Биылғы көктемнің алғашқы айы әдеттегіден өзгешелеу болды. Қар көп, күн суық. Дегенмен, диқан біткен күннің жылт ете қалған сәтін тиімді пайдаланып қалуға ұмтылуда. Әсіресе, ағаш-талдардың оянар шағында тиісті шараларды істеп үлгеруден кеш қалмау маңызды. Жалпы, көктемде тал-дарақтарға қандай күтім жасау керек? Осы сауалға жауап алу үшін біз Сайрам, ауданы Қарабұлақ ауылында тұратын Жолдасбек Рахмановқа жолықтық. Ол өз білгендерін оқырмандармен бөлісуден бас тартпады.
– Ес біліп, етек жапқалы бау-бақша жұмысынан шет қалған емеспіз. Әкеммен бірге жүріп, көп нәрсе үйрендім. Ал, тал өсіріп, көшет баптаумен тұрақты айналысып келе жатқаныма 15 жыл болды, – деді Жолдасбек Рахманов. – Ауладағы төрт соттық жерде 70-80 түп жеміс ағашы бар. Әрқайсысында кемінде жемістің үш түрі, көбінде жеті, сегіз түрі пісіп шығады. Мысалы, бір түп ағаштың өзінде алманың көктемде, жазда және күзде пісетін түрлері бар. Сонда бір түп алмадан көктемнен бастап қара күзге дейін кезегімен өнім алуға болады. Ал бір түп ағаштан алма мен алмұрттың қатар өсіп тұрғанын көрген талай адам таңдай қағып жатады. Алманың әр мезгілде пісетін «семерянка», «бес жұлдыз», «конфетка» деп аталатын түрлері, алмұрттың ұзыны, домалағы, томпағы бір ағашта өсе береді. Қара өрік сары өрік, шабдалы да солай.
Мен бұл жетістікпен тоқтап қалғым жоқ. Енді жаңадан сорттар алуды ойластырып жүрмін. Бірақ әзірге ол жайында таратып айтқым жоқ. Дайын болғанда көргендеріңіз дұрыс деп ойлаймын. Мұның бәрін бау-бақша өсіруге деген қызығушылықтан туған, яғни хоббиім десем де болады. Бос уақытымның бәрі осы бау-бақшаның ішінде өтеді. Себебі бұлар да перзенттерім секілді күтімді, мәпелеуді қажет етеді. Әйтпесе жабайыланып кетеді.
Негізінде әрбір ағаштың арасы бес-алты метр болғаны дұрыс. Мен де жер тар болғандықтан әр ағаштың арасын 2-2,5 метрден асырмаймын. Төбесін биіктетпей кесіп отырғандықтан, өнім де ірі болады. Төрт соттық бау-бақшада жеміс ағаштарынан бөлек қияр, редиска, пияз, сәбіз, сарымсақ, болгар бұрышы, баклажан, көк шөптердің де түр-түрі өседі. Ерте көктемде кленка астына көкөніс егемін. Соның арқасында балалар ақпан айынан бастап өз бақшамызда піскен табиғи өнімді жей бастайды. Қысқа дейін базардан ештеңе сатып алмаймыз. Балалардан артылғанын тосап жабамыз, сатамыз.
Ағаштар да тіршілік белгісі, сол себепті ауырады. Аурудың алдын алу үшін оларға көктемде гүлдемей тұрып бір рет дәрі себемін. Гүлдегеннен кейін де құрт-құмырсқаға қарсы тағы бес рет дәрі шашамын. Сонда ғана құрт түспей, өнім таза, әрі үлкен болады. Жерді мүмкіндігінше тиімді пайдалану үшін ағаштардың арасына сорты жақсы көшеттер отырғызып, оны сатамын. Көшет алатын тұрақты клиенттерім бар. Олардың арасында бірде-біреуі шағым айтып келген емес. Тек қана алғыс айтады».
Бесаспап Жолдасбек ағаның қолынан келмейтіні жоқ екен. Жастау кезінде техниканың тілін жақсы меңгергендіктен, осы салада арнайы мамандық алып, жұрттың бұзылған техникаларын жөндеумен айналысқан. Бұл қызметке деген сұраныс азайған уақытта электрик ретінде қызмет көрсетуге ауысқан. Ал бүгінде электриктің қызметіне деген сұраныс күннен күнге артпаса, төмендеп отырған жоқ. Әліге дейін тапсырыспен қызмет көрсетіп жүр. Соның арқасында бос уақыт деген болмайды екен.
Құдай қосқан қосағы екеуі тәрбиелеп өсірген екі ұл, үш қыздан бүгінде жиырмадан астам немере, сегіз-тоғыз шөбересі бар. Бүгінде өз білгендерін осы немере-шөберелеріне үйретіп жүр. Тіпті, үйрену үшін үйіне мектеп оқушылары да келіп тұрады екен. Өткен жылы отыз шақты бала апта сайын келіп, бағбандықтың қыр-сырын үйренген. Нәтиже де жоқ емес, бірнешеуі республикалық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінген. «Менің түсінігім бойынша еңбек жемісті болу үшін тек қана оқу аздық етеді. Он пайыз теория болса, оны тоқсан пайыз тәжірибемен ұштастыру керек. Әйтпесе нәтиже болмайды», – дейді кейіпкеріміз.
Иә, шынында да ерінбей еңбек еткен жанның алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайды. «Еңбек ет те егін ек, жарымасаң маған кел. Белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел» – деген мәтел осындайда айтылса керек. Бірнеше мамандықты игеріп, ерінбей еткен еңбегінің жемісін көріп келе жатқан Жолдасбек ағаның өмір жолы, кәсібі көптеген жастарға үлгі боларлықтай. Әсіресе, ауылды жерде жұмыс жоқ деп бос сенделіп жүрген жас жігіттерге ой салса екен дейміз. Оның үстіне ағаш егіп, тал-дарақ өсіру – өте сауабы мол іс. Қанша дегенмен, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз босқа айтылмаған ғой.