Бүкіл әлем тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты додасы, яғни XXXII жазғы олимпиада ойындары басталғалы да аптаға жуық уақыт артта қалды. Токио қаласында 23 шілдеде басталған ойындар 8 тамыз күні мәресіне жетуі тиіс. Бірақ қай спортшымыз қандай жарыста жеңістің биік тұғырынан көрінеді деген сұрақ жанкүйерлерді әлі де мазалауда.
Бұған дейінгі олимпиадаларда спортшыларымыз дода басталған сәттен-ақ жоғары нәтиже көрсетіп, алғашқы алтындар қоржында жарқырап жататын. Бұл жолы бірінші тұғырға көтерілу бақыты әлі ешбір спортшыға бұйыра қоймады. Алтын күткен үміткерлеріміздің бірі Елдос Сметов қоланы қанағат тұтса, алтын жұдырықты жігіттеріміз – Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит Дмитрий Баландин, секілді спортшыларымыз ешқандай жүлдеге іліге алмай, жарыс алаңынан шығып қалды. Енді кімдерге үміт артуға болады деген заңды сұрақ туындайды. Бұған дейін бокста қазақстандық салмақ болып есептелетін 69 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов секілді спортшылар сәтсіз де, сүреңсіз ойындарын жалғастыра берер болса, қанжығамызға алтын байлау арман күйінде қалады ма деген күдік бар. Олимпиададағы басты жетістік алтынмен бағаланатынын ескерсек, ел командасы төмен көрсеткіш көрсетіп қалады ма деген уайым һәм қорқыныш та жоқ емес.
Сонымен ел сенімін ақтауға кімдер аттанды, енді осыған аз-кем тоқталайық. Токио төрінде 27 спорт түрінен 95 отандық атлет ел намысын қорғайды. Құрама сапында 63 ер және 32 әйел спортшы бар. Құрама команданың өте сәтті таңдалған киім үлгісіне жанкүйерлерді былай қойғанда көп елдің кәсіби сәнқойларының өздері жоғары бағасын беріп, әжептәуір әңгімеге арқау болды. Әрине, мақтау естігенге не жетсін, дегенмен олимпиада сәнқойлардың емес, «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықты спортшылардың сайысы. Сондықтан, басты назар киім үлгісінде емес, спортшыларымыздың білектілігі мен жүректілігінде екені даусыз.
Әрбір халықаралық жарыста «ең жас спортшы кім» деген сұрақтың туындайыны рас. Бұл жолы Қазақстан құрамасы сапындағы ең жас спортшы – көркем гимнастика бойынша өнер көрсететін 19 жастағы Алина Әділханова. Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт, спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мақтанышы Милад Карими олимпиаданың жеті жолдамасына қол жеткізген. Ол Токио Олимпиадасында көпсайыс, еркін жаттығу, қол тіреп секіру, қоссырық, шығыршық, керме және гимнастикалық ат снаряды бойынша жарысқа қатысады. Ал оның қандай нәтиже көрсетері уақыттың еншісінде.
Қарап отырсақ, Қазақстан өз мүмкіндігін асыра бағалайтын дәрежеге жеткенін байқау қиындық тудырмайды. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Біз өзімізді емес, бізді өзгелер мақтайтындай өнер көрсетуіміз қажет. Мысалы, бұған дейін олимпиадада топ жарған Д.Баландиннің өнерін басқа емес, ресейліктердің өзі кездейсоқтыққа балайды. Ресейлік мамандар «Бір танымал спортшы кез келген жерден шығуы мүмкін. Соңғы жылдары олимпиада ойындарында бассейнде Сингапурдың, Қазақстанның және Зимбабьенің спортшылары жеңіске жетті», – деп біздің спортшылардың бағасын төмендетіп жіберген. Ресейлік мамандар біліп айтты ма, әлде психологиялық шабуыл жасау мақсатында әдейі айтты ма кім білсін, дегенмен біздің Баландин әзірге сәтсіз өнер көрсетіп келеді.
Жалпы, Қазақстан үшін олимпиада ойындарында ең бір жарқырайтын спорт түрі – бокс екенінде ешкімнің таласы жоқ. Жасыралмаймыз, осы жолғы додада да алтынның басым бөлігін бокс сыйлайды деген болжам, үміт, арман болғаны рас. Бірақ Бекзат Нұрдәулетовтың алғашқы кездесуде ресейлік Имам Хатаевтан ойсырай жеңілуі, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Надежда Рябец пен Серік Теміржановтың жеңілістері үмітті үзіп, болжамды бұзып, арманды аяқ асты еткендей болды. Бұл тақырып қазір әлеуметтік желіде ең көп талқылануымен ерекшеленіп отыр. Мәселен, әлемжелі оқырмандарының бірі Сержан Бегманұлы былай дейді: «Қазақ боксының сиқы осынд
ай болып тұр. Қолдан қуыршақ чемпиондар жасап алғанбыз. Біреуі де финалға шыға алмайды. Содан кейін кінәні төрешіден іздейміз», – десе Әзімхан Бейсеқұлов есімді желі қолданушы: «…айтарға сөзім жоқ, іш қазандай қайнайды… Барлығы Мемлекеттік жүйеден, жемқорлық, мафия спортты да жайлап алған. Олимпиадалық спорт мектептері ауылды іздеп жүріп талантты балаларды жинаса қаракөз балаларымыз Жапонияны жарып жатар еді. «Жаны ашымастықтың қасында басы ауырмас» орыс қызымыз екінші партияда да дем жетпей қалды деп шықпады, біреуін мынау «ұйықтатып» тастады. Абайша айтқанда «не істемек керек?».
Расында не істемек керек? Спортта кешегі жетістік, бүгінгі ойында жеңіс болып саналмайды. Ол жеңіске кепілдік те бермейді. Спортшы күн сайын шеберлікті арттырмаса әлсіреп қалатыны анық. Ал бізде осыдан он жыл бұрын бір спортшы жақсы өнер көрсетіп, жарқырап шығар болса, соны спортты тастап кеткенше жетелейді де жүреді. Ол, тіпті, ұлттық біріншілікке де қатыспайды. Осылайша «шалдардың» жастардың жолын бөгеуі спортта да жалғасын табуда. Бұл жөнінде Сержан Бегманұлының: «Өзбек тренерлерінен үлгі алса. Олар құраманы үнемі жаңартып отырады. Бәсекелестік өте жоғары. Бізде кім баратыны алдын ала белгілі. Кейбіреулер ел біріншілігіне қатыспайды да. Ақ тер, көк тер болып ел чемпионы болған оғлан қапа болып қала береді. Бізде солай…?» – деп ел көкейіндегі сөзді жалпақ жұртқа жария етті.
Бір сөзбен айтқанда, рингте В.Левиттің нокаутқа түсуі менің көз алдыма Левиттің емес, бүкіл қазақ спортының нокаутқа түскенін елестеткендей болды. Егер бұдан кейін спорт саласын басқарып отырған шенеуніктер ес жиып, спорт ареналарына жаңа есімдерді шығармаса, қазақ спорты бұл нокауттан есеңкіреген күйі ұзақ уақыт аяғын тіктей алмай қалуы әбден мүмкін.