Ораза ұстау
Адам ата мен Хауа ана пейіште тыйым салынған бидай дәнегін жейді. Бұған дейін қалдық шықпайтын жұмақтың ең асыл тағамдарын таңдап жейтін еді. Тұңғыш рет жерде өсетін тамақты жегендіктен, адамның асқазаны бірінші рет ас қорытып, нәжіс шығаратын болды. Онда пейіштің былғанатыны анық еді. Сол кезде Ұлық Алла қаһарына мініп, Адам ата мен Хауа ананы жәннаттың мәртебесінен айырады. Алланың әмірімен олар пейіштен қуылып, жерге түседі.
Жеп қойған бидайдың қалдығы адамның асқазанында отыз күн қорытылмай жатып қалады. Одан түгел тазару үшін Алла оларға отыз күн ораза ұстауға әмір беріпті. Содан бастап Рамазан айында отыз күн ауыз бекітіп, ораза ұстау мұсылманға парыз болып бекіпті.
Жарамазан айту салты
Адам ата мен Хауа ана алғаш рет отыз күн ораза ұстапты. Ұлық Алла періштелеріне:
– Адам ата мен Хауа ананың шаңырағына барып, зікір-салауат айтасыңдар. Менің орынбасарым сәресіге тұрғанда құлағына әсем әуен келсін. Онда менің Ұлықтығым мен мейірім-шапағатым білініп тұрсын. Рухтарына қуат берсін, — дейді.
Періштелер сахар кезінде Адам мен Хауаның шаңырағына барып, зікір-салауат айтыпты. Әсем әуеннің әсерінен Адам мен Хауаның бойына күш бітіп, кешке дейін ауыз бекітіп жүреді. Қас қарайып, ауыз ашар кезде Ұлық Алла періштелерді жұмсап:
– Адам мен Хауаны қуантыңдар. Ауыздарын ашсын. Менің разылығымды алу үшін кешке дейін ас жемей, ауыз бекітті. Мен ризамын, – дейді.
Періштелер Алланың сәлемін Адам ата мен Хауа анаға жеткізіпті. Діни қиссалардың баяндауынша, періштелер отыз күн бойына зікір-таспиқ айтқан екен. Бүл үрдіс жарамазан деп аталыпты.
Жұрт мұсылманшылыққа өткен кезде Мұхаммет пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны үмбеттеріне парыз етеді. Құдайдың ризашылығы үшін отыз күн ораза ұстап, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жемнен тыйылу әрбір мұсылманның міндетіне айналады. Бірақ алғашқы уақытта сахарда ұйқысынан тұра алмай қиналады екен. Сол кезде пайғамбар Асан мен Үсенге:
– Сахабаларды әндетіп оятыңдар, — дейді де, Адам ата мен Хауа анаға шырқаған періштелердің жарамазанын үйретеді. Асан мен Үсен төрт шадиярдың үйінен бастап барлық сахабаларды оятып шығады. Оразаның нығметтерін, пайдасын көркем тілмен кестелеп жеткізеді. Пайғамбарға үздіксіз салауат жолдап, оның тағылымды өсиеттерін өлеңмен өрнектейді. Мұхаммет пайғамбардың өмірін өнеге етеді. Оразаның сауабы, мұсылмандар арасында көп дәріптелетін жомарттық, мәрттік, адалдық сияқты қасиеттерді мадақтайды.
Исламда «жарамазанды» «шахри рамазан» сөзінен шыққан деп те айтады. Яғни «рамазан айы» деген мағынаны білдіреді. Келе-келе мұсылмандар ешкім оятпаса да, өздері ерте тұрып, сәресін ішуге дағдыланады. Бірақ жарамазан айту жоралғысы ұмытылмайды.
Бұл салт күні бүгінге дейін қазақ арасында сақталып қалған. Оның көптеген үлгілері ел арасына кеңінен таралған.
Жарамазан жыры
Айтамын жарамазан жар басына,
Кірендер қауын артар арбасына.
Отыз күн ораза тұт, оқы намаз,
Пейіштің қолың жетер алмасына.
—Ассалаумалейкум, айттым сәлем,
Алланың бір есімі — Құран Кәлем.
Мұхамбет үмбеті айтқан жарамазан,
Алланың елшісіне жүз мың сәлем!
Айтуға жарамазан жаңа келдік,
Көргелі, көріскелі сәлем бердік.
Келеді деп те, кетті деп сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Айтамыз жарамазан есігіңе,
Ұл берсін Ер Әлідей бесігіңе.
Қыз берсін Бибіажар, Бәтимадай,
Не берсе де, бала берсін несібеңе.
Жарамазан айтамын отбасыңа,
Ырыс пен құт дарытсын Хақ басыңа.
Алмақ болсаң ұжмақтан орын сайлап,
Ата-анаңның көңілін тап, бақ, асыра.
Жарамазан айтамын шаңыраққа,
Қоржынымды бос қойып қаңыратпа.
Сақилыққа жетерлік қасиет жоқ,
Жомарт ердің қауышар жаны бақта.
Жарамазан айтамын үйіңізге,
Кие дарып, көркейсін күйіңіз де.
Көршіңізбен болыңыз тату-тәтті
Насихатты жүрекке түйіңіз де.
Жарамазан айтамын жағалата,
Жақсы сыйың бар болса, маған ата.
Жарамазан айтқанда періштелер
Жолдаған Хаққа мадақ Адам ата.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық христоматиясынан.