Пандемияға байланысты өткен оқу жылында ел тарихында тұңғыш рет алғашқы қоңырау қағылмады. Көптеген білім ордаларының есігі оқушылар үшін жабық болып, оқу түрі онлайн форматқа көшті. Биыл жағдайдың біршама тұрақталғаны байқалуда. Осыған байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бұйрығымен мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отырғандар үшін алғашқы қоңырау соғылатын болды.
Жасыратыны жоқ, бір жыл бойы мектептердің қаңырап бос тұрғаны белгілі. Бұл жағдай сала қызметкерлеріне кері әсерін тигізген жоқ па, жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай? Осы сұрақ бойынша біз Түркістан облысындағы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің басшыларына хабарластық. Бәлкім дайын емес болар, әйтеуір сауалымызға күмілжіп жауап бергісі келмегендер де, керісінше орынды сауал екен деп өздерінің дайындықтарын жан-жақты баяндаған басшылар да болды. Сонымен аудандар білім күнін қандай дайындықпен қарсы алмақ?
Жанат МҰСАТАЕВА, Отырар ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: – Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары өз деңгейінде деп айта аламын. Білім саласына қарасты мектеп, мектептен тыс мекеме, балабақшаларды қосқанда 70 мекеме жұмыс істейді. Жаңа оқу жылын 12164 оқушы 693 сынып комплектісімен бастағалы отырмыз. Сонымен қатар, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының 2019 жылғы 19 сәуірдегі №05/1572 хатына сәйкес мектеп жанындағы шағын орталықтарды жабу бойынша жұмыс жүргізілдуде. Оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 213 940 728 мың теңге қаржы қаралған.
Білім беру процесі коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу негізінде білім беру ұйымдарының тәртібіне, мазмұнына және жұмысын қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Педагог кадрлар мен техникалық қызметкерлер толықтай вакцинациядан өтті. Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдары «Ашық» жүйесіне тіркелген.
Аудандағы 40 мектептің 10-ы кіші қазандықпен, қалғандары автономды жылу қазандықтарымен жылытылады. 38 мектепке 9202 тонна қатты отын алынуда. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, мектептер оқушыларды қабылдауға дайын.
Ақшагүл БЕРДАЛИЕВА, Шардара ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
– Ауданда 30 білім беру ұйымдарының желісі бар. Жаңа оқу жылын 20 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отырмыз. 1-сыныпқа 1888 бала қабылданды.
1 қыркүйекте өтетін іс-шарада алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» мен «Букварь» оқулығы табысталады. Мектеп формасы міндетті емес. Бұл ретте мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат етіледі. Білім қоры арқылы 2373 оқушыға мектеп формасы мен оқуға қажетті құралдар табыс етіледі. Білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және маска режимі сақталады. Барлық мектепте «Ashyq» жобасы іске қосылды.
Ағымдағы және қысымдау жұмыстары білім ұйымдарында 100 пайыз аяқталды. Жаңа оқу жылына «Оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша көркем әдебиеттерді» жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Роза АМАНОВА, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: – Ауданда 67 білім, 46 мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен 5 мектептен тыс мекемелер ашық қосымшасын алып, жұмыс істеуде. Барлық мектептер қысқы қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылына 2728 оқушы 1-сыныпқа қабылданды.
Вакцина бойынша айтар болсам, мектепке дейінгі мекеменің 710, мектептердің 2946, мектептен тыс мекемелердің 111-і қызметкері екпе алған. Аудандағы білім беру мекемелері толықтай «Ашық» қосымшасын алды. Санитарлық құрал-жабдық қорымен толық қамтылған. Аз қамтамасыз етілген 2533, жетім, жартылай жетім 500 оқушыға мектеп формасы, сөмке, кеңсе заттары мен керекті спорттық және аяқ киімдер, демеушілер есебінен 200 оқушыға мектеп формасы мен кеңсе заттары берілді.
Құралай ШАДИЕВА, Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: – Сайрам ауданында 175 білім мекемелері жұмыс істейді. Сыртқы әжетханаларды жауып, жылы сумен қамтамасыз етілген ішкі әжетханалар қосылды. Мектептердегі бейнекамереларды тікелей ішкі істер басқармасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бюджет есебінен санитарлық сақтық шараларына қатысты заттар толығымен қамтамасыз етілуде. Індетке қарсы вакцина қабылдау басты назарға алынған және кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Оқушыларды 100 пайыз оқулықпен қамту жоспарланып отыр. Үзіліске кіру-шығу қоңырауларының орнына қазақтың күйлерін қою жұмыстары жүргізілуде. Мектеп директорларын ротациялау биыл алғаш жүзеге аспақ. Ол бойынша да жұмыстар атқарылуда. Ауданымызда білім саласында инновациялық және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында балаларды балабақшаға электронды қабылдау жүйесі іске қосылды.
Әзірге бізге мәлімет ұсынған аудандардағы жаңа оқу жылына деген дайындық деңгейі осындай екен. Бір жылдық үзілістен кейін, қайта дәстүрлі жағдайдағы оқу жүйесіне кірісіп кету оңайға соқпайтын болар. Дегенмен, білім саласының мамандары білектерін сыбанып, жұмысқа жаңа күшпен кірісуге даяр отырғаны байқалады. Бәріне уақыт төреші, лайым жаңа оқу жылы жаңа күшпен, жаңа леппен басталсын деп тілейміз!