Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Интернетті игілікке айналдырған келін

Интернетті игілікке айналдырған келін

Қазір көпшілік үйде отырып-ақ, интернет арқылы табыс табуға көшті. Олардың ішінде инстаграмды табыс көзіне айналдырып, қыруар қаржы тауып отырған жас келіндер де көп. Әсіресе, карантин кезінде онлайн-қызметке сұраныс артып, бұл мүмкіндіктің ауқымы ұлғайды. Интернетті игілік көзіне айналдырып отырған жас келіндердің бірі, Түркістан облысы, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында тұратын Ұлдана Қуанышева өзінің онлайн жетістігінің қыр-сырымен бөліскен еді.

Ұлдана инстаграм желісіне «super_anashum» атауымен тіркелген тұрақты қолданушы. Бүгінде оның парақшасына 156 мыңнан астам оқырман жазылған. Қызық та құпиясы мол әлемге алғаш қалай еніп кеткені жайында Ұлдана былай дейді.

—Екінші сәбиімді 2018 жылы дүниеге әкелгеннен кейін мен депрессияда болдым. Бұл өзгеріс жас босанған аналардың біразында болады деп ойлаймын. Сол кезде группалас құрбым мені инстаграм арқылы өтіп жатқан «Асыл шаңырақ» жобасына қатысуға шақырды. Осылайша құрбымның айтуымен, қолдауымен жобаға қатыстым. Бұл байқау өзім сияқты жас аналардың блог бастауына демеу беретін қолдаушы жоба болды. Екі-үш ай шамасында блог жүргізгеннен кейін ол жоба жабылып қалды. Кейін парақшамды өзім дамытып,  түрлі лайфкахтармен, фото түсіріп, видео өңдеп, қызықты идеялармен оқырмандарымды көбейте бастадым. Қолынан іс келетін кез-келген қыз-келіншектің блог жүргізіп, одан табыс табуына керемет мүмкіндік бар. Бұл көптеген оқырманның сынына шыдас беріп, оны елемей, тек қана алға ұмтылатын қыз-келіншектердің қолынан келетін шаруа деп ойлаймын.

Қазір Ұлдананың негізгі табыс көзі — инстаграм арқылы жарнама жасау. «Егер торт пісіріп, киім тіксеңіз немесе киім-кешек сататын дүкен ашсаңыз, қолыңыздан келетін қандай да өнеріңіз болса, оны инстапарақша арқылы көрсетіп, тұтынушыға ұсынып, табыс таба аласыз. Сондай-ақ, жарнама жасау, қыз-келіншектерге арналған шеберлік сағаттарын, курстар, марафондарды ақылы өткізуге болады», – дейді ол. Ұлдана қазір үйде отырып-ақ, инста парақшасы арқылы айына 200-500 мың теңге аралығында табыс табады. Егер шындап кірісіп, барлық назарын осы іске арнаса айына миллион теңгеге дейін  қаржы табуға болатынын айтады. Бүгінде карантин кезінде кейіпкеріміз парақшасы арқылы қыз-келіншектерге арналған киім сатумен айналысуда екен.  Ұлдана Қуанышева қазақ аудиториясына қызмет ететін блогер келін.

— Өзім шетел және орыстілді аудиторияларды қаламаймын, қазақтілді оқырмандарды жақсы көремін. Екі перзентім бар. Бастапқыда бұл істі бастағанымда балаларым тым кішкентай болды. Балалармен, үй шаруасымен арпалысып, тіпті, түнгі ұйқымды қиып жүріп, түрлі қиыншылықтармен бастадым. Бірақ, оқырмандарыма оны барынша білдіртпей, керемет көңіл-күйдегі фото-видеоларымды жүктейтінмін, — дейді инстакелін.

Бір қызығы, блогер келін елге ерте танылып үлгерсе де, оны өз енесі тым кеш біліпті. Енесі жұмыстан келгенше барлық шаруаны жайлап үлгеретін Ұлдана интернет жұмысын да аяқтап, кешке ештеме болмағандай ас-суын қамдап отыратын. Тек сегіз айдан кейін, Алматыдағы «Евразия2» арнасының «Кешкі кездесу» хабарына тележүргізуші Аман Тасыған арнайы қонақ болуға шақырды. Енесі сол кезде Алматыға баруға сұранғанда бір-ақ білген екен. «Ол сені қайдан таниды, қалай шақырды, блогер деген не?» деп таңқалған апасының сауалдарына жауап бере отырып, өзінің қызығушылығымен таныстырған болатын. Ал, жолдасы Ұлдананы әркез қолдайды. Түрлі идеялар айтып, пікір бөліседі.

Алғашында ауыл келінінің күнделікті тыныс-тіршілігін, күйбең тірлігін,  үй жинау, тамақ пісіру сәттерін жариялайтын блогер келін кейін бұдан оқырмандары аздап жалыға бастағанын айтады. Бұл кезде ол парақша жүргізудің бағытын өзгерте бастады. Яғни, қыз-келіншектерге арнап бет күтімін жасау, шоппинг сияқты қызығушылықтармен бөлісті. Ал, қазір байырғы оқырмандары «келіндік өмірді неге көрсетпей кеттіңіз?» деп сұрайды екен. Жазылушыларын жалықтырып алмас үшін бағытты өзгертіп тұрған маңызды дейді Ұлдана. Ал, үнемі фото-видео түсіріп, оны жұрт назарына тұрақты ұсынып отырғаннан блогердің өзі жалықпай ма? Бұл сұраққа инста-келін: «Иа, жалығып кететін кездер болады. Фото, видео монтажы көп уақытты алады. Ондай кезде бір-екі күн демалып, қайта кірісіп кетемін» дейді.

Үй шаруасымен айналысып, бала күтімін жасап, әрі мол табыс тауып отырған келіндердің өмірі замандастарына үлгі десек болады. Позитивті жас аналар жаңа заманда интернеттің игілігін көріп, оның пайдалы жағын берекелі бизнеске айналдырып отыр. Бұл — үйренетіндей-ақ іс!

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика