Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет »   Алдаймын деп, ауыр күнә арқалап қалмайық!

  Алдаймын деп, ауыр күнә арқалап қалмайық!

Бала күнімізде 1 сәуір, яғни күлкі күні аталып кеткен күні әзілі жарасқандардың бірін бірі алдап, сан соқтырып, күлкіге қарық болатындардың талай әрекеттеріне куә болатынбыз. Ондайда оңбай алданғандар «қап, бәлем, сені ме» деп келесі жолы алданған адамына қандай да бір айла ойластырып, бір сүріндірмей тынбайтындар көп. Бұл күні інісі ағасын, қызы анасын алдай беретін. Тіпті, көптеген басылымдар қалың оқырманына жалған ақпарат таратып, жаға ұстатқанды қызық көрді. Әрине, ол үшін ешкім ешкімге ренжіп немесе жаға жыртысып жатпайтын. Бәрі де ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр секілді қабылданды. Бұл енді Кеңес идеологиясының «жемісі».

Әрине, құрдастардың қалжыңына, достар арасында айтылатын әзілге не жетсін. Бірақ, тәуелсіздіктің арқасында ортамызға қайта оралған асыл дініміз қалжыңдап болса да жалған сөйлеуге тыйым салады. Қалжыңның өзі рас болуы тиіс. Күлкі болсын деп алдап, өтірік айтып, ауыр күнә арқалаудан сақ болуымыз қажет. Әзіл әңгімедегі өтірік сөздің адамға үлкен зияны тиеді. Бұл мұсылманға жат әдет.

Қандай әзіл болмасын өз мөлшерінде болса, яғни, тамаққа қосылған тұздай әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған кезде тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянына көз жүгіртсек, салмақты, сабырлылығына қарамастан, үнемі жымиып жүргенін және орнымен әзілдескенін оқимыз. Ол кісі үлкенге де, кішіге де жұмсақ әзілдер айтқан екен. Адамдар одан: «Уа, Алла Елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?» деп сұрағанда: «Иә, мен әзіл айтамын, бірақ арасына өтірік араластырмаймын» – деп жауап берген. (Тирмизи). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзілдің өзінде өтірікті тастаған адамға жәннаттың ортасынан үй беретіндігін айтқан. (Әбу Дәуіт). Сахабалар да өзара және Пайғамбармен әзілдесетін. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмауын талап ететін.

Жалпы, өтірік жамандыққа, ал жамандық тозаққа бастайды. Дегенмен шариғатта кей жағдайларда өтірік айтуға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Үмму Гүлсім (р.а) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтірік айтуды үш жерден артық рұқсат бергенін естімедім деген: бір адам екі жақты жарастыру мақсатымен айтса (яғни келіспей қалған екі тарапты); бір адам соғыс кезінде (айла үшін) айтса; күйеуі әйелімен сөйлескен кезде және әйелі күйеуімен тілдескен кезде». (Мүслім) Ерлі-зайыптылар арадағы көркем қатынасты сақтау үшін өтірік айтса болады. (Мысалыға, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне: «Сен бәрінен де әдемісің», – деп айтуы). Ал одан басқа ниет көзделсе, онда өтіріктің қай түрі болмасын – харам.

Сонымен қатар, өлтірмекші болған залым адамнан мұсылман жасырынып қалса, жасыру мақсатында өтірік айту міндет болады. Бір адам мұсылманның мал-мүлкін қақысыз тартып алмақшы болса, жоқ екенін айтып құтылуға болады. Бір адам біреудің қандай күнә жасағанын сұраса, одан бас тарту керек. Өйткені, бір істің ашылуы екінші бір іске жол ашады. Ал, Алла Тағала біреудің айыбын жасырушыларды жақсы көреді. Бауырының абыройын қорлау үшін біреу сырын айтып беруді өтінсе, қайтару керек.

Иә, өтірік айту, тіпті қалжыңдап болса да жалған сөйлеу ауыр күнәлардың қатарына жатады. Сол себепті, 1-сәуір күлкі күні деп бір-бірімізді алдап, күнә арқалап қалудан сақ болайық.

Нұр МЕКЕН.

 

 

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика