Дулат БАЙЗАҚОВ, Созақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Дулат Есалыұлы, қазіргі қызметтің тізгінін қолға алғаныңызға екі жылға жуықтап қалған екен, осы аралықта тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде қандай игі шаралар жүзеге асырылды?
– Аудан бойынша 10 ауылдық округ пен 2 кенттегі 35 елді мекеннің бүгінгі таңда 97 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырларымен қамтылған. Оның ішінде 19 елді мекен тәулік бойына, 9 елді мекен белгіленген уақыт аралығында ауыз сумен қамтылған. Аудан көлемінде орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілмеген Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты су қоры бекітіліп, 2021 жылы ауыз су тарату нысаны үшін мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеу үшін аудандық бюджеттік комиссияға және Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қаржы бөлуге сұраныс берілген.
Алдағы атқарылар жұмыстарға келсек, биыл «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ендігі жерде құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлу үшін Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс берілген. Сонымен қатар, Құмкент ауылындағы ауыз су тарату нысанындағы су тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралды. Алдағы уақытта мердігерді анықтап, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Қарақұр, Қозмолдақ ауылдарының тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталды. Қор бекітілгеннен кейін жобалық сметалық құжат әзірленетін болады. Сондай-ақ, экономикалық жағынан тиімсіз болып есептелетін Қақпансор және Қоңыратарық елді мекендерінің тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорын бекіту жұмыстары ұйымдастырылуда.
Сызған ауылын сумен қамту үшін облыстық басқарма арқылы жер асты су қоры бекітілген. Қазіргі таңда су тарату нысаны үшін жер теліміне мемлекеттік акті алу жұмыстары жүргізілуде. Жеткеншек елді мекені жер асты суларының деңгейін төмендету үшін 2021 жылдың қыркүйек-қазан айларында 7 шақырымға жуық дренаждық желі қазылып, 16 өткел мен диаметрі 400, 600, 800 және 1000 мм, жалпы ұзындығы 125 метр құбыр қойылды.
– Бүгінде көптің көкейінде жүрген сұрақ – газ тарту мәселесі. Осы тұрғыда аудан жұртшылығына айтарлықтай нендей жаңалығыңыз бар?
– Арнайы жоба аясында 2019-2021 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Созақ ауданына дейінгі магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы аралығында 840 дана бағана орнатылып, 15 шақырым электр желілері жүргізіліп, төрт дана найзағайдан қорғау құрылғысы орнатылды. 43,8 шақырым құбырға арналған траншея дайындалып, құбырлар дәнекерленіп, 98 пайызы траншеяға көмілген және АГТС қондырғыларының орындары дайындалған.
Қалған қаржы биылғы жылға бөлінген жағдайда АГТС қондырғылары орнатылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталатын болады. Оның ішінде аудан орталығын табиғи газбен қамту жайын айтар болсақ, «ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021 жылы 140 шақырымды құрайтын 80-ге жуық көшеде орналасқан 3354 абонентке газ құбыры жүргізілді.
– Жол – өмірдің қайнар көзі, байланыс қызметін атқаратын маңызды нысан. Әрбір мемлекет үшін маңызы орасан осынау жолдың ауданымыздағы жағдайы қалай, сапасы талапқа сай ма?
– Аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 435 шақырымы облыстық, 79 шақырымы аудандық маңызы бар, ал 403 шықырымы елді мекендердің ішкі жолдары. 2021 жылы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын 44 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Қалған 5 көше биылға өтпелі. Аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 195 шақырымы асфальт болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ол 219 шақырымға жетіп отыр.
Бұйыртса, биыл асфальтты бетон жабындысы төселмеген аудандық маңызы бар, 0,8 шақырымды құрайтын «КХ-2-«Созақ-Тасты-Қылти» автомобиль жолына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының І траншы бойынша аудан аумағындағы елді мекендер ішілік 30,4 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржы қаралды.
– Кезек күттірмес шаруалардың бірі, көпшілік жиындарда жиі айтылатын елді мекен ішіндегі көшелерді жарықтандыру жұмыстары туралы да айта отырсаңыз?
– Аудан бойынша елді мекен ішілік 343 көшенің қазіргі таңға дейін 104-і жарықтандырылған. Оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 74 көше жарықтандырылса, 34 көше шамдары энергия үнемдегіш және жарамдылық мерзімі ұзақ, экологиялық тиімді жарық диодты лампалармен алмастырылған. Қалған 30 көше ауылдық округтер мен кент әкімдері аппаратының теңгерімінде.
Аудан бойынша жарықтандыру шамдарын жағу және өшіру тетігі автоматтандырылған. 2021 жылы Шолаққорған ауылының Қазыбек би, Ордабасы, Аймұрзаев, Жылысбаев, Жәйшібеков көшелерінің қалған бөлігі жарықтандырылды. Биыл Ш.Оқшиев көшесіндегі жарықтандыру желілері жаңғыртылатын болады.
– Дулат Есалыұлы, өзіңіз де білесіз, аудан тұрғындарымен болған кез-келген жиында ең көп көтерілетін тақырып – электр энергиясы. Осы салада атқарылып жатқан жұмыстармен де оқырманды таныстырып өтсеңіз.
– 2021 жылы Шолаққорған ауылының Тастыбаев көшесіне 1 трансформатор орнатылып, 2 шақырым, Оспанов көшесіне 500 метр СИП кабель жүргізілді. Сонымен қатар, Н.Төреқұлов және М.Әуезов көшелеріне 2 трансформатор орнатылып, электр желілері жүргізіліп, тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылды. Жеткеншек елді мекенінің атауы жоқ №6 көшесіне 1 трансформатор орнатылып, СИП кабель жүргізілді.
Биылғы жоспар бойынша Жартытөбе ауылындағы С.Сейфуллин, Б.Төлебаев және Т.Әлімқұлов көшелерінің электр қуатын жақсарту мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттік комиссияға сұраныс берілді. Бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда аталған көше тұрғындары биыл сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылының А.Рахышұлы, Атамекен, Өркениет, Бірлік және Ынтымақ көшелері тұрғындарының электр жарығының сапасына қатысты түсірген өтініштеріне сәйкес, қазіргі таңда біздің бөлім тарапынан сметалық құжаттама әзірленуде. Алдағы уақытта қаржысы нақтыланып, бюджеттік комиссияға ұсынылатын болады.
– Дулат Есалыұлы арнайы сұхбат беруге келісіп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға нақты, әрі шынайы жауап бергеніңіз үшін рахмет?!
Сұхбатты жүргізген Мақсат Қарғабай,
Созақ ауданы.