Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Мінбер » Қарамұрттың әкімі – халықтың жақыны

Қарамұрттың әкімі – халықтың жақыны

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін халық сайлауы керектігін айтқан болатын. Содан бері әкімдер арасында «халықпен санасып, мұң-мұқтажын тыңдау керек» деген пікір қалыптаса бастағандай. Дей тұрғанмен бұрыннан-ақ міндетін тиянақты орындап, ел сеніміне кірген әкімдер де жоқ емес тұғын. Солардың бірі – Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылдық округінің әкімі Мамыржан Нажиев (суретте). Жуырда біз Қарамұрттың әкімі жергілікті тұрғындармен қаншалықты тығыз байланыста жұмыс істейтінін білу мақсатында өзімен және бірнеше ауыл тұрғындарымен тілдесіп көрген едік.

«Қарамұрт және Низамабад деп аталатын екі елді мекенде он алты мыңға жуық адам тұрады, – деп бастады әңгімесін М.Нажиев. – Отыз бір көшедегі аулалардың саны – 2584. Округ бойынша 370 отбасы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып отыр. Сондай-ақ, 285-300 отбасы тоқсан сайын кепілдендірілген әлеуметтік көмек алады.

Ауылдағы С.Юлдашев, Ш.Мирзалиев, Гүлді, Ф.Орынбаев көшелеріндегі жолдар ағымдағы жөндеуден өткізілген болса, ауыл ішінен өтетін облыстық маңызы бар жолдар күрделі жөнделді. Табиғи газ және электр қуатымен қамту бойынша бүгінгі таңда нақты жоспар жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Қарамұрттағы Жамбыл көшесі бойында орналасқан 160 кВт трансформаторына қосымша 250 кВт трансформаторы орнатылды. Көшелерді жарықтандыру жүйелеріне ағымдағы жөндеу, қоқыс жинау, көше аншлагтарын, балалар алаңшаларын орнату, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары орындалды. Абай атамыздың 175 жылдығына орай С.Юлдашев көшесіне 200 дана шырша отырғызылып, автотұрақ орнатылды. Жол жиектеріне Абай атамыздың «Қара сөздері» ілініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Апта сайын қоғамдық ұйым жетекшілері, көше комитеті төрағаларымен өткізілетін жиындарда санитариялық тазалау жұмыстары күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналған. Ауыл орталығын абаттандыру бойынша арнайы орындар белгіленіп, гүл көшеттері отырғызылған.

Өткен жылдың 16 наурызынан бастап карантин режимі жариялануына байланысты облыстық Бас санитарлық дәрігердің қаулысындағы талаптарды орындау мақсатында округ аумағында халықтың денсаулығын сақтау, індеттің алдын алу бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Ауылда  карантин режимі талаптары барынша қатаң сақталуының нәтижесінде бірінші кезеңнен аман-есен шықтық деп айта аламыз. Індеттің екінші толқынының басталу қаупі туындауына байланысты бүгінгі күнде барлық жерлерде маскалық режим, антисептик, дезинфекция жұмыстарының ұдайы жүргізілуіне баса мән беріп отырмыз. Тұрғындарды күнделікті құлақтандыру жұмыстары да тоқтаған емес. Әрбір үйге көше комитеті төрағалары арқылы жазбаша хабарламалар таратылды. Отбасылық жағдайы төмен, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы нашар, көмекке мұқтаж 122 отбасыға қажетті санитарлық-гигиеналық және азық-түлік заттар, ауылдағы кәсіпкерлер, белсенді азаматтар тарапынан демеушілік көмек берілді.

Ауылдағы жеті ұлт өкілдерінен тұратын халық бүгінгі күнде құда – жекжат болып тату өмір сүруде. Отбасыда тәрбиені нығайту мақсатында арнайы қоғам құрылып, оған басшы етіп Н.Абдезов деген азаматты сайлағанбыз. Белсенді жұмыс істеуі үшін арнайы бөлме беріліп, қоғамның 11 мүшесі ауыл арасында туындаған мәселелерді шешуге кірісіп кетті. Құқықбұзушылық, ұлтаралық, дінаралық, зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, суицид, ерте жүктілік, маскүнемдік, нашақорлық, мал ұрлығы, өрт қауіпсіздігі, газ және қатты отыннан уланудың алдын алу, тазалық және басқа да маңызды мәселелер бойынша тұрақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде».

Әрине, ауыл әкімі атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Дегенмен, атқарылмай жатқан шаруалар да шаш етектен болуы мүмкін. Жалпы алғанда, ауыл әкімінің жұмысын әкімнің өзі дәл бағалай алмауы мүмкін, ал халық айтса қалт айтпайды. Сол үшін жергілікті тұрғындардың уәжіне де құлақ түрдік.

Мұхаммад ИЛХОМЖАНОВ, ауыл қариясы, 89 жаста:

«Полицияға шағымданып, сотқа сүйрелеу біз үшін жат қылық»

– Әкім Мамыржан әр аптаның сәрсенбісінде жиналыс өткізіп тұрады. Соған ақсақал ретінде мені де шақырады. Жиынға көше төрағалары келіп, апта бойы атқарған жұмыстары туралы есеп береді. Кемшіліктер болса сол жерде талқыланып, жойылады. Сол себепті бізде жастар арасындағы түсініспеушілік, көршілердің жерге таласуы, маскүнемдіктің зардабы, ажырасу секілді келеңсіздіктер жиі кездеспейді. Ара-тұра кездесе қалған жағдайда ақсақалдар жиынына салып, өзіміз шешеміз. Шешімі қиындаса, мәселені оқиға басына барып талқылаймыз. Полицияға шағымданып, бірін бірі сотқа сүйрелеу біз үшін жат қылық.

Бұл жұмыстардың барлығы әкімнің ұйымдастыруымен жүзеге асып жатыр. Сондықтан оның жұмысына тұрғындардың көңілі толады. Мамыржан келгелі Қарамұрттың жағдайы жақсы жағына тез өзгерді. Кешкісін ауыл көрінісінің қаладан айырмасы болмайды. Көшелерде шам жарқырап тұрады. Ауыз су, көгілдір отын келген, жол сапалы. Электр бағандары жаңартылды. Екі үлкен мазардың айналасы қоршалып, шырша егіліп, төңірегі абаттандырылды. Бұрын көкөністер ашық алаңдарда, санитарлық талапқа сай емес жерлерде сатылатын. Әркім өзінің есік алдын базар етіп алатын. Мамыржан келді де орталықтан базар ашты. Қазір тәртіп орнап, барлығы талапқа сай сатылады. Баға да салыстырмалы түрде өзгелерден арзан. Себебі оны әкімнің өзі бақылап отырады.

Әкіміміз ауылға құт болып келді деп айтуға негіз бар. Халық та оның әзірге басқа қызметке ауысуын қаламайды. Аудан әкімі де «Мамыржан Қарамұрттан қазір кетпейді, кеткен күнде де жоғары қызметке ауысады» деп айтты ғой.

 

    Сұмбұлай ШАРУСТЕМОВА, Батыр ана:

«Ақшаны емес, арды ойлаған жан»

– 1934 жылы осы Қарамұртта дүниеге келгенмін. Тұрмыс құрған соң жолдасымның жұмыс бабымен үш жылдай Түркістанда, он жылдан аса Шымкент қаласында тұрдық. Кейін Қарамұртқа қайта көшіп келдік. Ол шешімімізге өкінбейміз.

Мамыржан Нажиев әкім болып келгелі ауылымызда көп өзгерістер орын алды. Оған рахмет, қолынан келер жақсылықты аянып қалып жатқан жоқ. Үлкенге деген ізеті ерекше. Мамыржан әкім болып келгелі үш жылдай болды. Ол қызметке орналаса салысымен жұмысын үлкендердің батасын алудан бастады. Апта сайын қариялар кеңесін өткізіп, ауыл жайын ақылдасып отыруды үрдіске айналдырған. Әрбір қария мен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын өзі барып біліп тұрады. Күн сайын бір игі іс атқаруды алдына мақсат етіп қойған секілді.

Ол өзі бұрын мектепте директор еді. Білемін, жалақысы да көп болатын. Ауыл қарияларының «ауылды көркейтуге қызмет ет» деген өтінішін жерге тастай алмай, әкімдікке келді. Бәлкім, жалақысы төмендеген болар, бірақ, еткен еңбегі арқылы абыройы көтеріліп келеді. Мұны «адамға алдымен керегі – ақша емес, абырой» дейтін жандар жақсы түсінеді

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика