Халқы еңбекқор, ынтымағы жарасқан Сайрам ауданында қол жеткізген табыстармен қатар алдағы күні жүзеге асуы тиіс жобалар да аз емес. Шешілуі тиіс мәселе де баршылық.
Солардың бірі аудан халқының өсіміне байланысты жаңа құрылыс жүргізу үшін бөлінген жер учаскелерінің инфрақұрылым мәселесі күрделеніп отыр.
–Қазіргі таңда 3 ауыл округі бойынша 9 нысанға 250 га жер аумағына инженерлік коммуникация құрылысына құны 5,7 млрд.теңгелік жобалық құжаттамалар дайындалып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Бұл мәселені шешуді күн тртібінен түсірген емеспіз, – дейді аудан әкімі Ұ.Сәдібекұлы.
Ауданда тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген кезектегі азаматтарды баспанамен қамту мақсатында Қарасу ауылындағы 5 дана көпқабатты тұрғын үй құрылысына жоба дайындалып, 2020 жылы жоғарғы бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекетік сатып алу өткізілген (құны 2 597,4 млн теңге). Алайда қаржылар қысқартылған. Нысанды іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. Республикалық бюджетке 2,6 млрд.теңге бөлуге ұсыныс берілді. Қаржы мәселесі шешілсе, кезекте тұрған 300 адам тұрғын үймен қамтылады.
Ауданда халық тығыз орналасқан. Жыл сайынғы бала өсімін (1500 балаға) ескерсек, ауданға жылына кем дегенде 600 орындық 2 жаңа мектеп құрылысы қажет. 4,1 млрд.теңгеге 5 білім беру нысандар (1 жаңа мектеп, 4 мектепке қосымша оқу корпустары) құрылысының жобалық құжаттамалары дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды. Қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда 3 ауысымға өту қаупі бар мектептер типтік мектепке ауыстырылып, сынып бөлмелерінің тапшылығы жойылып, оқушылардың терең білім алуына қол жеткізіледі.
Жол – әрбір аудан өмірінің басты күретамыры. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының басым көпшілігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, бүгінгі таңда жолдардың тозығы жетіп, жарамсыз жағдайда болуынан жол көлік оқиғалары жиі-жиі орын алып отыр. Осыған орай аудандық маңызы бар 5 көшені күрделі жөндеуден өткізуге құны 3,5 млрд.теңгеге жобалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды. Жоғарыда аталған жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыруға ықпал ету жөнінде ҚР Сенат депутаты Ә.Бектаевқа ұсыныс жолданған
–Аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондар жетіспеушілігіне байланысты қоқыстарды орналастыру мәселесі өзекті болуда. Жұмыс жасап тұрған 2 полигонның (Қарабұлақ, Манкент) күл-қоқыс қабылдау қабілеттілігі күніне 22,5 тн болса, ал аудан тұрғындарынан күнделікті 5 есе артық күл-қоқыс шығуда. Мәселені шешу мақсатында Қайнарбұлақ ауыл округінен полигон ашу үшін 10 га жер бөлініп, аудан бюджетінен полигон құрылысын жүргізуге 7,5 млн.теңгеге жобалық құжаттама дайындалуда. Және де Манкент ауылынан 3 шақырым аралықта орналасқан 7 га жерге полигон ашу үшін жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудан басшысы.