МӘМС жарнасы қалай төленеді?
Сұрақ: – Осы кезге дейін емхананың есігін ашып көрмеген едім. Былтыр күзде денсаулығым сыр беріп, емханаға барсам, МӘМС жарнасы төленбеген болса тегін қызмет көрсете алмаймыз дейді. Жеке клиникаға барсам да ақы төлеймін ғой деген оймен «Жарайды, төлейін десем, «МӘМС жүйесі енгелі пәлен жыл болды, сол жылдардың бәрін төлеу керек» дейді. Қой деп қолымды бір сілтеп, үйге келіп, өзіме өзім ем-дом жасадым. Дегенмен көңілімде күдік қалып қойды. Құдай бетін аулақ қылсын, тағы да ауыра қалсам, емханаға баруым керек болса, маған 2-3 жылдың ақшасын төлеттіре ме? Бұл қаншалықты дұрыс?
Сабырхан,
Ақбастау ауылы, Түркістан облысы.
Жауап: – Сақтандырылған мәртебесінде қалу және МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқық алу үшін бұл жүйе енгізілгеннен бастап бүкіл кезең үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Соңғы 12 айда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды төлеу жеткілікті. Мысалы, 2022 жылғы ақпан үшін 2021 жылғы ақпаннан 2022 жылғы қаңтарға дейінгі кезең есепке алынады. Егер сізде осы кезең ішінде жарналар төленбеген айлар болса, олардың мәртебесін қалпына келтіру үшін сол айларға жарналар салу жеткілікті. Бұл «МӘМС туралы» Заңның 5-бабының 3-тармағында анық көрсетілген.
Сұрақ: – Шетелде тегін емделе аламыз ба?
Сәния, Арыс қаласы.
Жауап: – Қазақстандықтарға шетелде емделу тегін медициналық көмек көлемімен кепілдендірілген. Пациенттерді бюджет қаражаты есебінен, яғни ТМККК пакетінде шетелге емделуге жіберу бағдарламасы Қазақстанда 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Осылайша, қазақстандық пациенттер өзімізде жеткілікті дамымаған немесе мүлдем жүргізілмейтін жоғары технологиялы медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Бұл орайда республикалық денсаулық сақтау ұйымдарынан келетін өтініштер шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның жұмыс органы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасына келіп түседі.
Пациенттің құжаттарын толық қабылдап алғаннан кейін, оған жеке куәліктің көшірмесінен басқа медициналық ұйымның зерттеме қорытындысы және науқастың сырқатнамасынан үзінді-көшірмесі қоса беріледі. Жұмыс органы емдеу бағдарламасын және шығыстарды калькуляциялауды алу үшін бейінді шетелдік клиникаларға сұрау салулар жібереді. Жиналған ұсыныстар 20 жұмыс күні ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама комиссиясының қарауына жіберіледі. Ол қандай да бір клиниканы таңдау туралы шешім қабылдайды. Квота барлық қажетті қызметтерді, сондай-ақ пациенттің және оның алып жүрушінің көлік шығындарын жабады. Бірақ, клиникадан тыс жерде тұру, тиісті донорлық органның күту кезеңі, емдеу бағдарламасына жатпайтын қосымша медициналық қызметтер үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді. Сондай-ақ, өз бастамасы бойынша елден тыс жерге емделуге кеткен азаматтардың жұмсаған қаражаттары өтелмейді.
Сонымен бірге, егер қажетті рәсімді, манипуляцияны Қазақстанда өтуге немесе науқас ауыр жағдайда болса және медициналық араласу оң нәтиже бермесе, науқастың жағдайы тасымалдауға жарамаса немесе тиімді емдеу әдістері жоқ ауру болса мемлекет есебінен шетелге емделуге жіберуге рұқсат етілмейді.
Сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура САПАРБЕКОВА жауап берді.