Гүл ек, тал ек, мектебіңді жасыл ет

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, Ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір-қасиеті ананың ақ сүтімен тұла бойыңа тарайды. Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса күні ертең дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес.  «Ақ алтын» жалпы орта мектебінде де жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары көктем мезгілінде басталып, қара күзге дейін жалғасады. Мектебіміздің директоры Қабай Маханбет Тұрсынбекұлының бастамасымен осындай игі іс биылғы жылы да наурыздың шуақты күнінде жалғасын тапты.

Алдымен арықтарды қоқыстан, шөп-шаламнан тазалап, сонан соң сенбілік ағаш отырғызу акциясына жалғасты. Мектебіміздің 2008 жылғы түлегі Бұланов Ғалымжан демеушілік жасаған акцияға мекеме қызметкерлері түгелімен қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Осылайша мектеп ауласына 80 түп шырша, 120 түп раушан гүлі және басқа да 80 түп тал отырғызылды.

Жаңару мен жандану айында мектебіміздің жасыл желекке айналуына үлесін қосқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз.

Азамат Ильясов,

«Ақ алтын» ЖОМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,

Шардара ауданы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған