Газетіміздің өткен нөмірлерінде Шардара ауданының Қызылқұм ауылында жөнделіп жатқан канал жұмысшыларының наразылығы жайында мақала жарияланған болатын. Атап айтқанда, «Жұмысшы құқы қалай қорғалады?», «Аспаз бен мердігердің текетіресі» атты тақырыптармен жарық көрген мақалаларда аты аталған Ерсұлтан Әбдіраманов (суретте) кешегі аптада редакцияға келді. Мақала дайындалып жатқан уақытта екі тараптың да уәжін білмек оймен бұл азаматқа арнайы хабарласқанымызда «мән-жайды қорғаушым біледі» деп қысқа қайырған еді. Енді шағым иелерінің мақалада айтқан уәждерімен келіспейтінін, шынайы жағдайдың мүлдем басқаша өрбігенін баяндауға бекініпті.
Әрине, Е.Әбдірамановтың бұл әрекетін біз дұрыс қабылдадық. Өйткені, ақиқат екі тараптың уәжінен кейін айқындалатыны рас. Сонымен, Ерсұлтан Әбдірамановтың шындығы қайсы?
«Мені айыптап жүрген Әлия Байбосынова мен Айнұр Оразбекованың айтқандары шындыққа жанаспайды. Бұл азаматшаларға жұмыс беруші мен емеспін. Менің жұмысқа қабылдайтын, шығаратын құзырым жоқ, – деп бастады өз ақиқатын Ерсұлтан Әбдіраманов. – Дұрысы – «Мелиоратор» ЖШС жалдамалы жұмысшылардың еңбекақысын 2020 жылдың мамыр айынан бастап менің «Заңғартау» ЖК арқылы төлеп отырды. Оған дейінгі ұжым ішіндегі кикілжің, ұрыс-керістен бейхабармын. Ә.Байбосыноваға бекітілген айлық сомасы – 80 мың теңге. «Заңғартаудан» қолына 79 мың теңге жалақысын санап алып отырды. Олардың айлығын Шардара қаласына барып, алып келгенім үшін жолақы ретінде мың теңгені өзіме алып қаламын. Мұның бәрі басында өздеріне де ескертіліп, екі жақты келісіммен жүзеге асқан. Жалдамалы жұмысшыларға жалақыны ЖК арқылы төлеу тиімді болды. Себебі, кейбір салық түрлері ұсталмайды, яғни жұмысшылардың қолға тиетін нақты ақшасы көбірек болады. Осыны білген соң олардың өз өтініштерімен ауызша келісім болды. Басқа жұмысшыларды куә ретінде сұрауға болады. Олардың «жалақымызды 50, 47 мың теңгеге дейін төмендетіп жіберді» дегендері мүлдем жалған. Менде олардың құжаты жоқ. Қажет болса өздерін жұмысқа қабылдаған мекемеден сұрасын. Жалақыны да беретін солар. Мен тек жеткізіп берушімін. Мен де олар секілді «Мелиоратор» ЖШС-ында жұмыс істеп, жалақы алып жүрдім».
Біздің мақсатымыз біреуді кінәлау емес, керісінше шындықтың су бетіне шығуы еді. Сол себепті дауласып жүрген екі тарапқа да қатысы жоқ, бейтарап бірқатар жұмысшыларға хабарласып көрдік. Өзін Құралай Палапанова деп таныстырған азаматша бұрын «Мелиоратор» ЖШС-ында тазалықшы болып жұмыс істеген екен. Қазір сол серіктестікте комендант қызметін атқарады. «Әлия мен Айнұрдың айтып отырғандарымен келіспеймін, – дейді ол. – 45, 50 мың теңге жалақы ешқашан болған емес. Шамасы олар алдын ала алып қойған аванстарын ұмытып, есептемей отырса керек. Үй жөндеймін деп Ерсұлтаннан алдын ала 30-40 мың теңге алып отырғанын білемін. Жалақы беретін кезде бәрімізді асханаға жинап, қолма қол ұсынатын. Олардың арасында Айнұр мен Әлия да болады. Жалақыны таратқан соң барлығымыздан «дұрыс па, түгел ме» деп нақтылап сұрайды да, зейнетақы қорына өзіміз құю керектігін ескертеді. Бәріміз осыған келісеміз».
Аспазшы болып жұмыс істейтін Гүлсара Тойланованың да айтары осыған саяды. «Жалақы таратарда ақша келді деп шақырып, көзімізше үлестіретін. Зейнетақы салымын ұстама деп өзіміз өтінгенбіз. Аз жалақыдан 7-8 мың теңге зейнетақы салымын ұстау тиімсіз болды. Айнұр мен Әлия қарыз алып отырған. 1-2 рет несие төлеймін деп алғанын естігенбіз. Айнұр 30 мың теңге алып едім деп өзі айтты. 10 мың теңге жедел тауып берші деп сұрағанын да естігенмін. Керек кезде Ерсұлтаннан өзім де ақша алып тұрғанмын, кейін жалақыдан ұстап қалады. Ерсұлтан бәрімізге көмегін ұсынбаса жамандық жасаған кезі жоқ. Оған өзім куә. Жұмысқа кірерде Ерсұлтанның атына өтініш жазбағанбыз».
Маған жала жабылды деп келген Е.Әбдіраманов пен жұмысшылардың сөздерін өзгеріссіз беріп отырмыз. Айтқандарының қаншалықты ақиқат екеніне, істеп отырған әрекеттерінің қаншалықты заңды екеніне өздері жауапты. Біздің міндетіміз – екі тараптың да пікірлерін оқырман назарына сол қалпы ұсыну. Жалған айтқандар болса, заңсыз әрекеттер байқалса онымен арнайы айналысатын құзырлы органдар бар. Осы мәселеге қатысты тараптардың тағы айтары болса, газет бетінен орын беруге таршылық етпейтінімізді де ескерткіміз келеді. Әрине, дау өздігінен тұтанбайды. Бір кемшіліктің, шикіліктің бары сөзсіз. Оны тиісті орындар анықтай жатар. Ал тараптар татуласып жатса, тіпті жақсы.