Түлкібас ауданында көркейту, көріктендіруге көп көңіл бөлінгендіктен, әсіресе көктем шыға ауыл-аймақ ажарлана түседі. Биыл абаттандыру бойынша тағы да екі нысан жүзеге аспақ. Бұл жөнінде аудан әкімі Н.Байғұттың төрағалымен өткен аппараттық мәжілісте аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Бейсеев баяндады.
Сонымен қатар елді мекендерде ағаш егу мәселесіне көңіл бөлініп отырғаны тілге тиек болды. Барлық ауылдық округ, кент әкімдері тұрғындарды ағаш егуге жұмылдыра білгені жөн. Ал көктемгі егістік жұмыстарына дайындық мәселесіне орай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Керімқұлов баяндама жасады. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін аудан шаруалары жоспарланған 28,8 мың га жердің 27,7 мың га өңдеп, егіс еккен.
Аудан аумағында жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Қалдарбеков баяндады. Бөлім басшысы «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», тағы басқа да бағдарламалар бойынша атқарылған және атқарылатын шаруалар туралы нақты мәлімет ұсынды.
Аудан басшысы Н.Байғұт әлі де болса жұмыссыздық бойынша бөлім мен ауылдық округ, кент әкімдерімен бірлесе анализ жасауы керектігін тапсырды. Сондай-ақ, елді мекендердегі арық пен каналдардағы су мөлшерін бақылау, тазалау, бұлақ көздерін ашу, дүкен мен базарлардағы күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын бақылау, тұрақтандыру бойынша тиісті бөлім мен ауылдық округ, кент әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.