Сүйінші сұрау

Ыбырайым пайғамбар көпке дейін бала сүймейді. Бірде Бибіажар анамыз ұл босаныпты. Пайғамбардың қуанышы қойнына сыймай, жұрттан сүйінші сұрапты. Ұлық Алла да оның қуанышын бөлісіп:

  • Мендей мәрт Құдайға жомарттық қана жарасады. Сүйіншіңе атағаным болсын. Ақырдың соңында шығатын досым Мұхамбеттің нұры осы ұлыңның белінен тарайды, — депті.

Осыдан бастап ел ішінде біреудің шаңырағында қуаныш болса, ол жұртпен бөлісіп, сүйінші сұрайды. Ел-жұрт та оның қуанышымен бөлісіп, байғазы береді екен.

Бұл үрдіс барлық пайғамбардың тұсында жалғасып отырған. Исламда да осыған орай мынадай аңыз бар.

Сахабалардың бірі Әбу-Лақапты түсінде көріп, оның жағдайын сұрапты.

  • Жағдайымның несін сұрайсың? Ұлық пайғамбардың жақын ағасы болсам да Алланың рахметінен мақұрым қалдым. Мені қара басты. Алланың досымен дұшпандасып, оған зарар бердім. Ақырында Құдайдың қаһарына ұшырап, жаһаннамға түстім, — дейді. — Бірақ, соның өзінде Алла маған екі түрлі жеңілдік жасады. Ол менде ғана бар. Біріншісі: дүйсенбінің түнінде мені азаптау толық тоқтайды. Екіншісі: сол күні шаһадат бармағымды сорсам, одан салқын су шығады. Шөлімді қандырып рахаттанамын.
  • Не себептен олай? – деп сұрайды сахаба.
  • Мұхамбет пайғамбар дүйсенбі күні түнде туды. Менің күңім бұл хабарды айтып, менен сүйінші сұрады. Сол жолы шын қуанып, күңімді құлдықтан азат еттім. Соның құрметіне Алла мені бір күн азаптан босатады. Сосын күңіме:
  • Үйдегі шұбатты алып, Әминаға апар. Күш-қуаты сарқылып, әлсіреп жатқан болар. Шұбат ішіп, әл жинасын. Омырауына құнар бітсін, — деп едім. Соның шарапатынан болар дүйсенбіде бармағымды сорсам, шұбат шығады. Жаным жай табады, — депті.

Сахаба ертесіне көрген түсін пайғамбарға айтып береді. Сонда пайғамбар:

– Бұдан бұлай кез келген қуанышты сүйіншілеңдер, сүйінші сұраған кісіні құр қол қайтармаңдар. Шамаларың жетсе, сыйлық беріңдер, – депті.

«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы хрестоматиясынан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған