Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » Алаңдар абаттануда

Алаңдар абаттануда

Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағын ауданында алаңдар  абаттануда. Былтыр әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар мен жастарға пәтер берілген болатын. Биыл бір кешенді құрайтын осы көпқабатты үй ауласында заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу құралдары орнатылуда. Жасыл желектер отырғызылып, оларға су жеткізу жүйесін орнату жұмыстары атқарылған.

Тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселесі бүгінде қала басшысы М. Әйтеновтің тұрақты назарында. Осыған орай қала әкімінің аппарат басшысы Ғ.Мәуленқұлов пен Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов аулаларға арнайы барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізудің жүйелі тәртібін іске асыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруда тұрғындардың талап-тілегін орындау және қала тіршілігін заманауи үлгіде дамыту шеңберінде шаһар басшысы тапсырмаларының іске асырылуын қадағалады. Жұмыс сапасын арттыруда нақты міндеттер қойылып отырғанына назар аударған Ғ.Мәуленқұлов мердігер ұйымның өкілдеріне ағаш отырғызу мен оларды күтіп-ұстауда аграрлық талаптарды қатаң ұстануды тапсырды. Аудан әкімі А.Әліқұлов аудан аумағын көріктендіруде қала әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп беріп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Айта кету керек, соңғы алты жылда аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің 95 ауласы абаттандырылып, барлығында балалар ойын алаңшалары орнатылған. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстар екі кезең бойынша қарастырылып, 31 аулаға балалар ойын алаңшалары орнатылады деп жоспарланған. Қазір абаттандыру жұмыстары төрт аулада қызу жүргізілуде. Сонымен қатар аудан аумағында осы жылы 25 спорт алаңшасы мен 2 әмбебап спорт алаңшасы салынады.

Қаланың шырайын арттыру мақсатында Әл-Фараби ауданында да көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағында жасыл желектерді суғару, газондарды қырқып ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, тал-теректер отырғызып, оларға күтім жасау – ауданымыз үшін аса маңызды әрі қажетті жұмыстардың бірегейі. Биыл көктемде ауданның басты көшелерінің бойына қондырылған туя  шыршалары тамыр жайып, жақсы өніп-өсуі үшін оларға арнайы қоршаулар жасалды. Аталған жұмыстар «Build stroi» мекемесі тарапынан жүргізілуде. Шымкентті барынша жасыл қала ету мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғаса бермек. Бұл жазы аптап ыстық болатын үшінші мегаполис үшін өте маңызды.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика