Сербия төріндегі өткен бокстан әлем чемпионатында 51 келі салмақта жұдырықтасқан әлем чемпионы, Сайрам ауданының тұрғыны Сәкен Бибосыновты жерлестері әуежайдан күтіп алып, оған зор құрмет көрсетті.
Айта ету керек, Сайрам ауданында биыл спорт саласында 122 облыстық және аудандық деңгейде бұқаралық іс-шаралар өткізілді, қорытындысы бойынша аудан спортшылары 11 алтын, 14 күміс және 33 қола медальдарға қол жеткізді. Жерлесіміз Бибосынов Сакен Токио олимпиадасының қола медаль жүлдегері атанып, еліміздің туын биікке көтергені ел есінде.
Ал, Сербияда өткен әлем чемпионатында бірінші жекпе-жекте Сәкен Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Дусматовты жеңсе, одан кейін үндістандық Дипакты, ширек финалда колумбиялық Олимпиада жүлдегері Мартинесті жеңді. Жартылай финалда тайландтық жас талант Саенгфетті жеңді. Финалда АҚШ мықтысын жеңіп, 51 келіде теңдессіз екенін дәлелдеді.
Талай кездесулерде ғаламат жетістіктерге жетіп келе жатқан былғары қолғап шебері бұл кездесуге жоғары дайындықпен қатар өзіндік тактикасымен барғандығын, 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға қатысып, Токиода алған қоласын алтынға айырбастауға ниетті екенін айтты.
– Жалпы Сәкенге Сербия төріндегі жеребе ауырлау түсті, дегенмен Сәкен осы әлем чемпионатында бабында болды. Қазақ елінің үмітін ақтады. Жоғары деңгейде өнер көрсеткенін шет елдің жаттықтырушылары жарыса айтты, – дейді бапкері Мырзағали Айтжанов.
Сайрамда спортқа, мәдениетке жоғары көңіл бөлінген. Мысалы биыл аудан халқының игілігіне пайдалану үшін Қарасу ауыл округіндегі тойханадан заман талабына сай спорт кешені ашылды, Арыс ауыл округіндегі мейрамхана ауылдық Мәдениет үйіне берілді.