Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Мақтааралда алып мектеп пайдалануға берілмек

Мақтааралда алып мектеп пайдалануға берілмек

Биылғы жылы Мақтаарал ауданында он үш мектептің құрылысы жүріп жатса, оның сегізі жаңа жылға дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Тіпті, қазан айында да оқушы қабылдауға дайындары бар екен. Соның бірі –  аудан орталығы Мырзакенттегі жаңадан бой көтерген шағын аудандағы 1200 орындық алып мектеп. Ол білім ошағаның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстың сапалы жүруін назарда ұстап отырған аудан әкімі Бақыт Асанов апта басында нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалады.

Айта кетерлігі, аталған алып мектептің жобалық сметалық құжаттамасы бойынша елімізде бірде бір мектеп салынбаған. Ғимарат құрылысының алаңы 2,7 гектарды құрайды. Іште 200 орындық мәжіліс және спорт залы бар. Ал, мектептің асханасы 420 орынға арналған. Мұндай үлкен спорт зал мен асхана Мақтааралдың мектептерінде бұған дейін болмаған. Сыртқы аулада салынып жатқан футбол, болейбол, баскетбол алаңдары да кеңдігімен ерекшеленеді.

Қазіргі таңда мектептегі физика, химия, информатика, мультимедиялық және лингафондық кабинеттерді соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша оқушылар түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалатын болады.

Жаңа нысан жайында аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев былай дейді: «Мектеп ауданда су тасқынынан зардап шеккендерге арнап бой көтерген жаңа шағын ауданнан салынды. Біз білімді талап ету үшін бірінші базаны жаңартуымыз керек. Жаңа құрал-саймандар болу керек. Оқушылар ескі парта мен тақтада отырғанда қалай заманауи білім туралы айтамыз? Сондықтан біздің балаларға осындай мүмкіндік жасап отырған басшыларға алғысымыз шексіз».

Нысанның ішін аралап көрген аудан басшысы да құрылыстың сапасын тексеріп, базалық-техникалық жабдықталуына үлкен мән берді. Мердігер мекеменің басшысына нысанның құрылысын өз мерзімінде сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, нысанның сыртқы жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.

Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бас мердігер «АРТ-Құрылыс» серіктестігі тарапынан құрылысы жүріп жатқан алып нысан үшін Үкімет резервінен 2,6 миллиард теңге қаржы қаралған.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика