Көктем де басталды. Енді қыбырлаған жәндіктер мен құрт-құмырсқаның бәрі жер бетіне шыға бастайды. Биыл күннің жылы болуына байланысты қаңтар айынан бастап кенелердің қойларға жабысып жатқанын айтып, дабыл қағушылар болды. Әсіресе Шардара ауданынан хабарласқан Қанатәлі Бегалиев есімді зейнеткер шаруаға жыл сайын қамқорлықтың азайып бара жатқанын айтып, көмек сұраған болатын.
«Жылда мал дәрігерлер ауылдағы қой шомылдыратын орынды тазалап, құйылған суға креолин араластырып беретін. Креолинге тоғытылған қойға кене жабыспайды. Кене жабыспаған қойдың құрттамайтыны да белгілі.
Биыл мал дәрігерлері қойларды креолинге шомылдырмаймыз деп отыр. Сөздеріне қарағанда дәрі ексе, кене жабыспайды екен. Мен бұл жемқорлыққа апаратын жол деп есептеймін. Себебі адамдар өз денсаулығы үшін вакцина салдырмай жүр. Тіпті түрлі жолдармен өтірік анықтама алып алады дегенді де естудеміз. Өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын адамдар біртіндеп қойларына дәрі еккізеді дегенге кім сенеді? Келісіп дәрі екті деген анықтаманы алып қоя салса қайтеміз, ал бұл сыбайластық емей немене?
Біз ауыл тұрғындары қойларды креолинге шомылдыруды тоқтатпау керек деген пікірдеміз. Үкімет бір ауылға 4-5 литр керолинді беруге мүмкіндігі жоқ болса, біз өзіміз-ақ оны сатып аламыз. Тек жергілікті басшылар мен мал дәрігерлері жұмысты ұйымдастырып берсе болды. Ал қалаған адам дәріні де еккізе берсін, біз оған қарсы емеспіз».
Осы мәселе бойынша біз Түркістан облыстық АШБ ветеринариялық қызмет кәсіпорнының басшысы Есен Оспановқа хабарластық. «Қазір біз малдарға инекция егеміз, креолинге тоғыту тоқтатылған. Дәрі егудегі мақсат қойды құрттатпау емес, қырқым кезінде адамдарға қырым қанды безгегін жұқтырмаудың алдын алу. Себебі бүгінде малдың бәрі жекеменшік. Бұрын мал Үкіметтікі болатын. Жауапкершілік Үкіметтің мойнында еді. Сондықтан қазір креолинге тоғыта ма, дәрі еккізе ме, ешбірін істетпей ме оны адамдардың өздері біледі», – дейді ветеринария қызметінің басшысы.
Аталған мәселе Шардара ауданында орын алғандықтан, біз жуырда аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің қатысуымен өткен кездесуде ветеринарлық қызметтің аудандағы бөлімнің басшысы Бақытжан Мыңбатыровқа да Қ.Бегалиевтің көтерген мәселесін жеткізгенбіз. Сол кезде Б.Шомпиев: «Тұрғындардың көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Біз креолиннен түбегейлі бас тартпауымыз керек. Адамдар өздері түсінгенше креолинге тоғыту мен инекция егуді қатар жүргізе берсін. Инекция егеді деп креолиннен түбегейлі бас тартпасын. Себебі біз мал жекеменшік деп қарап отыра алмаймыз. Мақсатымыз малдан тарайтын ауруға жол бермеу. Адамдардың алдында таңдау болғаны дұрыс», – деп өзінің пікірін білдірді.
Әрине, мұндай пікірмен келіспеуге болмайды. Расында мал жекеменшіктікі деп немқұрайдылыққа салынуға болмайды. Ауру малдың қаупі жекеменшік немесе Үкіметтікі екеніне қарамайды. Айтқан жерден аулақ, біз қолда бар креолиннен бас тартып, инексия егу үшін мемлекеттік тапсырысты күтіп отырғанда қырым қанды безгегі шықса не болады? Оған кім жауап береді? Ал кене көбейген сайын ол аурудың да қауіптілігі жоғарылай беретіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті қойға немесе басқа да үй жануарларына кене шақпас үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек.
Ұ. ТӘМЕНОВ.