Біздің сұхбат
Қарапайым жұртшылық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сұрақ әлі де көп. Осыған орай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевқа ел арасында жиі талқыланатын сұрақтарды қойған едік.
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Бұл ретте мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін жарналарды жүзеге асырады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлер үшін. Салық органдарында тіркелген жұмыскерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – өздері үшін. Осылайша, қаржылық ресурстарды тиімді бөлу қағидаты әрекет етеді.
Науқас МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілігіне қарай медициналық көмек алуға құқылы, бірақ алатын медициналық көмек көлемі дәрігердің тағайындауына байланысты болады. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді. Сапалы медициналық көмек көрсету, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етеді. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың жарна көлеміне қарамастан барлық медициналық қызметтер көрсетіледі.
Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есепшотына түседі. Қорға түсімдерді бақылауды Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізеді. Ал дербестендірілген есеп «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сақталады.
– Медициналық сақтандыру емдеу жүйесін жақсарта алды ма?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, МӘМС енгізілгенге дейін Қазақстанда денсаулыққа жұмсалған шығынның 700 млрд теңгеден астамы тұрғындардың қалтасынан шыққан. Былайша айтқанда, тіркелген емханада дәрігердің немесе белгілі бір қондырғының жоқтығына байланысты азаматтар медқызметті ақылы түрде алуға мәжбүр болды. Түптеп келгенде мәселенің тамыры қаржыға келіп тіреледі.
Мысалы, Түркістан облысы бойынша Қор медицина саласына 2019 жылы – 77, 7 млрд, 2020 жылы – 124,6 млрд, 2021 жылы 166,6 млрд теңге төледі. Яғни, медициналық қызметті қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Осынау қолдаудың нәтижесінде медициналық ұйымдар жабдықтармен қамтылып, дәрігерлердің жалақысы жақсарды. Сәйкесінше, науқасқа көрсетілетін медициналық қызмет көлемі де көбейді.
– МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандарға қандай медициналық көмектер көрсетіледі?
– Сақтандырылмаған науқас тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) тізбесіне кіретін қызметтерді, яғни жедел медициналық көмекті, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ала алады. Оның ішінде, учаскелік дәрігердің қабылдауы, ауруларды диагностикалау және емдеу, профилактика, сауықтыру, иммундау, салауатты өмір салтын ұстану, патронаж, созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық (диспансерлік) бақылау, созылмалы аурулар мен әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу кезінде күндізгі стационарда және тәулік бойы стационарда медициналық көмек көрсету, туберкулез бойынша медициналық оңалту, паллиативтік көмек, транспланттау, шетелде емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бар.
МӘМС үшін жарна төлемеген жағдайда, медициналық мекеме пациентке тегін көмек көрсетуден бас тартпауы тиіс. Ал жан-жақты тексеруден өтіп, медициналық қызметтерді (бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық зерттеулер, жоспарлы операциялар, соның ішінде қымбат тұратын операциялар, т.б.) кеңінен пайдалану үшін МӘМС жүйесінің қатысушысы болғаны дұрыс. «Сақтандыру» ақпараттық базасының деректеріне сәйкес, Түркістан облысының 2 014 057 тұрғынының ішінде сақтандырылған халық саны 1 634 519 (81,7%) құрады.
– МӘМС салықтың бір түріне жата ма?
– Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңның 484-бабына сәйкес, МӘМС салық салу нысанына жатпайды. Яғни, МӘМС – ай сайын еңбекақыдан алынатын жарна. Себебі, МӘМС-ті мемлекеттік жеңілдікке ие болған азаматтар төлемейді, олар үшін мемлекет төлейді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан 15 жеңілдік санатындағы азаматтардың саны 11 млн 195 мыңға жетті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 92-1 бабына сәйкес, жұмыс берушілердің, дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды немесе жарналарды төлемеуі, уақытылы немесе толық төлемеуі түрінде орындамауы не тиісінше орындамауы – ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал жұмыспен қамту орталығына тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС-ті мемлекет төлейді. Орталыққа ресми тіркелмеген жұмыссыз азаматтар МӘМС үшін жарнаны дербес төлеуші ретінде төлем жүргізілмеген айлар үшін 3000 теңге төлеуі керек. Алайда төлемді соңғы 12 айдан аспайтындай мерзімде төлеу қажет.
– Медициналық ұйымдардың қызметіне бақылау жүргізіледі ме? Мысалы, емделушінің құқығын бұзса оларға қандайда бір шара қолданылады ма?
– Медициналық сақтандыру қорымен шарттық қатынастар жасасу кезінде медициналық ұйым өзіне тіркелген халықты сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету міндеттемесін алады. Мұнан соң, Қор медициналық ұйымнан осы міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы. Қор пациенттің құқықтарын қорғаушы ретінде МӘМС жүйесінде, тегін медициналық көмектің көлемі бойынша тұрғындарға көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне жоспарлы мониторинг жүргізеді. Айта кетерлігі, медициналық көмек көрсету барысында кемшілікке жол берген денсаулық сақтау субъектілеріне айыппұл санкциялары қолданылады. Сонымен қатар, Қор тарапынан проактивті мониторинг жүргізу тәжірибеге енгізілді.
Яғни, шарттық міндеттемелерді орындамау фактілері анықталған жағдайда медициналық ұйым оларды жоюға және тиісінше орындауға қорытындыға қол қойылған күннен бастап 45 күнтізбелік күн беріледі. Егер ақау мерзімінде жойылмаса, медициналық ұйымға айыппұл салынады. Медициналық қызметтерге ақы төлеу қайта мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана іске асады. Яғни, факт бойынша көрсетілген, құжатпен расталған және клиникалық хаттамалардың барлық стандарттары мен ұсынымдарын сақтаған қызметтерге ғана төленеді. Нақты мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы Бірыңғай төлем жүйесі бойынша 86 033 ақау анықталды. Оның ішінде 51 468 консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету кезіндегі кемшіліктер, 2156 емдеу-диагностикалық іс-шаралардың денсаулық сақтау саласындағы стандарттардан, ережелерден, клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқу фактілері, 6 874 медициналық құжаттаманы дұрыс ресімдемеу, 4 көрсетілген медициналық қызметтердің расталмауы анықталды.
– Өңірде медициналық қызметтің қолжетімділігін жақсарту үшін қандай іс шаралар қолға алынбақ?
– МӘМС жүйесі «ақша пациенттің соңынан ереді» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Пациенттің қандай да бір тексерулерден өту кезінде Қордың көрсетілетін қызметтерін берушілер тізбесінен медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар. Ол үшін учаскелік дәрігердің немесе өз емханасындағы бейінді маманның жолдамасы болуы қажет. Қажетті медициналық қызметті алу үшін қормен келісімшарт жасасқан клиникалардың кез келгенін таңдауға болады. Азаматтар мамандардың консультацияларын алуға, диагностикалық процедуралардан өтуге, оның ішінде жекеменшік медициналық ұйымдарда ақылы негізде емес, медициналық сақтандыру аясында учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша өтуге мүмкіндігі бар. Олар алған қызметтер үшін төлемді Қор жүргізеді. Сондай-ақ тіркелген жері бойынша емханада қызмет көрсету мүмкіндігі болмаған жағдайда дәрігер осы қызметтерді көрсетуге бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық ұйымға жолдама беруі тиіс. Сол сияқты пациент осы қызметті көрсететін қордың жеткізушілері арасынан медициналық ұйымды өзі таңдай алады.
Бүгінде Қор филиалы Түркістан облысы бойынша 84 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасасты, оның ішінде 42 клиника – жекеменшік. Жыл сайын жеке сектордың үлесі өсуде, нарықта елеулі бәсекелестік болуда. Бұл – пациенттің ең жақсы клиниканы таңдау мүмкіндігі.
Амбулаториялық емхана деңгейіндегі көмек пен стационарлық көмектің көлемі ғана емес, сапасы да едәуір өскен. Алғашқы жылдың қорытындысы бойынша, Түркістан облысында консультативтік-диагностикалық көмек көлемі 2 есеге артты. Оның ішінде, 3 974 863 рет салалық мамандар консультациясын беріп, оған 7,7 млрд. теңге төленді. Өткен жылы түркістандықтар жалпы құны 1 млрд. теңге көлемінде диагностикалық және стоматологиялық қызметтерді пайдаланды. Сонымен қатар, науқастар 1,5 млрд. теңгеге 137 612 рет КТ/МРТ зерттеуден өтті.
Медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізімі Қордың fms.kz сайтында орналастырылған. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда емхананың анықтама қызметіне немесе Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуға болады. Егер ол жерде мәселе шешімін таппаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot секілді байланыс арналары арқылы хабарласуға болады.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Әңгімелескен Ж.Шалабаева.