департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова өзінің демалыста екенін жеткізді. Сондықтан бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі бақылауға алмаса, Шымкент пен Түркістан облысының аумағында мас жүргізушілер емін-еркін көлік рөлінде отырып, сауық-сайран салатын секілді ғой.
Шардарадағы жағдайға байланысты бүгінде ел аузында үш түрлі әңгіме жүр. Біріншісі – жол апатына кінәлі Өзбектан азаматы жауапкершіліктен қорқып өзін өзі асып қойыпты десе, екіншілері оның еліне қашып кеткенін айтады. Ал үшіншілер қамауға алынған айтып жүр. Тағы қайталап айтайық, мұның бәрі ел аузындағы әңгіме, ал ресми органдар мәлімет таратуға асығар емес.
Біз Өзбекстанға барағанда көлікті мас күйде басқару былай тұрсын, қойдан да момын жағдайға түсеміз. Ал басқа елдің азаматтары біздің елге келсе неге мұнда тайраңдап, ойларына келгенін істей береді? Әлде біздің полиция шынында да абыройға емес, ақшаға ғана жұмыс істейтін болғаны ма?
Егер Шардараның полицейлері қырағылықты жоғалтпағанда, бәлкім үш арысымыз осы күні жер басып аман жүріп, тағы біреуі өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатпас па еді?