«Мектептерде тәртіп қашан орнайды?»

Мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылданғанына да бірнеше жыл болды. Бірақ мұны кейбір ұстаздар қауымы тек қана басылымдарға жазылмау, сенбіліктерге шықпаумен шектеп алған секілді. Мұнымен мұғалімдердің мәртебесі көтеріліп жатыр ма? Менің ойымша олай емес. Керісінше төмендеп бара жатқан секілді. Газет-журнал оқуды, рухани кемелденуді қош көрмейтін ұстаздар арасында небір сорақылықтар орын алып, тіпті, бірін бірі сотқа сүйрелеуді әдеттеріне айналдыра бастағаны байқалады.

Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы «Завучтың» хикаясын жалпақ жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Сол аудандағы тағы бір «ұлағатты ұстаз» жалаңаш суретін желіге жариялаймын деп, қызметтен кетуге мәжбүр болды. Шардара ауданында да бір мектептің «завуч» апайы ешкімді тыңдайтын сыңай танытпай жүр екен. Тіпті, дау сотқа дейін жетіпті. Мұндай келеңсіз көріністерді өзге аудандардың білім ұяларынан да кездестіруге болады. Сонда біз балаларымыздың болашағын кімдерге сеніп тапсырып отырмыз? Осындай ортадан тәлім алған оқушылар мектептен білім мен тәрбиені қатар алып шығу орнына, бірінің үстінен екіншісі арыз-шағым жазуды, қалай ұрысып-төбелесуді үйреніп шықпасына кім кепіл?!

Мұғалімдердің сауатсыздығы туралы да ел арасында аз айтылып жүрген жоқ. Олардың «Күн жерді айналады, Алматы Ресеймен шекараласады» деген сөздерін естігенде жағамызды ұстауға мәжбүр болғанбыз. Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдап, олардың жалақысын өсіргендегі жеткен жетістігіміз осы болғаны ма?

Мен Кеңестік дәуірдің тәрбиесін алып, сол кезеңде жұмыс істеген адаммын. Мектепте ұстаздық еттім. Ол кезде мұғалім мәртебесі ешқандай заңмен қорғалмаған еді, бірақ халықтың ұстазға деген құрметі мен қошеметі ерекше болатын. Төр мұғалімге ұсыналатын. Сонысына қарай мұғалімдер де өздерін қай ортада болсын мәдениетті ұстап, мәдениетті киінетін. Өзімнің замандастарым мен қазіргі мұғалімдердің деңгейі салыстыруға келмейді. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ұлтымызды құрдымға құлатады ма деген уайымым басым. Болашағымыздың баянды болуын қаласақ, жақсылап ойланайық, ұстаздар қауымы! Мектептерде қатаң тәртіп пен терең білім салтанат құруы тиіс.

Қ.Рамадан,

Сарыағаш ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған