Әлемнің 33 елімен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасалды

  • Білесіз бе?

Сұрақ: Еркінбек:

–КВИ-ға қарсы екпе алуға барған болатынмын. Неліктен КВИ-ға қарсы «Комирнати» вакцинасын алу үшін 6 адамның жиналуын күту керек? Жалпы вакцинаның осы түрі туралы ақпарат алғым келеді.

Жауап:

–«Комирнати» (Phizer) вакцинасымен 12 жастағы және одан асқан барлық адамдар егіле алады. «Комирнати» вакцинасымен КВИ-ға қарсы егу бірінші дозадан кейін 21-28 күн интервалмен екі рет жүргізіледі.

«Комирнати» (Phizer) вакцинасы орталық қоймада 9 ай бойы минус 60-90 градус Цельсий температурада, медициналық ұйымдарда 1 ай бойы плюс 2-ден плюс 8 градус Цельсийге дейін температурада сақталады. Осыған байланысты вакцина медициналық ұйымдарға, тұтынуы ескеріле отырып, аз мөлшерде жеткізіледі.

Негізгі сұраққа жауап берсем,  «Комирнати» (Phizer) вакцинасы бір құтыда 6 дозадан болады. Вакцинаның ашылған құтысы плюс 2-ден плюс 8 градус Цельсийге дейін температурада 6 сағатқа дейін сақталады. Содан кейін вакцина егуге жарамсыз болады. Осыған байланысты, вакцинаның негізсіз есептен шығарылуын болдырмау үшін құтының мөлшерін ескере отырып, егілетін адамдар санының жиналғаны маңызды, яғни қысқа уақыт ішінде 6 адамды егу керек, сол себепті бұл мәселеге түсіністікпен қарауды сұраймыз.

Сұрақ: Нұржамал:

Шетелге шығуым үшін КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайтадан қалай алуым керек? Вакцинация паспорты қай елдерде өзара танылады?

Жауап:

–Шетелге шығатын адамдарға растайтын құжатын ұсына отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналармен КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайта алуға болады. Бұл ретте вакцина сапарға шығатын елдің талаптарына байланысты таңдалады. Егілетін адамнан немес оның заңды өкілдерінен профилактикалық егу курсын қайта жүргізуге жазбаша түрде хабардар етілген келісім алынғаннан кейін КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайта жүргізуге рұқсат етіледі.  Вакцинация курсын қайтадан алу үшін шетелге шығуды растайтын мынадай құжаттарды ұсыну керек: виза (туристік, қонақ, іскерлік), оқуға, емделуге шақыру, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға, конкурстарға конгрестерге және т.б. қатысатынын растайтын құжат.

Қазіргі уақытта әлемнің 33 елімен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасалды, олар: Аргентина, Белиз, Боливия, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Грузия, Индонезия, Иран, Иордания, Испания, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Черногория, Эстония, Жапония, Шри-Ланка, Эквадор елдері.

 

Сұрақтарға Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы  Әбдіманап Төлебаев жауап берді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған