
Кеш қонақтарын Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, кітап авторының ұжымы Сайрам АОКЖ қызметкерлері қарсы алды. Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Жанат Абанов Шәмші Қалдаяқовтың, француз әншісі Джо Дассеннің бірнеше әуендерін саксафонда орындады. Кештің негізгі бөлімін Сайрам ауданық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гульнара Тынымбаева ашып, Роза Сандыбайқызына ақ тілегін білдіріп, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтің атынан алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпатын табыстады. «Күзгі әуен» кітабының тұсауын ҚР мәдениет қайраткері, ауданымыздың Құрметті азаматы Сейдуалы Темірбаев және ақын, жазушы Баян Тіленшина шешті. Кеш қонақтары мен көрермендерге жаңа кітап сый ретінде таратылды. Шығармашылық кеш барысында ақынның өмір жолы жайлы бейнетүсірілім көрсетіліп, өлеңдерін кітапхана оқырмандары оқыды, сонымен қатар, оның өлеңдеріне жазылған «Мөлдір сезім», «Күттім сені», «Дәрігерлер», «Ортақ Отан – Қазақстан» әндерін мәдениет үйінің әншілері шырқады. Кешке келген тыңдарман қауым ақынның қолынан естелік ретінде қолтаңбалар алып, өрнекті өлеңдерінен сусындап, әндерін сүйсіне тыңдап, поэзия әлемінің қыр-сырына қанықты.