Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Қазақстан спортына жаңаша сілкініс қажет

Қазақстан спортына жаңаша сілкініс қажет

Барынша баптап, үкілі үмітпен шығарып салған спортшыларымыздан жоғары нәтиже күткен Токиодағы жазғы олимпиада ойындары да тарих еншісіне тапсырылды. Жасырмай айтайық, үміт ақталмады. Қоржынымызға алтын былай тұрсын, күміс те бұйырмады. Қоланы місе тұттық.

Әр нәрсенің бір қайыры болады демекші, бұл сәтсіздік еліміздің спорт саласының тізгінін ұстағандар, тіпті, мемлекетті басқарып отырған азаматтар үшін де ащы сабақ болуы тиіс. Қай жерден қателік кеткені жіті саралануы қажет. Сөйтіп, алдағы олимпиадаларда бұл қателік қайталанбай, үлкен нәтижеге қол жеткізу керекпіз. Түннің артынан күн шығатынын ескерсек, спортшыларымызды алдағы уақытта мол жеңістер күтіп тұрған болар. Біздің оған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Әзірге өзімізді осылай ғана жұбата аламыз. Басқаша айту, жазу мүмкін емес.

Иә, бұл сәтсіздік енді қайталанбауы тиіс. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтты. «Токиодағы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Ұлттық команданың қорытынды нәтижесі – 8 қола медаль және жалпы командалық есепте 83-ші орын – Қазақстанның спорттық әлеуетіне және мемлекеттің спортты дамытуға қосқан қомақты қаражатына сәйкес келмейді. Енді Парижде өтетін келесі ойындарда азаматтарымыздың үмітін ақтайтын нәтижелерді көрсету үшін Токио Олимпиадасынан дұрыс сабақ алу қажет. Ұлттық құраманың Олимпиадада өнер көрсетуі спорт сияқты маңызды саладағы шұғыл, тиімді реформалардың пайдасын көрсетеді. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға назар аударып, осы негізде әлемдік аренада көрнекті табыстарға жетуге ұмтылу керек», – деп жазды Президент Twitterдегі парақшасында.

Бүкіл әлем куә болған қазақстандық спортшылардың сәтсіздігін өзіміз жасырып-жабудан, әр нәрседен сылтау іздеуден пайда жоқ. Ендігі кезекте Президент айтқан, жалпы жанкүйерлер тарапынан айтылып-жазылып жатқан сыннан дұрыс қорытынды шығару керек. Кемшілікті түзету үшін министр, бәлкім одан да жоғары қызметте отырған лауазым иелері қызметтен босатылуы тиіс шығар? Бұл сауалдың жауабын білу ертеңгі күннің еншісінде. Бүгінге басқалардың жеңісіне тамсана қарап, қызығудан басқа қолдан келер дәрмен жоқ.

Сонымен қоржынымызға түскені – сегіз қола медаль болды. Оның да оңайлықпен келмегені белгілі. Қаншама тер төгіліп, күш жұмсалды. Аз болса да жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған саңлақтарымыздың тізімін дзюдошы Елдос Сметов бастап, зілтемір көтеруші Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшыларымыз Қамшыбек Қоңкабаев пен Сәкен Бибосыновтар жалғады. Балуан Нұрислам Санаев пен каратэшілер Дархан Асаділов, Софья Берульцевалар аяқтады. Жалпы, Токио Олимпиадасына Қазақстаннан 97 спортшы қатысқанын ескерер болсақ, солардың оннан бірі де жүлдеге іліне алмаған. Мұндай төмен көрсеткіш еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері болмаған. Демек, Қазақстан спортына дәл қазіргі кезде үлкен өзгерістің керек екені айтпаса да түсінікті.

Мемлекет спортшыларды ынталандыру үшін қандай сыйақы тағайындаған еді? Әрине, аз емес: алтын медаль үшін – 250 мың, күміс медаль үшін 150 мың, ал қола жүлде үшін 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетін болып бекітілген-ді. Алайда, 250 және 150 мың долларлық сыйақы ешкімге бұйырмады. Сегіз спортшыға 75 мың доллардан тиесілі болды. Одан бөлек жүлдегерлерге демеушілер тарапынан да тосын сый беріліп жатыр. Елдос Сметовқа жерлес кәсіпкер жігіттер шетелдің сүліктей қара көлігін сыйға тартса, дәл осындай сый-сияпат біздің жерлесіміз Сәкен Бибосыновқа да көрсетілді. Нақты айтар болсақ, дүйсенбі күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев олимпиаданың қола жүлдегері, былғары қолғап шебері Сәкен Бибосыновты әуежайдан күтіп алды. Қоржынға түскен қоланың өзі алтынға бергісіз екенін айтқан облыс басшысы көпшілік алдында Сәкенге Сайрам ауданындағы жерлестері сыйға тартқан соңғы үлгідегі жапондық «Тойота» көлігінің кілтін табыстады. Сол секілді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ел құрамасының жүлдесін екі қоламен толықтырған шымкенттік каратэшілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцеваға қошемет көрсетіп, демеушілердің атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті.

Әрине, қандай жеңістің болсын оңайлықпен келмейтіні, қаншама тер төгілетіні белгілі. Сол үшін де ел намысын қорғап, жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған спортшыларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, осы нәтижені місе тұтпай, Қазақстан спортының әлемдік аренадағы абыройын асқақтатып, салмағын арттыру жолында жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін, әрине, спорт саласына жаңаша сілкініс, үлкен реформа, бірқатар өзгерістер қажет.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика