Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Кентаудағы сағызша созылған дау… – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Кентаудағы сағызша созылған дау…

Туған жерімді көркейтуге, Кентаудың туристер қаласына айналуына өз үлесін қоссам деп жүрген қарапайым азаматтың қадамына әлдекімдер тұсау салып жүр ме? Тіпті, оны қандықол қарақшының қатарына қосып жібергенге де ұқсайды.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, түсініспеушілік Ескендір Құнанбаевтың туризмді дамытып, шаруашылығын жүргізу үшін алғысы келген 8 гектар жеріне құжат дайындау барысында басталыпты. Шағымданушының сөзіне қарағанда Кентау қалалық тіркеу және жер қатынастары бөлімінің басшысы Уәлихан Әбдуәлиев оны әр барған сайын әртүрлі құжат сұрап, кері қайтара берген. Соңында ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Нақты айтар болсақ, Кентау қаласының тұрғыны Ескендір Құнанбаевқа: «2010 жылы адам өлтірген екенсің, адам ұрлағансың, статьяларың 125, 96. Сен өзің қылмыскер, «убица» екенсің», – деп айып таққан Уәлихан Әбдуәлиевтің ісі бүгінде сотта қаралып жатыр. Бұл қайдан шыққан айыптау, нендей негізге сүйеніп айтылған? Бұл туралы біз Ескендір Құнанбаевтың өзінен сұрадық. «Мені Уәлихан Әбдуәлиев бір сәтте қандықол қылмыскерлердің қатарына қосты да жіберді, – дейді Ескендір Мәлікұлы(суретте).

– Оның не себепті маған мұндай айып таққаны түсініксіз. Бұдан кейін құқықтық статистикадан өзімнің сотталмағандығымды дәлелдейтін құжат алуыма мәжбүр болдым. Бірақ оның да көмегі тимеуде.

Уәлихан маған үлкен айып тақты. Оның бұл сөзі көпшілікке тарағаннан кейін кездескендер маған кәнігі қылмыскер көргендей қарайтын болды. Адам ұрлау, өлтіру – қылмыстың үлкен түрі. Талай танитын адамдардың өзі «Сен сондай қылмыс жасағансың ба?» – деп сұрайтын болды. Енді атыма түскен қара дақты өшіруім, жаладан ақталуым керек. Өзімнен адамдардың босқа үрейленбеуін қалаймын. Маған жала жапқаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы шағым түсірдім. Сот отырысының басталғанына сегіз айдан асты. Қолымда Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының сарапшысы М.Мырзаеваның қорытындысы бар. Ол жерде тайға таңба басқандай етіп «Зерттеуге ұсынылған айтылымда тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау сипаты бар», – деп көрсетілген. Енді У.Әбдуәлиев сотқа келмей, қашып жүр. Соңғы сот отырысына қорғаушысы да келмеді. Судья Есбол Әбдіраманов маған сөз бергенде Уәлихан Әбдуәлиевтің сотқа сыйламаушылық танытып, құрметтемей отырғанын, қаншама отырыстың біреуіне де қатыспағандығын, сол себепті сот отырысына мәжбүрлеп алдыруды сұрадым. Судья сұранысымды қанағаттандырып, қаулы қабылдады. Келесі сот отырысына оны полицейлер алып келуі керек».

Иә, шағымданушының сөзі рас болса, кінәсіз адамды «қылмыскерсің, сотталғансың, адам ұрлағансың» деп негізсіз айыптау – қаралау, жала жабу екені талассыз. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Ал ондай айыптаудың қарапайым адамның емес, лауазымды қызметкердің аузынан шыққаны түсініксіз. Ол журналистерге берген сұхбатында: «Құнанбаевтың өзі мені қылмыскерсің, сенің үстіңнен іс қозғатып жатырмын. Сенің қылмыскер екенің анықталады. Сен жақында сотталасың деп маған қоқан-лоққы жасап, ауыр сөздер айтты», – деп ақталуға тырысқан. Алайда, осы сөзі рас болса неге осының барлығын сотта айтып, айыптының мойнына ілмейді деген сұрақ туындайды. Айтқандарының дәлелі болса қайта бұл үлкен мүмкіндік емес пе?

Кентаудағы сағызша созылған осынау дау-дамайға жуырда нүкте қойылуы мүмкін. Өйткені, сот отырысына айыпталушы мәжбүрлеп жеткізілуі тиіс. Сонда бетпе-бет отырған тараптардың қайсысы жала жауып, қайсысы шынын айтып жүргені анықталады деген ойдамыз. Сол кезде бұл тақырыпқа қайта айналып соғатын боламыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған