Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Мал қораға – аяқжолмен, мектепке – лай жолмен…

Мал қораға – аяқжолмен, мектепке – лай жолмен…

Шымкент-Түркістан бағытындағы жолдың бойында Арыс қаласының Дермене ауылдық округіне қарасты Қызылкөпір деп аталатын елді мекен орналасқан. Тарихы ғасырлар қойнауында жатқан көпірдің атымен аталған ауылдың болашағы жарқын болсын деп тілейміз, бірақ бүгіні мәз емес. Себебі, ауылда әлеуметтік және коммуналдық мәселелер шешімін таппаған.

Әңгіменің әлқиссасын мектепке барар жолдан бастағымыз келіп отыр. Ауылдағы білім ұясына мыңдаған оқушы мен жүздеген мұғалім тар асфальт жолмен жүру қауіпті болғандықтан, кейде жазда топырақты көкке көтеріп, күз бен қыста лайға тобықтан батып барып-келеді. Қыстың қысқа күнінде ауыл шетінде орналасқан отбасылар ұл-қыздарын тас қараңғыда мектепке жіберуден қорқып, ұдайы уайым құшағында отырады. Есесіне ауыл шетінде орналасқан мал қораға барғысы келген жаяу жүргіншілер тротуармен, жарықшамдардың жарығымен жүреді. Бірақ, бұл аяқжолмен жүретіндер некен-саяқ. Осыны көргендегі санада сапырылысқан сансыз ойлар «қора бір дөкейдікі болды ғой, әйтпесе, мектепке баратын жолға емес, мал қораға апаратын жолға аяқжол төселіп, жарықтың орнатылғаны ақылға сыйымсыз көрініс қой, сонда адамнан малдың құны жоғары, бәсі биік болғаны ма?» деген ызалы сауалға жетелейді. Бірақ, ызаланғаннан не пайда, бәрібір билік басындағылар білгенін істеп отыр емес пе? Әрине, бұл жағдайды ауыл әкімінің білмеуі мүмкін емес, алайда одан нәтиже шығаруға ниеті де жоқ секілді, құлқы да байқалмайды. Ал, Арыс қаласының әкімі Гүлнар Құрманбекова бұл жайттан хабардар ма екен? Ауылдарды жиі аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен ұдайы танысып жүрген болса, бұл келеңсіздікті байқамай қалу мүмкін емес. Керісінше жағдайда бейхабар болары анық. Мұның анық-қанығын соңыра айта жатармыз, ал әзірге ауыл адамдарының қазіргі хал-ахуалына құлақ түріп көрелік.

 

«Ауылымызда 55 жылдан бері асфальт төселмеген көшелер бар. Тіпті, Қызылкөпір ауылындағы халық тығыз орналасқан негізгі екі көшенің өзінде аяқ жол, жарық жоқ. Есесіне ауыл әкімі Жұманәлі Кәдиевтің өзіне қатысы бар ауыл шетіндегі фазендаға, яғни қораға апаратын «Үлгілі» көшесіне аяқ жол салып, жарық тартып қойған. Сенсеңіздер ол көшенің оң жағында алты, сол жағында үш үй ғана бар. Бәлкім әкімге адам жүретін емес, мал жүретін жол маңызды болған шығар, кім білсін?! Тұрғындар лай-батпақ кешсе де, қой-сиырлар тротуармен, жарық жолмен жүрсін деген шығар. Халқының қамы үшін жұмыс істейтін, оң-солын, алды-артын дұрыс бағамдай білетін әкім аяқ жолды аз үйлі, қораға апаратын емес, онымен қатарлас жатқан көп үй қоныстанған, мектепке апаратын көшеге төсеу керек емес пе? Мұндай шешім қабылдау үшін көп ақылдың да керегі жоқ. Сол кезде әкім халықтан қарғыс емес, алғыс алар еді ғой. Халықпен санаспай, өзімбілермендікке салынған әкім бұл ісі үшін жауап беруі тиіс», – дейді ауыл тұрғыны Манасбек Шегенов.

Шыны керек, не себепті аяқ жол мен жарықты мектепке апаратын емес, қораға апаратын жолға салғаны бізге де түсініксіздеу болды. Мұның себебін Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Кәдиевтің өзінен сұрағымыз келген. Бірақ, онымен тілдесу мүмкін болмады. Арыс қаласы әкімінің баспасөз хатшысынан да Дермененің әкімімен байланыстыруды бірнеше рет сұрағанымыздан нәтиже шықпады. Сондықтан Арыс қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қазыбек Ақылбайға хабарластық. Ол кісі бұл мәселе бойынша жауапты маманы Абай Қамбаровтың хабарласатынын айтты. Көп ұзамай телефонымызға А.Қамбаров қоңырау шалды. «Сізге «Үлгілі» көшесі туралы мәлімет керек болса, айтайын. 620 метрге аяқжол мен жарық 2021 жылы ауылдық округ әкімінің өз бюджеті есебінен жүргізілген. Қала қазынасынан қаржы қарастырылмаған. Ауыл әкімдері өз бюджетіндегі қаражатты қалай, қайда жұмсау керектігін өздері жоспарлайды. Бізге тек атқарылған жұмыс жайында мәлімет береді», – деді Абай мырза. Иә, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенді атам қазақ осындайда айтқан болса керек.

Журналистік зерттеу барысында белгілі болғанындай, Арыс қаласының әкімі Гүлнар Құрманбековаға бұл жайт белгілі екен. Дәлірегі, осы мәселеге қатысты ауыл тұрғындары тарапынан өзіне шағым түсіп, оны қарау аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүктеліпті. «Кемшілік анықталған жағдайда шара көретін боламыз», – дейді қала басшысы.

Әкім болу – халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлкен мүмкіндігі. Халықтың мұң-мұқтажымен санасып жұмыс істеген әкім көпшіліктің алғысына бөленіп, ақсақалдардың батасын алып өтеді. Ал, қарақан басының, қалтасының қамын күйттеген әкім тұрмысын уақытша түзетіп алғанымен, халықтың қарғысына ұшырап, ақырында абыройсыз күн кешуі ғажап емес. Ел басқару – Алла алдында да, адам алдында да өте жауапты іс. Қиыс кетсең, кесірі ұрпағыңа тиеді. Өкінішке орай, осыны ұғына алмай жүрген әкімдер жоқ емес. Ал, Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Кәдиевтің жоғарыда қозғалған жайтқа қатысты айтары болса, құлақ түріп, уәжін тыңдауға әзірміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика