Сайрам ауданының Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауын насихаттаған аудан активінің мәжілісі өтті.

Актив отырысына аудандық мекемелер мен
құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, этномәдени орталықтарының өкілдері және онлайн форматта округ пен кент әкімдері қатысты.
Алқалы жиында бірқатар баяндамашылар жарыссөзге шығып, Жолдау аясында берілген тапсырмалар мен атқарылатын жұмыстар жөнінде өз ойларын ортаға салды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің проректоры, доцент Сәкен Мәжінбеков Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары пандемиядан кейінгі кезеңде ауданымыздың экономикалық дамуы, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталды. «Аудандағы елді мекендер 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

2021 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 87,7 млн.теңгеге Ынтымақ және Әйтеке би ауылдарының сыртқы су құбыры жөнделіп, желіні іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігер анықталды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары қызу жүруде.

Аудан көлемінде 1 276,3 шақырым автокөлік жолдары бар (22 шқ- республикалық, 162,1 шқ- облыстық, 140,5 шқ- аудандық маңызы бар, 951,7 шқ- ішкі шаруашылық автомобиль жолдары), оның 55,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында барлығы 306,4 млн.теңгеге 18 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Мұхтарұлы алдымызда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы міндеттерді сапалы орындау тұрғанын айтып, жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі