Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Партиялардың саны емес, сапасы маңызды

Партиялардың саны емес, сапасы маңызды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында партия құру үшін ендігіде 5 мың қол жеткілікті болатынын айтты. Бұл, әрине жақсы жаңалық болды. Дегенмен, осы жайттан кейін жаңа партиялар қатары тым көбейіп кетпес пе екен деген ой да мазалайды.

Мен саясаткер емеспін, бірақ елдегі, шетелдердегі саяси жағдайларды мұқият саралап жүретінім бар. Менің пайымдауымша, көп партиялылық демократияның белгісі емес. Небәрі екі партиямен де демократияның әлемдік үлгісін көрсетуге болады. Оған Америка дәлел бола алады. Бұл елде демократиялық және республикалық деген екі-ақ партия бар. Сол екеуінің бәсекеде бәсі жоғары болғаны билікке келеді, Сенатта да үстемдікке ие болады.

Біздің елге көппартиялық жүйе пайда әкеледі дегенге сене қоймаймын. Айталық, қазірдің өзінде саясат сахнасында 6-7 партия көйлеңкесін көрсетіп жүргенімен, халық үшін атқарып жатқан шаруасы қане? Алдағы уақытта партиялар санын 10, тіпті 20-ға жеткізейік, сапа, салмақ болмаса бәрі бекер. Әркім қалауынша партия құра бергеннен ахуал өзгермейді.

Естуімше мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да сала мамандары өз алдына жеке партия құруға дайындалып жүргенге ұқсайды. Бастама қарқын алар болса, ертеңгі күні әр сала, әр жүз, әр ру өз алдына партия құрып алса таңқалуға болмас. Сол кезде «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келмесіне кім кепіл?

Менің ойымша елімізде шынайы жағдайда құрылған, тиянақты бағдарламасы бар, бәсекеге қабілетті екі партия болса жеткілікті. Сосын биліктің саясатына қарсы көзқарастағы партиялардан қорқудың қажеті жоқ. Олардың көшбасшыларын қысымға алуға да болмайды. Халықтың игілігі үшін қызмет етіп, тұрғындардың тұрмыстық, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге парасат-пайымы жетеді ме, дәлелдесін. Бәсекеге қабілетті екенін көрсетсін. Былайша айтқанда, қай партияның ұстанымы мықты, салмағы басым сол партия өкілдері көш бастасын. Ел тізгінін қолға алсын, халыққа қызмет етсін. Ал партия басшысын мүшелердің өздері сайлауы тиіс. Бізге қазір керегі сан емес, сапа!

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика