Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыру, сабақта алған білімдерін дамыту мақсатында Отырар ауданындағы С.Әшіров атындағы мектепте жоспарлы пәндер бойынша айлықтар өткізілді. Сыныптан тыс ұйымдастырылған жұмыстардың дәлелі ретінде «Алгорифм» және «Сергек» бірлестіктерінің ұйымдастыруларымен «Ақыл-ойдың жүйрігі» атты айлығы өткенін айтсақ болады. Бірлестік жетекшілері айлықтың жұмыс жоспарымен таныстырып, оқушыларды пәндер бойынша іс-шараларға белсене атсалысып, өз білімдерін көрсетуге шақырды.
Математика пәнінің мұғалімі Ерқұлов Бауыржанның 8 «а»-сыныпқа «Орта мән. Дисперсия. Стандартты ауытқу» тақырыбында ашық сабағын өткізді. Сабақ барысында мұғалім оқушыларға жұптық, жеке, топтық тапсырмаларды орындатты. Оқушылар сабаққа өте белсенді қатысты. Оқушылармен кері байланыс жасалды. Білім алушылар сабақтың соңында өздерінің жинақтаған балы бойынша бағаланды.
Информатика пәні мұғалімі А.Төленова 8 «а»-сыныпқа «Программалауды үйренейік» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақ барысында заманауи тәсілдердің ең негізгі ерекшелігін қамтып, оқушылардың алған білімдерін, үйренген сабақтарын саралап қана қоймай, орынды пайдаланып, қолдана білулерін назарға ұстады.
Дене шынықтыру пәні мұғалімі Б.Айтбековтің ұйымдастыруымен 6-сыныптар арасында «Толағай» спорттық сайысы өткізілді. Сайыстың мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастыру, оқушылар арасында спорт мәдениетін кең тарату. Оқушыларды сұлу да сымбатты, денсаулығы зор, күшті болу үшін денені шынықтыру, оларға спортпен айналысудың қажет екендігін түсіндіру мақсатында өткізген бұл сайыс өте қызықты өтті.
Айлықта өткізілген іс-шараларды қорытындылау мақсатында сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Бірлестіктің ұйымдастыруымен өткен айлық қорытындысында 8 тәрбиелік іс-шара, 13 ашық сабақ өткізілді. Әрбір іс-шараға ұйымдаструшылар жеке тоқталып, белсене қатысқан сыныптар мен оқушыларды марапаттап, алғысын білдірді.
Мақпал Сейтбекова,
математика пәнінің мұғалімі.