Шымкентте әдемі дәстүр бар еді. Елдің бәрі Наурыз мерекесін демалыс аймағы аталып кеткен маңда тойлайтын. Ипподромда ат жарыс өтетін. Көкпар, қыз қуу, теңге алу сияқты ұлттық ойындарды Шымкент қаласының тұрғындары тайлы-тұяғымен барып тамашалап қайтатын.
А.Асқаровтың көзіндей болған сол ипподромның жеріне алпауыт бір құрылыс компаниясының көзі түсіп, оған жергілікті әкімнің де келісімді тез бере қалуымен сатылып кеткенін жақсы білеміз. Баспанасыз жүргендер көп. Соларға баспана боларлықтай көпқабатты үй салынып жатса мейлі деп елді жұбатқаны да есімізде. Бірақ, сол құрылыс компаниясы «Тұрғын үй салмай тұрып, ең алдымен ипподром салып беремін» деп уәде етіп еді. Шымкенттің әкімі де халыққа «Бозарық жақтан заманауи, халықаралық талапқа сай ипподром салғызып аламыз» деген. Сол уәде күшінде ма, әлде… Ипподром қайда? Бозарықтан салынады деген жаңа нысан жайлы неге елге ақпарат берілмейді?
Міне, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі де келіп жетті. Наурызға арналған той-томалақтың бәрі де ескі қалада өтеді екен. Ол жаққа жету де қиын. Қаланың жаңа келбеті саналатын Нұрсат, Тұран, Шымсити, Бозарық, Қайнарбұлақ, Қайтпас, Асар тұрғындары Наурызды қайда барып тойлайды? Бала-шағаны апарып, баяғыша Наурыз көрсек деп едік. Ескі қала орнындағы той сонда тек әкім-қараларға көрсету үшін ғана ұйымдастыралатын көріністер ме?
Жалпыхалықтық Наурыз тойымызды қайтарыңдар! Ипподромда өтетін Наурызды сағындық. Тайлы-тұяғымызбен қыдырып жүретін халықтық мерекемізді көргіміз келеді.
Асан БЕЙСЕНОВ, еңбек ардагер,
Шымкент қаласының тұрғыны.