Мәуліт жырында пайғамбар дүниеге келгенде жеті қат көк пен жеті қат жер, он сегіз мың ғалам оны көруге келеді. Бір-бірінен: «Пайғамбар дүниеге келді!» — деп, сүйінші сұрайды. Бүкіл періштелер зияраттап оның үйіне келеді. Олар дүр гауһарлар мен әр түрлі сыйлықтар тарту етеді. Жаңа туған балаға:
– Рахымның нұры келді!
- Үмбеті көп болсын!
- Үмбеті Алланың досынан болсын!
- Дені сау болсын! – деп дұға-тілектер айтады.
Мәуліт жырында жиі айтылатын бұл сюжет қазақ арасына тарап, пайғамбардың сүндетіне айналды. Жаңа туған нәрестеге көрімдік беру, құтты болсын айтып сүйінші сұрау, тілек айту рәсімдері қазақ дәстүрінің бір бөлшегін құрапты.
Бала емізудегі тыйым
Әйел бала емізгенде жалаң бас отырмайды. Қазақ ырымында шайтан әйелдің шаштағы кірін бөпе еметін сүтке араластырып жібереді екен. Осыдан баланың жаны кірленіп, бойына жамандық ұялайды. Есейгенде мәңгүрт, безбен, тілазар болады деп сенеді. Сондықтан көзі ашық кісілер келіннің шашын жауып отыруына аса қатты мән берген екен.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы хрестоматиясынан.